Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Елдік пен бірліктің елордасы

902 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордаға Нұр-Сұлтан атауының берілуін қолдау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Ел астанасы Нұр-Сұлтан болып аталуына ниет білдірген елордалықтар да мерекелік ән шашумен қарсы алды. 

Елдік пен бірліктің елордасы

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдас­тыруымен өткен іс-шараға Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен қала қонақтары, елор­далықтар қатысты. Қалалық әкімдік алаңы мерекені тойлаған халыққа лық толып, өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетті.

«Елдік пен бірліктің елордасы – Нұр-Сұлтан» мерекелік концертінде жұртшылық Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының мемлекет құрудағы рөлі туралы пікірлерін білдірді. «Злата» болгар этномәдени бірлес­тігі­нің төрағасы Ольга Андриевская мемле­кеттің барлық табысына еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың және 100-ден астам этнос өкілдері достығының арқасында қол жеткізілгенін айтады. 

– Елбасымыздың халыққа жолдаған мәлімдемесін естігенде түрлі сезімге бой алдырдық. Бір жағынан қимастық билесе, екінші жағынан осы күнге жеткізген Президентіміздің еңбегіне алғысымызды білдірдік. Осындай дамыған мемлекетте өмір сүргенім үшін бақыттымын. Балалар мен аналар, ел тұрғындары, сондай-ақ әр саладағы қызметкерлер әрдайым мемлекет қамқорлығында болып келеді. Осыдан жиырма жыл бұрын астанамыздың гүлденуіне күмәнмен қарағандардың қарасы басым еді. Ал бүгінгі дамуына қараңызшы, күннен күнге құлпырып келеді. Қаланың Нұр-Сұлтан аталуы орынды деп білемін, – дейді Ольга Андриевская.

Елбасы әрдайым спортшылар мен шығармашыл жастарға, жас өнер ие­леріне қолдау көр­сетіп келгені мәлім. Бұл орайда Қазақстан­ды қуатты елге айналдыру жолындағы Елбасының елеулі еңбегіне ел жастары дән разы екенін айтады. 

– Спорт – саламатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі кепі­лі. Мемлекет дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, спорт саласын дамытуға жағ­дай жасап келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев республикамызда жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер беріп, сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударып келеді. Халық игілігі үшін атқарылып жатқан бастамаларға қолдау көрсетуге қашанда әзірміз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, боксшы Ләззат Күнгейбаева. 

Өзіндік қызыққа толы ойын-сауық бағдарламасында көңілде жатталған әсем әндер тарту етіліп, өнерпаздар астаналықтар мен қала қонақтарына күні бойы көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қала тұрғындары бір-бірін жаңа белес­пен құттықтап, мерекені кең көлемде атап өтті.  

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»