Шарайна
Сейсенбі, 2 қазан 2012 6:42
Сайлауда дауыс беруден бас тартты
Кеше Грузияда парламенттік сайлау болып өтті. Онда «Грузин арманы» оппозициялық бірлестігінің көсемі, миллионер Бидзина Иванишвили дауыс беруден бас тартты. Ол өзінің шешімін биліктің республика конституциясын мазақ қылғанымен түсіндірді.
Сейсенбі, 2 қазан 2012 6:42
Сайлауда дауыс беруден бас тартты
Кеше Грузияда парламенттік сайлау болып өтті. Онда «Грузин арманы» оппозициялық бірлестігінің көсемі, миллионер Бидзина Иванишвили дауыс беруден бас тартты. Ол өзінің шешімін биліктің республика конституциясын мазақ қылғанымен түсіндірді.
Біздің биліктегілер Грузия конституциясын мың рет өзгертті, яғни оны өздеріне ыңғайлы етуге ұмтылды. Мен берілген мүмкіндікті пайдаланған жоқпын. Оның үстіне саясатқа әділетсіздік үшін емес, оны қалпына келтіру үшін келдім, деді Б.Иванишвили. Осылайша 1 қазан Грузияда демалыс күні болып жарияланды. Елде таңертеңгі сағат 8-ден 3,5 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істеді. Сайлауға барлығы 14 саяси партия мен екі блок қатысты.
Жағдайды түсіндіруді талап етті
«Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бірлестік» деп аталатын америкалық ұйым Молдово билігінен Иран танкерлерін республика туы астында тіркеумен байланысты жағдайды түсіндіруді талап етті. Молдово президенті Николае Тимофтиге аталған ұйымның атқарушы директоры Марк Уоллес тиісті хатпен шықты.
Хатта өткен қыркүйек айында Молдовоның туымен 11 иран танкері тіркелгені жазылыпты. Иран компанияларымен ынтымақтасқан Молдово, дейді хат иесі, Иранның ядролық бағдарламасына қарсы халықаралық күш-жігерді бос әурешілікке айналдырады. Қазіргі кезде басқа да бірқатар елдердің туын пайдаланған Иран танкерлері бар екені анықталған сыңайлы.
Жапонияда жарты үкімет жаңарды
Жапония премьер-министрі Есихико Нода кезектен тыс парламенттік сайлау қарсаңында биліктің рейтингін жақсарту мақсатында үкіметті жаңартты. Сөйтіп, министрлер кабинетінің 18 мүшесінің 10-ы жаңадан келгендер болып отыр.
Қазір білім және ғылым министрлігіне 2002 жылы сыртқы істер министрі орынтағында отырған Макико Танака ханым келді. Енді ол аумақтық таласқа байланысты нашарлап кеткен Қытаймен арадағы қарым-қатынасты «жөндеуі» тиіс. Танаканың Қытай басшылығымен тығыз байланысы бар көрінеді. Себебі, оның әкесі Какуэю Танака 1972 жылы премьер-министр болып тұрған кезінде Пекинмен жақындасуға қол жеткізіпті.
Чавес Обаманы жақтайды
Венесуэла президенті Уго Чавес егер өзі АҚШ азаматы болған болса, онда осы елдегі президенттік сайлауда Барак Обамаға дауыс берген болар едім деп мәлімдеді. Чавес кері жағдайда Обаманың да өзіне дауыс беретініне еш күмәнданбайды.
Президенттер қайта сайланған жағдайда Венесуэла мен АҚШ қалыпты қарым-қатынастың жаңа кезеңін бастар еді, дейді одан әрі Чавес. Венесуэла президентін сайлау алдағы 7 қазанға белгіленген. Ал америкалықтар өз мемлекеттерінің басшысын 6 қарашада сайлайтыны белгілі. Чавестің осындай жылы сөз саптасына қарамастан, екі ел арасындағы қарым-қатынас күрделі күйінде қалып келеді. Бір елде екінші елдің елшісі жұмыс істемейді.
Қаза тапқан солдаттың саны қанша?
Антитеррорлық операцияларға орай Ауғанстанда әлі де 55 мың америкалық әскери қалып отыр. Олар енгізілгелі 11 жыл болды. Осы аралықта қаза тапқан америкалық солдаттар мен офицерлер саны 2 мың адамға жеткен. Мұндай деректі «Ассошайтед пресс» агенттігі көлденең тартқан.
Brooking Institution тәуелсіз қорының мәліметтері бойынша, қаза тапқандардың 40 пайызы лаңкестердің қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларына түскендер болып табылады. Себеп-салдар тізімінің екінші орнында (шамамен 30 пайыз) өздеріне-өздеріне оқ жұмсау тұр. Ал британдықтардың шығыны 433 адам болса, қалған 633 әскери басқа елдердің үлесіне тиеді.
«Қылжақбас» азамат босатылды
28 қыркүйек күні 26 жастағы Павел Ондроуш Чехия президенті Вацлав Клаусқа ойыншық тапаншадан оқ жұмсап, қамауға алынған болатын. Ол бұзақылық жасады деп айыпталып, екі жылға дейін түрмеге қамалуы тиіс еді. Бірақ ИТАР-ТАСС оның қамаудан босатылғаны туралы ақпар таратты.
П.Ондроуш өзінің әрекетін үкімет басындағылар халықтың мұңына құлақ аспайтындықтан, ел тілегін осындай әрекеті арқылы жеткізбек болғанымен түсіндіріпті. Ал оқиға Храстава қаласындағы көпірдің салтанатты ашылуы рәсімінде орын алған еді. Президенттің күзеті болса, «бұзақының» іс-қимылына бірден жауап қайтаруға дәрменсіз болып шыққан. П.Ондроуш оқиға орнынан 100 метр алыстаған кезде ғана қолға түскен. Президент күзет қызметінің басшысы Йиржи Скленка сол күні-ақ отставка сұраған.
Қысқа қайырып айтқанда:
Германия канцлері Ангела Меркель «Мұсылмандардың пәктігі» фильміне наразылықтарға байланысты Туниске жоспарланған сапарын кейінге қалдырды. Жазда Тунис премьер-министрі Хамади Жебейли ресми сапармен Германияда болған еді. Сол кезде Меркель Туниске жауап сапар жасауға уәде берсе керек.
Кеше Эстонияда дәрігерлердің ереуілі басталды. Әзірше оған Таллинн ауруханаларының және Тартудағы бір клиниканың қызметкерлері қатысуда. Алда елдің басқа қалаларындағы медиктер де оларға қосылуы ықтимал. Олардың талабы дәрігерлердің еңбекақысын – 20, медбикелер мен санитарлардың еңбекақысын 40 пайызға ұлғайту болып табылады.
Ресей либерал-демократиялық партиясы «Яблоканың» серкесі Сергей Митрохинді РЛДП фракциясының депутаттары бизнеспен айналысады деп жалған ақпарат таратты деп айыптады. Партияның сайтында Митрохиннің сотта күтілетіні жазылыпты. Бұл жерде әңгіме Э.Маркин, Ю.Напсо, В.Семенов, В.Таскаев және С.Фургал туралы болып отыр
Интернет материалдары негізінде әзірленді.