Аймақтар • 26 Наурыз, 2019

Бұғылардың таңсық кейпі

689 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық мемлекеттік музей Алма­тыдағы Мажарстан бас консулдығымен бірлесе отырып «Бұғылар жолы» атты керім көрікті фотокөрмесін өз көрер­мендеріне ұсынды.  

Бұғылардың таңсық кейпі

­

Орталық музей мен Мажарстан бас консулдығы арасындағы мәдени ынтымақтастық байланыс жылдан-жыл­ға нығая түсуде. Мәселен, соң­ғы жылдардың өзінде музейге­ келушілер Мажарстанның тарихы, мәдениеті туралы сыр шерткен: «Мажарстан ғылымының мерекесі», «Мажарстан шығыстанушылары» сынды көрме­лермен танысты. Қалыптасқан дәс­түр­ді жалғастырған Орталық му­­зей­ Мажарстан бас консулдығымен бір­­­лесіп «Бұғылар жолы» көрмесін келу­шілердің назарына ұсынды. Көрме аңшылық және табиғатты қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блау­манның фото шығармашылығына арналды. 

Көрмеден жабайы аңдардың өмір сүру ортасындағы түрлі сәт­те­рін бей­­­нелейтін түсірілімдерді тама­ша­лауға болады. Фотосуретшінің шығармашылық тақырыбы бұл жо­лы Мажар елінің мақтанышы, та­би­ғатының інжу-маржаны бұғылар мен еліктерге арналған. Одон Блауман тек қана фотосуретші емес, сонымен қатар ки­нотүсірілімдермен де айналысады. Қазіргі таңда суретші DVD форматта 55 фильм түсіріп, көрермендерге тарту етті. Фильмдер Аустрия, Германия, Ни­дерланд, Италия, Бельгия елдерінде көр­сетіліп зор қошеметке ие болған. Оның фильм­­дері «Аңшылық, балық аулау» телеарнасында жиі көрсетіледі. Блау­­ман аңшылық мектептері үшін бір­­қатар арнайы оқу фильмдерін жә­не аңшылық кәсібімен айналысатын ком­паниялардың жарнамаларын түсір­ді. 

Көрме экспозициясында келу­ші­­лер таңырқай қарайтын кәнігі фо­то­­суретші Одон Блауманның 65 туын­дысы бар. Оның әрқайсысы Вен­­грияның әсем табиғаты, жануар­лар­ әлемімен таныстырады. Алыс Аль­пі тауын­ жаңғы­рықтырған үндері, жер­ тарпыған сәттері көз алдыңа елес­­тей­ді. Неге еке­нін бұғы­лардың там­­­сан­­­дыратын­ кейпін өзгеше бір ің­кә­рлікпен әспеттегенін көресіз.

 Бұғылардың таңсық жолы сіздің де таңдайыңызды қақтыратыны рас.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ