Қарағанды облысы бойынша қайырымдылық қорының өкілі Ақтоты Жүнісова «Харекет» қайырымдылық қорының ашылғанына небәрі бір жыл болса да, осы уақыт аралығында 82 отбасын баспанамен қамтамасыз еткенін айтты. Мереке күні Қарағанды облысындағы көп балалы анаға пәтер кілтін табыстаған.
Оның айтуынша, алты баланың анасы Ардақ оларға құжаттарын тапсырғанына бір апта ғана уақыт өткен, ал бүгін Майқұдық ықшам ауданында екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
- Үлкен рахмет, мен барлығына және «Харекет» қорына өте ризамын. Мен жесірмін, жалғыз өзім алты баланы асырап отырмын. Үлкен ұлым 21, ал кіші қызым 9 жаста. Бес жыл бұрын Қарағандыға көшіп келдік, осы уақыт ішінде біз пәтер жалдап тұрдық, өте қиын болды. Бірақ бүгін, Наурыз мейрамында маған тосын сый жасады, пәтер кілттерін табыс етті, мен өте қуаныштымын. Айта кететін жайт, қазір Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша мен сияқты көп балалы аналарға барлық қажетті көмек көрсетіле бастады. Бұл үшін Елбасына, жергілікті билікке және осындай қайырымдылық қорларға алғысымды білдіремін, - деді көпбалалы ана Ардақ Жұмабекова.
Айта кетейік, орталық саябақта Наурыз мерекесіне қарай 30 экспозициялық киіз үй мен 20-ға жуық сауда шатыры орнатылған. Мұнда «шеберлер қаласы» мен алтыбақан да бар.
Облыстық өлкетану мұражайы екі киіз үйді ұсынды. Онда Ұлы даланың жеті қырын бейнелейтін дәстүрлі қазақ қолөнері мен жәдігерлерін көруге болады.
Саябақта мерекелік іс-шаралар мен концерт жалғасуда. Сахнада халық ұжымдары мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солистері өнер көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда Наурыз мейрамын тойлау бір күнмен шектелмейді. 25 наурызға дейін қалада ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық жарыстар, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмелері, сұлулық байқаулары, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша отбасылық сайыстар өтеді.
Аула клубтарында ашық алаңдарда мерекелік концерттер мен ұлттық спорттық сайыстар ұйымдастырылды.