Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Нейрохирургтердің жаңа табысы

661 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Ұлттық нейрохирургия орталығында зақымдалған 3 омыртқа жасанды имплантпен алмастырылды.

Нейрохирургтердің жаңа табысы

Адам баласының қимыл-қозғалысында, жалпы тіршілігінде омыртқа жотасының атқарар қызметі өлшеусіз. Кеңес заманында әскери қызмет атқарған офицер, Ауғанстанда от пен оқ­тың өтінен аман шыққан Алек­сандр Занозин 59 жасқа қараған ша­ғында омыртқасының қат­ты ауруынан денсаулығы төмен­деп, жұлынның қысылуына омырт­қаның бұрыштық деформация­сы қосылып, 2018 жылдың тамы­зынан бастап өз бетінше жүріп-тұра алмайтын халге жетеді. Омырт­қадағы созылмалы қабы­ну қанның бұзылуына, соны­мен қатар неврологиялық симп­то­матиканың дамуына, атап айт­қанда, аяқтағы әлсіздікке, ұйып қалуға әкелген. 

Пациенттің осындай жағ­дайында қандай көмек беруге болады деген консилиум за­қым­далған 3 бірдей кеуде омыртқасын түбегейлі алып тастау қажет деген ұйғарымға келеді. Сонымен, 22 ақпанда Орталықтың жұлын ней­рохирургтері 3 кеуде омырт­қасын қабыну деструкциясымен бірге толығымен алып тастап, оның орнын омыртқаның жасанды импланттарымен алмастырып, 10 сағаттық күрделі операция жасады. 

Омыртқалардың қолқа, жүрек, өкпе және қан тамырларға жақын орналасуына қоса жұлын мен одан шығатын өрімдердің, жалпы нерв жүйесінің тұтастығын, бүтіндігін сақтап қалу, физиологиялық білік пен омыртқа жотасының тірек функциясын қалпына кел­тіру сын­ды бірнеше міндетті қа­тар қой­ған операция аса бір ыж­да­һат­тылықты талап етті. 

Жалпы, орталықта омырт­қаларды түбегейлі алып тастайтын бұған ұқсас операциялар бұрын да атқарылған болатын. Алайда осы жолы нейрохирург­тер қабыну деструкциясы бар омырт­қаға алғаш рет күрделі опе­ра­ция жасауға бел буды. Дәл бұлай күрделі операциялар­ды сәтті өткізу қазіргі заман­ғы диаг­ностикалық және опера­ция­лық құрал-жабдықтары, жоғары са­нат­ты мамандары, сонымен қа­тар олардың арасындағы жұмыс үйле­­сімдігі орнаған жо­ға­ры ма­ман­­дан­дырылған орталықта ғана қол жет­кізілуі мүмкін. 

Операция сәтті өтті. Қа­зір­гі уа­қытта Александр Зано­зин­нің ден­саулық жағдайы қанағат­та­нар­лық дәрежеде. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»