Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Жайықтағы жанқияр ерлік

388 реткөрсетілді

Атырауда 21 наурыз күні кешкі сағат 21.52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін жеткізді. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамына шұғыл арада хабар беріліп, оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға секіреді. 

«Жағалауда роликпен серуендегеннен кейін демалып отырғанда тосыннан суицидке куә болдық. Бірден полицияға хабарладым. Санаулы секунд ішінде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерінің бірі батып бара жатқан адамға тез жүзіп барды. Су мұздай, оған қоса қатты ағыс қызды қалай ағызып бара жатқаны да көрініп тұрды. Бірақ полиция қызметкері өз өмірін тәуекелге тігіп, батқан адамды құтқаруға талпынысын тоқтатқан жоқ», дейді оқиға куәгері Райымбек Сарбалин. 

Өзімен бірге бөренені алып суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов те Шалқарға көмекке ұмтылады. «Су­ға батқан адамға жеткен ке­зім­де Шалқар ағысқа төтеп бере алмай батып кетті», деп еске алады Р.Сүндетов. Ажал аузынан қалған Ба­тыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен об­лыс­тық аурухананың реанимация бөлімшесіне жеткізілген.  «Сағат 00.50-де Шал­қар Ақым­ғалиевтің мүрдесі оқиға орнынан төмен жақтан та­бы­лып, жағаға шығарылды. Шал­қар Ақымғалиев көп балалы отбасының жалғыз асырау­шысы болатын. Бойдақ, 1 сәуір­де 25 жасқа толатын еді. Ота­нына 5 жыл бойы адал қыз­мет етіп келе жатқан ол суға бат­қан әйелді құтқарамын деп өз өмі­рін қиды», дейді ІІМ кеңес­шісі-ресми өкілі Нұрділдә Ораз. Сондай-ақ ол бейбіт күн ба­ты­ры­ның мемлекеттік наградаға ұсынылатынын, сонымен бірге жеке құрам тарапынан оның отбасына материалдық көмек көр­сетілетінін айтты.

Осы оқиғаға байланысты Парламент Сенатының Төр­ағасы Дариға Назарбаева Ма­хамбет ауданының Береке ауылында тұратын Ақымғалиевтер отбасына көңіл айту жедел­хатын жолдап, Шалқар Көш­кін­байұлының ерлігі мен аза­мат­тығы баршаға үлгі екенін атап өткен болатын. 

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев: «Шалқардың бұл ерлігі оның антына адалдығын, ең бастысы, адамгершілік қасиетінің жоғары болғанын көрсетеді. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, өзге үшін өз өмірін қиюға дайын болған Шалқардай ұл тəрбиелеп өсіргені үшін Ақымғалиевтер əулетінің алдында басымызды иеміз», деді. Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шалқардың анасы Лəззат Мəженқызына жолдаған көңіл айту хатында ішкі істер органдары жəне қалың қазақ жұрты өзінің ержүрек, батыр ұлынан көз жазып қалғанын, бұл орны толмас қайғы екенін атап өткен. Өткен сенбіде атыраулықтар батыр перзенттерін соңғы сапарға шығарып салды. Жиналған қауым арасында Атырау облысының əкімі Н.Ноғаев, ІІМ Əкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары, полиция полковнигі М.Байболов, облыстың бас полицейі, полиция полковнигі А.Дүйсембаев, сондай-ақ Полиция департаментінің жеке құрамы мен мəслихат депутаттары, жергілікті əкімдік, прокуратура, ҚМДБ өкілдері болды. Қаралы жиында қызметкерінің жоғары адамгершілік қасиеттерін еске алған Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев: «Мен қызмет еткен бірнеше жылдың ішінде алғаш рет жас жауынгерімнен айырылып тұрмын. Менің жауынгерім қан майданда емес, адамды ажалдан арашалау кезінде Жайықтың асау толқынында қаза болды. Қош бол, менің жас жауынгерім!», деп толқи сөйледі. Жерлеу рəсімі кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевқа құрмет көрсету үшін полиция департаментінің қызметкерлері аспанға үш мəрте бос патрондармен оқ атып, қоштасу белгісін білдірді.

Бақытгүл Бабаш,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ымыраластыруға ынтамен кірісті

Аймақтар • Бүгін, 09:38

Жан азығы

Руханият • Бүгін, 09:34

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар