Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

Солтүстікқазақстандық полицейлердің қайырымдылық іс-шаралары

947 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыстың Ұлы күндері өңірдің тәртіп сақшылары бастамашылдығымен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, жүрек жылуымен, ізгі тілектерімен және сыйлықтарымен балалар мен қарттарды қуантты.

Солтүстікқазақстандық полицейлердің қайырымдылық іс-шаралары

«Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қайрат Оразалин бастаған қайырымдылық топ «Петропавл балаларға әлеуметтік қызмет көрсету» орталығында ауыр науқастан емделіп жатқан жүзден астам бүлдіршінге  сый-сияпаттармен қоса  вокалдық топтың  концерттік бағдарламасын  ұсынды.

«Мұндай  акциялар баршамыздың өмірлік мақсаттарымызды біріктіреді. Біз балалардың тезірек сауығып кетуін, қабақтарын мұң шалмауын  тілейміз»,  деді полиция полковнигі.

Жұмысшы кентіндегі қарттар үйінде тұрып жатқан отыз шақты зейнеткерге де тарту-тарылғылар үлестірілді. Солардың бірі 83 жастағы Валя  кейуананың ауруханадан шыққан беті екен.

Полицейлер Тайынша және Аққайың аудандарындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінде болды. Қайрат Оразалин биыл 100 жасқа толғалы отырған тыл еңбеккерін мерекемен құттықтап, гүл шоғын сыйлады. Мекемелерге тұрмыстық техника, ал тұрғындарға ән-күй тарту етілді.

Жамбыл ауданының аз қамтылған отбасыларынан 18 бала кинологтарда қонақта болды. Мамандар балаларды төрт аяқты көмекшілердің жұмысымен таныстырды. Мұнда балақайлар пониға мініп, серуендеді. Аквапаркті армансыз аралады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы