Қазақстан-Түркия: Стратегиялық серіктес елдер
Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:13
Биыл Қазақстан Республикасы көптеген елдермен дипломатиялық қатынасының 20 жылдығын атап өтуде. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемде еліміздің егемендігін бірінші таныған және алғашқылардың бірі болып Алматыда елшілігін ашқан Түркиямен дипломатиялық қатынастарымыздың 20 жылдық мерейтойы да атап өтілуде.
Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:13
Биыл Қазақстан Республикасы көптеген елдермен дипломатиялық қатынасының 20 жылдығын атап өтуде. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте әлемде еліміздің егемендігін бірінші таныған және алғашқылардың бірі болып Алматыда елшілігін ашқан Түркиямен дипломатиялық қатынастарымыздың 20 жылдық мерейтойы да атап өтілуде.
Осы орайда үстіміздегі жылдың 10-12 қазаны күндері өтетін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары қарсаңында екі бауырлас ел арасындағы байланыстардың қазіргі жағдайы туралы Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВҚА бірнеше сауал қойған едік.
– Елші мырза, Қазақстан мен Түркия арасындағы 20 жылдық кезеңдегі байланыстың қазіргі жағдайы туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстан мен Түркияның ғасырлар бұрын бір атадан өрбіп, бір қағанат құрамында болған түбі бір түркі халқының ұрпағы екені баршамызға белгілі.
Түрік Республикасы 1923 жылдан, ал Қазақстан Республикасы 1991 жылдан бері тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік сахнада бой көтерді. Алайда, Түркия – ХІІІ ғасырдан бастап Анатолы топырағында орналасқан Осман империясының, ал Қазақстан ХV ғасырда Орталық Азияда қалыптасқан Қазақ хандығының заңды мұрагері болып табылады.
Туыс халықтарымыз арасындағы байланыстар Қазақстанның тәуелсіз ел болып жариялануымен қайтадан жаңа қарқынмен жаңғырды. 1992 жылғы 2 наурызда орнатылған Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар осы жылдар ішінде екі бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстардан арна тартып, тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Қазақстанның егемен ел болып қалыптасып, әлемдік қоғамдастыққа кірігуіне тамыры тереңде жатқан туысқан түрік бауырларымыздың қолдауы мен тілеулестігі де оң ықпал етті.
Осы 20 жылдық мерзім ішінде екі ел арасындағы бауырластық және достық қатынастарға қаяу түсірмей, ынтымақтастықты мейлінше жоғары деңгейде дамытуға күш салынды.
Тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана уақыт ішінде елдеріміз арасындағы қатынастар өзара сенімнің биік дәрежесіне көтерілді. Жемісті ынтымақтастықтың айқын нәтижесі ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар достық, бауырластық және сындарлы үнқатысу бағытында дамуда. Мұның жарқын дәлелі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2009 жылғы қазандағы ресми сапары барысында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты айта аламыз. Бүгінгі күні Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестігін әлемдік қоғамдастық та мойындайды.
– Қазақстан мен Түркияның көпжақты ынтымақтастығының деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстанмен тарихи байланысы тереңде жатқан Түркия – бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі. Екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы, Қазақстан мен Түркия ұстанымдарының ұқсастығы көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз етуге негіз болуда. Бұл ынтымақтастық Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ және басқа бірлестіктер шеңберінде ойдағыдай дамып келеді. Атап айтқанда, 1992 жылы Қазақстан Президенті АӨСШК-ні құру жөнінде бастама жасаған сәттен бері Түркия осы үдерістің белсенді стратегиялық қатысушысы болып отыр. Оның АӨСШК-ге төрағалығы – екі бауырлас мемлекеттің ынтымағы мен жарастығының жарқын көрінісі.
Түркия басшылығы Қазақстанның Түркі кеңесін құру идеясын іске асырудағы маңызды рөлін, сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі, Парламенттік Ассамблея, Ақсақалдар алқасы, Астанада Түркі академиясы құрылғанын жоғары бағалайды. Бұл ретте Анкара түркітілдес мемлекеттермен ортақ тіл, дін, тарихи және мәдени құндылықтарға негізделген қатынастарды одан әрі тереңдетуді және жалпытүркілік интеграция үдерісін нығайтуды құптайды.
Қазақстан мен Түркияның өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығының жылдан жылға артуының көрсеткіштері ретінде Түркияның 2010 жылы ЕҚЫҰ шеңберінде және 2011 жылы Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығына пәрменді қолдау көрсетуін атап өту қажет. БҰҰ шеңберінде де сындарлы ынтымақтастық өз жалғасын табуда. Бұдан басқа, Түркия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары уақытша мүшелікке Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындығын мәлімдеді. Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2015-2016 жылдары уақытша мүшелікке Түркияның кандидатурасын қолдайтындығын білдірді. Бұл да түбі бір түрік ағайындарымыздың ізгі ықыласының айқын көрінісі.
– Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық қарым-қатынастар туралы ойыңызбен де бөлісе кетсеңіз.
– Сауда-экономикалық байланыстар екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі болып табылады. Халықаралық сараптау-талдау қоғамдастығы бүгінгі Түрік мемлекетін барынша қарқынды даму үстіндегі және жаһандық дағдарысты табысты еңсеріп қана қоймай, экономикада белгілі бір табыстарға қол жеткізген, Еуропадағы экономикалық ахуалды жандандырған қозғаушы күш ретінде сипаттайды.
Соңғы жылдары табысты жүргізген экономикалық саясатының нәтижесінде түрік экономикасы әлемде 16-шы орынға және Еуропада 6-шы орынға көтерілді. Қазіргі таңдағы Түркия үкіметінің стратегиялық мақсаты әлемдегі мейлінше бәсекеге қабілетті алғашқы 10 елдің қатарына ену болып табылады.
Түркия – Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 2,9 млрд. АҚШ долларын құраса, 2011 жылдың қорытындылары бойынша бұл цифр 3,9 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айындағы көлем 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады.
Бұл тұрғыдан қарағанда 2012 жылғы мамырда өткен Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға ресми сапарының маңызы зор болды. Р.Т.Ердоған V Астана экономикалық форумына, сондай-ақ Қазақ-түрік іскерлер форумына қатысты. Сапар барысында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құруға уағда жасалып, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойылды. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін тиісті салалар белгіленіп, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде және оның оңды нәтижесін жақын келешекте көреміз деп үміттенеміз.
Елдеріміз арасындағы өзара сауданың көлемін ұлғайтуға және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға тікелей ықпалын тигізетін мейлінше маңызды бағыттардың бірі – көлік саласы. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды тежеуші өзекті фактор – жүктердің автомобильдік тасымалдау арқылы жеткізілуі.
Бұл орайда Қазақстан мен Түркия арасындағы темір жол магистралінің жүзеге асырылуы – екі ел үшін де аса маңызды. «Түркия – Иран», «Иран – Түркіменстан – Қазақстан» және «Карс – Ахалкалаки – Тбилиси – Баку» темір жолдары магистралдарын салып бітіру Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымын және Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рыноктарға тасымалдауды едәуір ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдау көлемін арттыруға және тарифтерді азайтуға, Каспий аймағы мен Еуропа арасындағы тікелей көлік қатынасын қамтамасыз етуге орасан мүмкіндік берер еді.
Жаңа әуе қатынастарының ашылуы да бауырлас елдердің арасын жақындата түсетін туыстық пен достық көпірлері іспеттес ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық ықпалдастықты күшейтуге қызмет етері анық. Қазіргі таңда Қазақстан тарапы Қазақстан мен Түркия арасында 14 рейсті, ал түрік тарапы 12 рейсті орындайды. 2011 жылғы қыркүйектен бастап «СКАТ» авиакомпаниясы Шымкент–Ыстамбұл–Шымкент бағыты бойынша, сондай-ақ түркиялық «Pegasus Airlines» авиакомпаниясы Ыстамбұл – Алматы – Ыстамбұл бағыты бойынша рейстерді орындауда.
Экономикалық саладағы әлеуетімізді кеңінен қолдану және тереңдету керек деген пікірдемін. Түрік өнеркәсібінің және, тұтасымен алғанда, экономикасын дамытудың локомотиві болып отырған өнеркәсіптік аймақтар құруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған. Қазіргі таңда мұндағы 300-ге жуық өнеркәсіптік аймақта 60 мыңдай ірі фабрика, зауыттар орналасқан. Ал 50 адамға дейін жұмыс істейтін орта кәсіпорындар саны 300 мыңға жетеді.
Екіжақты қатынастардың одан әрі дамуы түрік бизнесін Қазақстанның индустриялық даму үдерісіне тартуға, түрік тәжірибесін еліміздің өңірлерінде Қазақстан – Түркия индустриялық аймақтарын құру арқылы пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл аймақтарды құру жөніндегі жобаларды іске асыру Қазақстанның жеделдетілген индустриялық даму бағдарламасын іске асыруға едәуір үлес қоспақ.
Қазіргі таңда аймақтарды құру туралы үкіметаралық меморандум мен бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Бұл саладағы басты мәселе – Қазақстан–Түркия индустриялық аймақтарын құру жөніндегі тиісті нормативті-құқықтық базаны жетілдіруді жеделдету. Бұл аймақ түрік бизнесінің қазақстандық рынокқа жүйелі түрде кіруіне мүмкіндік береді және біздің еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалын жақсартуға қызмет ететін болады.
– Биылғы екі ел арасындағы 20 жылдық мерейтой шеңберінде ұйымдастырылған сапарлар және үстіміздегі жылы 10-12 қазанда өтетін Елбасымыздың сапары туралы да айта отырсаңыз.
– Өзіңіз айтып кеткендей, жаңғырған байланыстарымыздың 20 жылдығын тойлау үстіндеміз. Мерейтой шеңберінде бауырлас екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың ұдайы дамып, нығаюына үлкен септігін тигізген жоғары деңгейдегі өзара сапарлар ұйымдастыру жалғасын табуда. Атап айтқанда, жоғарыда атап өтілген Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның мамыр айында өткен Қазақстанға ресми сапарының маңызы зор болды. Бұл ресми сапар қазақ-түрік әріптестігінің тереңдеуіне, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыруға жаңа серпін берді. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Жемил Чичектің қыркүйек айында өткен Қазақстанға сапары да өзінің лайықты үлесін қосты.
Ал 10-12 қазанда өтуі жоспарланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасына ресми сапары бауырлас екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылатын жоғарғы деңгейлі сапарлардың қорытындылаушысы болады. Сапар 20 жылдық ынтымақтастықтың бүгіні мен келешегін саралауға, ынтымақтастыққа жаңа сындарлы серпін беруге, тиімді экономикалық қатынастарды жандандыруға бағытталады.
Елбасының сапары барысында Стратегиялық әріптестік шартын жүзеге асырудың негізгі тетігі болып саналатын Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы жоғары деңгейлі Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өткізілмек. Бұл – өз кезегінде тараптардың екіжақты және көпжақты пішіндегі ынтымақтастығының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды шара. Яғни, бұл – ел басшыларының қатысуымен екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері толық талқыланады және тиісті шаралар қабылданады деген сөз.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы сыртқы сауда көлемін 10 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайту және өзара іс-қимылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейту маңызды.
Қазақстанның оң имиджіне ықпал ететін шара ретінде Елбасымыздың аталған сапары барысында Ыстамбұлда Қазақстанның өнеркәсіптік-индустриялық саласындағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік беретін көрме ашу жоспарлануда. Бұл көрмеге еліміздің жетекші кәсіпорындары қатысса, ол түрік жұртшылығына Қазақстанның экономикалық жетістіктерін таныстыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанға ірі түрік бизнесін тартуға ықпал етеді деп үміттенеміз.
Сонымен қатар, 20 жыл ішіндегі ынтымақтастыққа іскер адамдарының қосқан және қосатын үлестерін талқылауға мүмкіндік беретін құрылыс саласы мен құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киім өндірісі, кеме жасау, мұнай химиясы салаларында жұмыс істейтін екі елдің 300-ден астам компаниясының қатысуымен бизнес-форум өтеді. Бизнес-форум барысында қазақ-түрік фирмалары арасында жалпы көлемі 1,5 млрд. АҚШ долларына жететін келісімдерге қол қойылады. Бұл да экономика саласының дамуына, екіжақты инвестицияға оң әсер ететін болады.
Саяси және экономикалық қатынастармен қатар, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да баса назар аударылады. Екі бауырлас елдің рухани әрі достық қазығына айналған мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жоғары қарқындылығымен сипатталғанымен, Түркияда көптен бері Қазақстанның мәдениеті күндері өткізілмеді. Сондықтан да бұл іс-шараны да Елбасы сапарының қарсаңында Ыстамбұл қаласында өткізуді жөн көрдік. Оның аясында «Алтын адам» экспозициясы, қазақ фильмінің классикасы саналатын «Тақиялы періште», «Қыз Жібек» секілді фильмдер түрік тіліне дубляж жасалып, көрермендердің назарына ұсынылады, сондай-ақ Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті ұйымдастырылады.
Елбасы сапары қарсаңындағы айтулы шаралар есебінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдамалы туындыларының түрік тілінде шығарылған тұңғыш бес томдығының, түрік тіліндегі «Балалық шағымның аспаны» фильмінің тұсаукесерлерін атап өтер едік. Аталған шаралар түрік жұртшылығына Қазақстан Президентінің қазіргі заманғы өңірлік және әлемдік үдерістердің мәнін түсіндірудегі үлесін насихаттауға, оны әлемдік деңгейдегі саясатшы, түркі әлемінің көшбасшысы ретінде терең тануға мүмкіндік береді. Яғни, екі ел байланыстарының 20 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында жігерлі жұмыстар жасалуда. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік Республикасына ресми сапары Қазақстан–Түркия қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеруге және Қазақстанның өңірдегі саяси және экономикалық мүдделерін одан әрі ілгерілетуге ықпал ететіні анық.
– Елші мырза, Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастыққа негізделген байланыстар туралы әңгімеңізге рахмет айта отырып, алдағы жұмысыңызға сәттілік және үлкен табыстар тілейміз.
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».