Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

400 млрд теңге өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады

777 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында айтты.

400 млрд теңге өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады

«Өңдеу секторына Елбасының тапсырмасы бойынша “қарапайым заттар экономикасының” саласын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд теңге жаңа серпін беруі тиіс, оның 400 млрд теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады. Бұл жеңіл, жиһаз және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы салаларының күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді», деді Р.Скляр.

Сонымен қатар Министр 2025 жылға қарай бизнесті жеңілдікпен қаржыландыру 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн теңгеге дейін өсіруге, “қарапайым заттар экономикасы” өнімінің импорттың үлесін 59%-тен 37%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін айтып өтті.

«Биыл жеңіл өнеркәсіптегі ірі жобалар жаңғыртылады және ауқымы кеңейтілетін болады. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын іске асыру бойынша “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған жобалық кеңсе бағдарлама аясында қолдау білдіру үшін бизнеске көмек көрсетуге және ақпараттандыруға мүмкіндік береді», деді Министр өз сөзінде.

Сондай-ақ министрлік іске асыратын Қазақстан-Қытай жобалары да (жалпы сомасы $ 22,8 млрд. құрайтын 32 жоба)өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз етуге үлес қосатынын жеткізді Министр.

«2015-ші жылдан 2018-ші жылға дейін жалпы сомасы 295 млн АҚШ долларын құрайтын 5 жоба іске қосылды», деді Министр.

Олардың ішіндегі ең маңыздылары:

  • Цемент өндірісі «DanAke» ЖШС, China Gezhouba Cement Co. Ltd. (2018 жылғы желтоқсанда іске қосылды, инвестициялар: $ 178 млн., қуаты: 1 млн. тонна, соның ішінде тығындау арқылы өндірілген – 300 мың тонна, портланд – 700 мың тонна, жұмыс орындары: 226 адам);
  • JAC брендінің жеңіл автомобильдерін ірі торапты құрастыру (DKD/SKD) және ұсақ торапты құрастыру (CKD) әдістерімен«СарыаркаАвтоПром» ЖШС және JAC MotorsСМС стратегиялық серіктесімен бірігіп өндіру, СМС (инвестициялар: $ 22 млн., қуаты: жеңіл автомобильдер 10 мың бірлікке дейін, жүк көліктері 3 мың бірлікке дейін. Жұмыс орындары: 350 адам. Қолданысқа енгізу: 1 кезең - 2015 ж., 2 кезең - 2017 ж.);
  • «Қорғас– Шығыс қақпағы» ЕЭА аумағындағы құрлық порты, «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС, Lianyungang Port Holding Group Co. Ltd., COSCO Shipping Lines Co. Ltd. (Инвестициялар: $ 76 млн. – 2017 жылғы мамырда үлестің сатып алынуы. Қытайлық тарап «KTZE – Khorgos Gateway» ЖШС-нің 49% акциясын сатып алды).

5 360 млн.доллардың 7 жобасы іске асырылу барысында, 2019 жылы оның ішіндегі 350 млн.доллардың 3 жобасы іске қосылады.