Аймақтар • 22 Наурыз, 2019

Кентау трансформатор зауытының жұмысшылары елорда атын ауыстыру туралы шешімді қолдайды

1360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Кентау қаласындағы трансформатор зауытының жұмысшылары елорданың атын ауыстыру туралы шешімді бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Зауыт ұжымы Сарыарқа төрінде өзі бастамашы болып, іргетасын қалаған Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп атау дұрыс шешім екенін айтады

Кентау трансформатор зауытының жұмысшылары елорда атын ауыстыру туралы шешімді қолдайды

Кентаулық жұмысшылардың пікірінше, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  президенттік өкілеттілігін тоқтату жөнінде тарихи шешім қабылдады. Тәуелсіздігіміздің іргетасын қалап, қарыштап даму жолына түскен қуатты елге айналдырған Елбасымыздың бұл қадамы да даналық шешім деп санайды. «Нұрсұлтан Әбішұлы осы шешімі арқылы демократиялық құндылықтарды жоғары қоятынын көрсетті. Ұлт Көшбасшысы жастарға сенім артатынын айтты. «Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл - біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір», - дейді трансформатор зауытының жұмысшылары.

Айта кетейік, бүгінде «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның ұжымында 1300 адам жұмыс істейді. Олардың арасында отаншыл әрі жалынды жас мамандар бар. Елбасы жүргізген саясаттың арқасында бұл кәсіпорынға мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар көрсетілді. Нәтижесінде зауыт өндірген өнімді тек Қазақстан емес, шетел нарығына да шығаруға мүмкіндік туды. Сондықтан аталған ұжым Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз алғысын айтады. «Өз Жолдауларында, «Нұр Отан» партиясының съездерінде кәсіпкерлікке, отандық кәсіпорындарға қолдауын аямаған Ұлт Көшбасшысы алдағы уақытта да Қазақстанның өркендеуіне үлес қоса береді деп сенеміз»,-дейді «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның ұжымы.