Дүбірге толы дүние
Жұма, 12 қазан 2012 6:57
Басшылықтың байсалдылығы – береке басы
Қытайда басшылық өзгереді. Қарашаның басында елдің билеуші партиясы – Қытай Компартиясының ХVІІІ съезі өтіп, онда жаңа Бас хатшы мен партия Орталық Комитетінің саяси бюросы тұрақты комитетінің мүшелері сайланады. Билік тізгіні солардың қолында болады.
Жұма, 12 қазан 2012 6:57
Басшылықтың байсалдылығы – береке басы
Қытайда басшылық өзгереді. Қарашаның басында елдің билеуші партиясы – Қытай Компартиясының ХVІІІ съезі өтіп, онда жаңа Бас хатшы мен партия Орталық Комитетінің саяси бюросы тұрақты комитетінің мүшелері сайланады. Билік тізгіні солардың қолында болады.
Сайланады дегенмен, олардың кімдер болатыны қазірдің өзінде белгілі. Жұртқа жарияланбағанмен, шешіліп қойған. Ал ең басты екі қызметтің иелері анық – ҚКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып 59 жастағы Си Цзиньпин, ал үкімет басшысы болып 57 жастағы Ли Цэцян сайланады. Қазіргі басшылық солай шешкен. Партия басшылығының мұндай ұйғарымына ешкім қарсы тұра алмайды. Партияның сөзі – сөз.
Мұны демократияға қайшы деп біреулердің даурығуына болар. Бірақ оны бұл елде елейтін ешкім жоқ. Тіпті саяси күштер, яғни саяси партиялар күреске түссін дегенде де, мұндағы Компартияның шаңына ілесетін де ешкім табылмайды. Қатарында 82 миллион мүшесі бар жойқын партиямен тайталасуға ешкімнің шамасы келмейді.
Бұл елде барлық мәселе сол партияның мүддесіне сай, соның дегеніне орай шешіледі. Сондықтан да билік мәселесіне байланысты дау туа қоймайды. Бұл елде Дэн Сяопин орнықтырып кеткен билікті жүйелі түрде бірінен біріне өткізу дәстүрі бар. Уақыты жеткен соң бірінші басшы билік тізгінін өзінен кейінгі мұрагерге ұсынады. Ол адам ұзақ уақыт партия басшылығының назарында жүреді. Оның қарым-қабілеті жан-жақты зерттеледі. Басшылық сол адамға тоқтағаннан кейін барлығы да оны қолдауға міндетті.
Бұл дәстүр біраздан бері қатаң сақталып келеді. Міне, енді осылайша биліктің бесінші буыны тізгін ұстамақ. Бұған дейін ҚХР Төрағасы – Бас хатшы Ху Цзиньтао мен премьер Вэнь Цзябао билікке осылай келген. Олар эстафетаны Цзянь Цземиньнен алған еді. Сарапшылардың біразы бұл жолы ішкі партиялық күрес айтарлықтай қызу болғанын айтады. Мұның өзі біраз шетел ақпарат құралдарына мағлұм болып отыр.
Билік деген кесапат, сірә, мүдделестердің де, жақынның да арасын ашатын болса керек. Қытай билігінің бесінші буынын анықтауда күрес үшінші буын мен төртінші буынның арасында өткенге ұқсайды. Биліктен кеткеніне он жылдай болса да, Цзянь Цземинь жақтастарының партия басшылығында айтарлықтай ықпалы бар екен, олар жаңа билікте өз адамдарының болғанына күш салған. Дәл солай қазіргі биліктегі Ху Цзиньтао да өз адамдарының тізгін ұстағанын қалады. Бұл күрес соңғы кезге дейін жалғасып, біраз қайраткерлердің аренадан кетуіне де соқтырған. Айталық, мұрагерліктен үміткер болған Чунцин, парткомның хатшысы Бо Силай ақыры партиядан қуылды.
Қай бағыт жеңсе де, Қытайдың байсалды саясатқа жүгінетіні анық. Бір кезде әлемді шошытқан «үлкен секіріс», «мәдени революция» дейтіндердің келмеске кеткендері де даусыз. Байсалды даму жолына түсіп, оның жемісін жеп отырған ел бұл бағытын өзгертпейтіні де күмәнсіз. Мұндай бағыт ұстаған алып елмен көрші болу бізге де тиімді. Жақсыдан жамандық күтпеген жөн.
Ақымақ болу да құптайтын іс емес
Қырғыз ағайындарда тағы бір көңілге қона қоймайтын іс басталып, оның аяғы күлкі тудырғандай жағдайға ұласты. Елдегі жетекші партияның бірі – «Атажұрт» партиясының көсемдері билікке қарсы әрекеттері үшін қамауға алынды.
Күлкілі жағдайды олардың жақтастары тудырып отыр. Құқық қорғау орындары «Атажұрттың» көсемдеріне билікке күшпен жеткісі келді деп айып тақса, бұл партияның парламенттегі фракциясының хатшылығы депутат Жұлдызхан Жолдошованың сөзін таратты. Депутат ханым өз әріптестерінің әрекеттерін қолдай қоймайтынын айтып, бірақ бұл әрекеттердің мақсаты билікті басып алу емес, «тек қана ақымақтау қадам» екенін мәлімдеді. Бұлардың өздері ақымақ деп отырса, келіспеуге амалың жоқ. Бірақ ақымақ болуды да құптай қою қиын-ау.
Сол ақымақ әрекет қалай басталған еді? Осыдан он күн бұрын Бішкектің орталық алаңында «Атажұрт» партиясының бір көсемі Садыр Жапаров митинг өткізіп, онда «Құмтөр» алтын кенішін мемлекет иелігіне алу жөнінде мәселе көтерді. Сонда ғана оның игілігін халық көретінін дәлелдеп бақты. Бұл жиын бір сағаттан кейін айқай-шумен біткелі тұрғанда, қасына біраз мықты жігіттерді ертіп алған партияның бірінші көсемі Қамшыбек Ташиев келген соң, жағдай күрт өзгерді.
Өзгергенде, депутат Жолдошованың сипаттамасына сай әрекеттер басталды. Ташиев мінберге көтеріліп, билікті алу оншалықты қиын еместігін, бұл үшін мыңдаған адам емес, шамалы ғана мықты жігіттер керектігін айтты. Ол Шыңғыс ханның билікке жетуі үшін 18 ғана жүректі жігіттің жеткілікті болғанын еске салды. Сөйтті де парламентке кіріп, билікті «Құмтөр» мәселесін шешуге көндірейік, көнбесе өзіміз шешеміз, деп қолбасшылық әрекет көрсетіп, алға ұмтылған. Парламент үйін қоршаған дуалдан бірінші өзі және оның оққағарлары секірген.
Бірақ олар ойлағандай үкіметті басып алу оңай болмады. Оған милиция қызметкерлері мен халық жасақшылары жол берген жоқ. Біраз адам ұсталып, милиция бөлімшелеріне жеткізілген. Прокуратура қылмыс кодексі бойынша «Билікті күшпен басып алу әрекеті» бабымен іс қозғады. «Атажұрттың» көсемдері бас сауғалап, енді басқаша сайрайды. Өздерінің бейбіт митинг өткізбек болғанын, оған милиция жол бермегенін айтып, шағынып отыр. Халық парламент спикерімен жолығып, «Құмтөрге» байланысты пікірлерін білдірмек болған екен. Оған да мүмкіндік бермеген. Сонан соң дуалдан секіруге мәжбүрлік туған. Тіпті өзі депутат болса да, ішке кіре алмаған. Ташиевтің бұл сөздеріне тағы да Жолдошованың сипаттамасы керек. Біз оны жалған сөз десек, көңілдеріне келуі мүмкін.
Қырғызстандағы бұл оқиға біраз тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Жетекші партия саналатын «Атажұрт» партиясының бұл әрекеттері бұл елде саяси күштердің деңгейі тым төмен екенін, «балалық ауруынан» әлі арыла қоймағанын аңғартады.
Кейбір сарапшылар бұл оқиғаның артында сыртқы күштердің тұрғанын, оларды Қырғызстанның Ресеймен жақындасуына қарсылар қолдайтынын алға тосады. Жетекші саяси партияның қолжаулық болуына сенгің келмесе де, Жолдошованың сипаттамасына сай адамдардан бәрін күтуге болатындай. Тек осындай саяси күштер билікке жетер болса, ел тағдыры қандай болады деген ой қажайды.
Енді бір көңілге қонатын нәрсе – ел үкіметінің орын алған жағдайдан абдырап қалмай, байыпты әрекетке көшіп, жағдайды бақылауда ұстай алуы дер едік. Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиевтің ел тыныштығын бұзатын кез келген әрекеттерге тойтарыс берілетіні жөніндегі мәлімдемесі халықтың еңсесін көтергендей. Тіпті осындай сын сағатта халықтың жасақшылар қатарына қосылып, мүмкін болған тосын әрекеттерге қарсы күш біріктіруі – жақсылыққа үміттендіретін жағдай.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».