Қазақстан • 25 Наурыз, 2019

«Алтын адам» – Татарстан төрінде

529 реткөрсетілді

Іргесі қаланғанына мың жылдан асқан Қазан қаласы талайды көргенімен, «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі арқылы келген «Алтын адамды» алғаш қарсы алды.

Қазақстан Республикасының басты символдарының біріне айналған, беріде «Алтын адам» аталып кеткен сақ патшасының бүкіл киім-кешек, қару-жарақ, ыдыс-аяғымен Есік қорғанынан табылғанына жарты ғасыр болыпты. Ол әлемдегі айтулы археологиялық табыстың бірі саналды.

Біз 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымына алғашқы сапарында «Алтын адамның» көшірмесі халықаралық қауымдастыққа тарту ретінде апарылғанына куә болып, арнайы репортаж жазып едік. Осылайша, сақ даласының ежелгі патшасының жарқыраған алтын киімі Бас Ассамблея ғимаратындағы Қытай қорғаны суретімен, араб елдері жиі сыйлаған алтын құрма ағаштарымен, Латын Америкасының теңдессіз суретшісі Сикейростың картинасымен, тағы басқа қайталанбас туындылармен қатар қойылған.

Енді туыстас татар халқы осы «Алтын адамды» бір ай бойы тамашалауға мүмкіндік алды. Ол Қазан Кремліндегі Манеж көрме залына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» атты бағдарламасы бойынша қойылды. Өткен жылы Беларусь пен Әзірбайжан, Ресей Федерациясы мен Корея Республикалары астаналарында, Польшаның Гданьск, Қытай Халық Республикасының Сиан қалаларындағы музейлерінде тұрған біздің еліміздің кешегісі мен ертеңін қоса әйгілейтін ғажайып символ биылғы сапарын Татарстаннан бастауы тегін емес. Бірнеше себебі бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қараша айында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әлемге қазақ даласынан тараған айтулы үлестің бірі ретінде «Алтын адам» аталған еді. Мақалада «...жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» деген жолдар бар. Әрі осы еңбегінде Елбасы Қазақстан күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы екенін атап өтті. Қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосқанына тоқталды. Сондай халықтың бірі татарлар екені талас тудырмайды.

Биылғы шеруді бастайтын қала ретінде Қазанның таңдалуының үшінші себебі де бар. Осында Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтіледі. Иә, бұл – түркі халықтарының ортақ тарихының даңқты, айтулы беттерінің бірі. Татар халқы өзінің өткеніндегі елеулі даталарды ешқашан ұмыт қалдырмайды. Оған Қазан қаласының 1000 жылдығын әлемге әйгілеп тойлағаны дәлел болмақ.

Енді Алтын Орданың мерейтойына дайындық басталыпты. Алтай мен Карпат таулары арасындағы бірнеше ондаған халықты біріктірген, қуаты шалқыған, айдыны асқан ол ұлыстың 750 жылдығына орай өтетін салтанатқа осы аймақтардағы мемлекеттердің қайраткерлері, ғалымдары, өнер адамдары тегіс шақырылмақшы. Осындай дүбір алдында Қазан Кремліне Алтын Ордадан алты ғасыр бұрын сайын далаға шұғыла шашқан «Алтын адамның» арнайы әкелінгені қисынды еді.

Басқа елге көрме апару ешқашан оңай болмаған. Бағалы жәдігерлерді рәсімдеп шекарадан өткізу, діттеген жерге бүлдірмей жеткізуден бастап әуресі көп. Ал «Алтын адамды» апару – тіпті, машақатты шаруа. Алтын жебелі бас киім, мыңдаған алтын қадаудан тұратын сырт киім, қылыш пен қанжар, қамшы мен тағы да алтынмен апталған етіктің өзі неге тұрады!? Мұның сыртында Мемлекет басшысының жоғарыда айтылған мақаласындағы: «Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді» деген сөйлемдер де ескерілді. «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі үшін «Алтын адаммен» бірге ежелгі металл өңдеуді дәлелдейтін жүздеген экспонат апарылды.

– Біз мұнда Тәуелсіз Қазақстанның символына айналған «Алтын адам» экспонатымен бірге Ұлттық музей қорындағы қазақ шеберлерінің қолынан шыққан әйелдер әшекейлерін, ат әбзелдерін және басқа бірнеше ондаған бағалы туындыны әкеліп отырмыз, – дейді Қазан Кремліндегі көрменің ашылу салтанатындағы сөзінде Қазақстан Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Алмас Нұразханов. – Өйткені, қазақ халқы мен татар халқының тарихи тамыры ортақ. Өнері мен тұрмысында ұқсастық көп. Көрмеге келушілер осыны аңғаруы үшін де бірегей «Алтын адам» экспозициясына қосымша басқа да экспонаттарды Қазан тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынбақпыз.

Демек, көрменің ауқымы алдыңғы алты елге қарағанда бұрынғыдан кеңи түскен. Тақырыбының «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» аталуы соны аңғартады.

Жалпы, «Алтын адамды» қай мемлекеттің музейіне апаратын болса да мамандар жаттандылықтан қашады. Бұрынғыны қайталамай тың шешімдер іздейді. Алмас Шәйкенұлы оның сырын әр елдің тұрғындарының талғамынан бастап, көрме өтетін алаңдардың ауданы да әртүрлі болатындығымен түсіндірген. Демек, бұл – мемлекетке абырой әкелетін іс болғанымен, машақаты көп тірлік. Әзірге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мамандары өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді.

Бір өкінетін жерлері бар. «Әттеген-ай» дегізетіні, көрме шетел астаналары мен ірі қалаларында өтсе де Қазақстан Республикасының ол жақтағы елшіліктері жағынан көмек бола бермейді. Оған бірнеше елдегі көрме барысында көздері жетіпті. Кейде, тіпті, елшілік жіберген жауапты қызметкер «қандай көмек керек», «неге қол ұшын берейік» деп сұрау орнына «біздің елші қай жолмен келіп, қайда тұрып сөйлейді, соны көрсетіңдер» деп дікілдеп кетумен тынады екен. Биылғы жылы «Алтын адамның» әлі бес мемлекетке сапарға шығуы жоспарланған. Ендеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл тақырыпты назарда ұстап, елшілерді бір пысықтап салса, жөн болар еді.

Қазан Кремліндегі көрмеге келсек, оның ашылуына да, оған дейінгі баспасөз мәслихатына да Татарстанның Мәдениет министрі Ирада Аюпова ханым қатысып, сөз сөйледі.

– Өткенсіз болашақ жоқ. Ертеңгі ұрпақ кешегі тамырдан нәр алады, - деген Ирада Хифизьянова Манеждегі көрмеге жиналған көпшілік алдында. – Бүгін баршаңыздың назарларыңыз ұсынылатын бірегей «Алтын адам» мен оған қатысты экспонаттар – біздің ортақ мұрамыз. Баяғы бабаларымыздың болашаққа егіп кеткен дәні. Сол үшін де материалдық құнымен қатар рухани құны баға жеткісіз.

Министр одан әрі Қазақстан – Ресей достығы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанына тоқталды. Бұл достықты екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путин арасындағы сыйластық пен түсіністік одан әрі берік еткенін айтты. Сөзінің соңында Татарстан мәдениет саласының басшысы Елбасының жоғарыдағы мақаласымен жақсы таныс екенін аңғартты. «Біздердің бәріміз: қазақтар да, татарлар да, басқа да түркі халықтары Ұлы даланың перзенттері екенімізді ұмытпауымыз керек» деді. Өзінің министр ретінде Татарстан астанасындағы музей көктемі осылай ерекше басталғанына қуанышты екенін жеткізді.

Екі елдің достығы мен ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Еркін Тұқымовтың сөзіне де өзек болды. Біздің еліміздің ресми өкілі сөзінің үлкен бөлігін татар тілінде айтқаны көпшілікті риза етті.

Қазан Кремлі музей-қорығының директоры Зиля Валеева ханым «Алтын адам» көрмесінің келуін ұлы мереке деп санайтындарын айтты.

– Бар әлемді тамсандырған ғажайып символды қабылдап алу – біз үшін үлкен мәртебе, – деді ашылу салтанатындағы сөзінде Зиля Рахимьяновна. – Біздің Манежде жыл сайын ондаған көрме өтеді. Бірақ, мына «Алтын адам» көрмесіндей ерекше дайындықпен, тыңғылықты жасалғаны аз. Біз әлем тамсанған осы ғажайып туынды мен қазақ халқының небір қымбат та құнды экспонаттарын қабылдап алғанымыз үшін мақтанамыз.

Ол сондай-ақ «Алтын адамның» жетінші сапары Қазанға арналғаны зор мәнге ие екенін атап өтті. Барша түркі халықтары үшін 7 саны киелі деп саналатынын еске түсірді.

Түркі халықтарының тамырының ортақ екендігі «Киелі Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлының да сөзінің арқауына айналды. Ол Қазақстан Республикасында түркі тілдес халықтардың бірлігі мен достығын нығайту жолында үлкен шаралар атқарылғанын атап айтты. Түркі халықтарының мәдениет саласындағы жұмысын үйлестіретін «Түрксой» халықаралық ұйымы жұмысына Қазақстан белсене араласады. Сол сияқты Халықаралық Түркі академиясының штаб-пәтері де Астанада орналасқан. Осы екі ұйымды Қазақстан азаматтары Дүйсен Қасейінов пен Дархан Қыдырәлі іскерлікпен басқарып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі елдерінің тарихи рөлі жоғары бағаланғаны белгілі. «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты» деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы.

Қазан Кремліндегі «Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесінің экспонаттары жылқы сүйегінен жасалған көне заттармен басталады. Өйткені, Елбасының мақаласындағы қазақ даласының әлемдік өркениетке қосқан жеті үлесінің ішінде алдымен «атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы» көрсетілген. Ашылу салтанатынан соң құрметті қонақтарға көрмені таныстырған экскурсовод энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған сүйектен жасалған тұрмыстық заттардың бүкіл адамзат үшін маңызына тоқталды.

Одан кейін қазақ даласының құрамында асыл заттары бар металл кен үлгілері келушілерді қызықтырады. Осы кен жыныстарынан алтын мен күміс алған, қола қорытпасын шығарған бағзы шеберлер жарқын өмірдің, көркем болмыс пен рухани байлықтың айшықты белгісі – «аң стилін» өмірге енгізді. Бұғы, арқар, барыс, жылқы, қошқар түріндегі небір әшекей заттар осы көрмеде тұр. Олардың біразын Қазақ тұрғындары мен қонақтары «Алтын адам» киімінен де көріп жатты.

Интерактивті тақта қазақ даласының киелі орындарынын толық мәлімет береді. Басқа да алтын киімді көне қорғандар табылған аймақтарды әйгілейді.

Көрме ашылған сәттен-ақ келушілерге лық толды. Қазан тұрғындары бұл күнді асыға күтіпті. Сондай-ақ қазақ халқының тарихы мен мәдениетімен танысып жатқандар арасында шетелдіктер де жүрді. Қазан қаласында тұратын қазақтар мен осы қалада оқитын және жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының қуаныштарында шек жоқ. Олардың өз Отандары үшін мақтаныш сезімі жүздерінен де байқалды, лебіздерінен де естілді.

«Ұлы дала: тарих пен мәдениет» көрмесі бір ай осында тұрады. Ал Алмас Нұразханов басқарған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұжымы осындай көрмені іргелес Ташкент қаласы үшін әзірлеуге кірісіп кетті. Иә, жер бетіне шыққанына жарты ғасыр болса да «Алтын адам» бауырлас өзбек халқына көрсетілмеген екен. Енді ол олқылықтың да орны толмақ.

Қайнар ОЛЖАЙ

Нұр-Сұлтан – Қазан – Нұр-Сұлтан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар