26 Наурыз, 2019

Орал қаласында астананың жаңа атауын қолдаған форум өтті

1147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орал қаласында «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырған «Қазақстанның астанасы – Nur-Sultan» атты облыстық форум өтті.

Орал қаласында астананың жаңа атауын қолдаған форум өтті

Форумға студент жастар, үкіметтік емес ұйымдар белсенділері, қоғамдық қозғалыстар мен партиялар өкілдері, ұлттық мәдени орталықтар мүшелері, еңбек ардагерлері қатысты. Олар Қазақстан Республикасы астанасының жаңа атауына бір ауыздан қолдау білдірді.

Жиналғандар атынан Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ профессоры Абат Қыдыршаев, Орал қалалық №17 мектеп директоры Тамара Рудич, самбодан әлем және Азия чемпионы Нұрбол Серіков, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев сөз сөйлеп, Қазақстан республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ел ордасына берілуі тарихи әділеттілік екенін жеткізді.

- Осыдан жеті жыл бұрын елімізде тұңғыш рет Президент күні аталғанда, өз отбасымда мерекелік дастархан жайып, ұл-қыздарымды, ағайын-тумаларымды, немере-жиендерімді жинап, Нұрсұлтан Әбішұлының елге жасап жатқан еңбегін ағалық, әкелік, аталық ниетіммен насихаттаған болатынмын. Кейін осы ісімнің жалғасы ретінде шәкірттеріме де жиі айтып, арнайы мақала да жаздым. Ұлт көшбасшысының ұланғайыр еңбегін санамалап жатпай-ақ ең негізгі екі нәрсені атап айтайын. Оның бірі – Елбасы Жарлығымен 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы. Бұл – бүкіл дүниежүзілік маңызы бар теңдессіз оқиға болатын. Екінші – қазақ елінің бойтұмары іспетті Астана шаһарының бой көтеруі дер едім. Жаңа буынның әлемдік деңгейдегі білім сапасына қол жеткізуі, жер-жерде жоғары оқу орындары ашылуы да Елбасының ел болашағын қамдау жолында атқарған сансыз ісінің бірі, - деді профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағының мүшесі,«ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының екі мәрте иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Абат Қыдыршаев.

«Қазақстанның астанасы – Nur-Sultan!», «Менің астанам - Nur-Sultan!» деп ұрандаған жастар Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын желбіретіп, кең залдың ішін патриоттық ұранға толтырды. Форум барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, жиналған жұрт облыс өнерпаздарының өнерін тамашалады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Батыс Қазақстан