ЭКСПО аумағында ұйымдастырылған Наурыз мейрамына орай алаңда 17 киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, театрландырылған көріністерді, айтысты, қазақ эстрадасының жұлдыздары қойған концертті тамашалау үшін қала тұрғындары таңертеңнен бастап кешен аумағына қарай ағыла бастады. Ұлттық мерекені тойлауға келген көпшілікті батырлардың сауыт-сайманын асынған бойшаң жігіттер мен ұлттық киім киген арулар қарсы алды. Кешенге ағылған қала тұрғындары әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер қауымы күресіп, гір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты. Этноауылда ұйымдастырылған қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре күйде болды.
Ұлық мерекені халықпен бірге тойлауға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізге бақ-береке тіледі.
Жиналған көпшілік бірге келген Тұңғыш Президент пен Мемлекет басшысын қаумалай қоршап, жаппай суретке түсіп, құттықтауларын жеткізді.
Наурыз тойында елордада некелерін қиған 9 жұптың ерекше жолы болды десек қателеспейміз. Шаңырақ көтерген елордалық жастарға Нұрсұлтан Назарбаев ақ батасын берді. Елбасы жас отбасыларды есте қаларлық маңызды күндерімен құттықтап, оларға бақытты ұзақ өмір тіледі.
– Сендерге бақыт тілеймін! Махаббаттарың еш уақытта сөнбесін. Алдарың ашық болсын. Балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Ата-аналарыңа қуаныш әкеліңдер. Елдің азаматы болыңдар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Наурыз тойы мен ел есінде қалатын тарихи сәттерде отбасын құрған жастардың қуаныштарында шек жоқ.
Мерекені тойлауға келген көпшіліктің ішінде Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері де бар. Айтулы шарада Премьер-Министр Асқар Мамин, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Президент әкімшілігінің басшылығы, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов болды.
Мерекеге келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Наурыз мейрамының маңызы ерекше екенін атап өтіп, бұл күні адамдар арасындағы өкпе-реніштің кешіріліп, татулық пен бақ-береке орнайтын жаңа күн туатынын айтты.
– Наурыз – бұл жаңару мейрамы. Баршаға мәлім елімізде айтулы оқиғалар орын алуда. Елбасы бастаған стратегия әрі қарай жалғасын таба бермек. Мемлекет басымдық берген салалардың барлығы жоспарлы кезең бойынша жүзеге асады. Ұлттық мерекеміз қарсаңында ырыс артып, толайым табыстарға жете берейік, – деді ол.
Көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева да құттықтады.
– Биылғы Наурыз мейрамы ерекше. Ауа райы да мейірін төгіп, халық көтеріңкі көңіл күйде жүр. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елімізде айтулы оқиғалар болуда. Бүгін Қазақстанның әрбір тұрғыны болашағын елордамен байланыстырғысы келеді. Астананың іргетасын қалауда Елбасының сіңірген еңбегі зор. Ол кісінің халқына деген махаббатынан, ыстық ықыласынан туған Астана – бүгінде әлемге аты мәлім шаһар. Сондықтан менің ойымша, оған Елбасының есімін беру заңдылық, – деді ол.
Қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та құттықтады. «Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын! Барлық отбасына бақыт тілеймін. Биыл Ұлыстың ұлы күні мерекесін қазақ елі ауқымды өзгерістермен қарсы алып отыр. Елдің ордасы атанған Астанаға Елбасының есімін беру лайықты әрі дұрыс шешім. Елбасының еңбегін лайықты бағалау керек, қиын кезеңде, яғни 90-шы жылдары жаңа астананы құру туралы шешім қабылдау, мұндай зор жауапкершілік алу əркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен жүрек пен табандылық, сенімділік болу керек. Жастар өз Отанын, ұлтын, мемлекетін сүйіп өсуі керек жəне елге еңбек еткен адамдарды да еш уақытта ұмытпауымыз қажет. «Тарихсыз болашақ болмайды» деп айтамыз ғой, осы орайда 20 наурыз күні маңызды шешім қабылданды деп ойлаймын, – деді Бердібек Сапарбаев.
Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов та игі тілегін жеткізіп, елорданың жаңа атауын қалай қабылдағанын айтты. «Барша қазақ елін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Бұл жыл бізге тек табыс әкелсін. Елімізде айтулы өзгерістер болды. Қалай болғанда да, халық бірігіп, ел-жұрт болып жаңа Президентті қолдап, Елбасымызды ұлықтап, Наурыз мерекесін атап өтіп жатырмыз. Өз басым Астана атауын өзгертуді қолдаймын. Бұл Елбасының бастаған бастамасы, ол кісінің еңбегі зор. Бүгінгі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл Қазақстанның бренді», – деді ол.
Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Алекси де Кромбрюгхе Наурыз ғажайып мереке екенін айтады. «Халықтың барлық салт-дәстүрін, ұлттық киімдерін тамашалап жүргеннің өзі әдемі. Бұл енді суық қыстан кейінгі жұрттың жадырауы ғой. Оның үстіне қалаларыңыздың аты да жаңарып жатыр. Мен де еліме енді Астанадан емес, Нұр-Сұлтаннан хабар беремін», деді елші.
Этноауылға жиналған қала тұрғындарының да көңілі шат-шадыман. Бір-бірімен көріскен жұрт қазақтың жаңа жылында ақжарма тілектерін жаудырып жатты. Қала тұрғыны Айтова Жанат:
– Биыл біз үшін ерекше жаңа жыл болғалы тұр. Тәуелсіздіктің тәжін кигеннен бері тәй-тәй басқан жас баланы жетектеп, жетістіктерге жетелегендей, мемлекетімізді биік белеске жеткізген Елбасымыз Президенттік өкілеттігін тоқтатты. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз. Әлемге қазақ халқын танытып, халықтың жағдайы жақсарды. Осы орайда Астанаға Елбасының атауын беруді оң шешім деп қабылдадық. Жаңа Президенттің келуінен халық жақсылыққа бастайтын өзгерістер күтеді. Халқымыз өсіп-өркендеп, әлеуметтік тұрғыда ізгі бастамалар қолға алынады деген сенім бар. Наурызбен келген өзгерістер оңынан болғай, деді.
Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Бұл мереке халқымыздың, тәуелсіздігіміздің ең негізгі тамырының бірі саналады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн – 21-23 наурыз аралығында тойланып келеді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»