1986 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында туып-өскен Игита өз елінде бірнеше жыл өнер көрсетіп, 2009 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Алғашқы маусымды Қарағандының «Тұлпарының» намысын қорғады. 2011 жылы Португалияның «Белененсишіне» ауысты. Көп ұзамай біздің елге қайта келіп, «Қайраттың» жейдесін киді. Алматылық командамен бірге көптеген халықаралық аренада толағай табыстарға қол жеткізді. Ел чемпионатында да сан мәрте үздік шықты.
2013 жылы ол Қазақстанның азаматтығын алып, ұлттық командамыздың сапында Еуропа чемпионатында қола медальді иеленді. Басқа да жауапты жарыстарда өрелі өнерімен көзге түсіп, сан миллион жанкүйердің жүрегін жаулады. «Umbro futsal awards» ұйымының шешімі бойынша үш мәрте әлемнің ең үздік қақпашысы болып танылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»