27 Қазан, 2012

Маңызы зор қадам

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Маңызы зор қадам

Сенбі, 27 қазан 2012 7:23

АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастығын жоғары бағалайды

Технологиялардың дамуына және жаңа тәуекелдердің пайда болуына байланысты Президент Барак Обама ядролық қатерді қысқартудың өсіп келе жатқан қажеттілігін жақсы сезініп отыр. Осыған байланысты ол ядролық қарудан азат әлем құру, қару­ла­ну­ды қысқарту тетіктерін жүзеге асыру қа­жет­тігіне баса мән бере бастады. Бұл жөнінде жоғары шенді аме­рикалық дипломат атап көрсетті.

Сенбі, 27 қазан 2012 7:23

АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастығын жоғары бағалайды

Технологиялардың дамуына және жаңа тәуекелдердің пайда болуына байланысты Президент Барак Обама ядролық қатерді қысқартудың өсіп келе жатқан қажеттілігін жақсы сезініп отыр. Осыған байланысты ол ядролық қарудан азат әлем құру, қару­ла­ну­ды қысқарту тетіктерін жүзеге асыру қа­жет­тігіне баса мән бере бастады. Бұл жөнінде жоғары шенді аме­рикалық дипломат атап көрсетті.

«Осы тұжырымдаманы жү­зе­ге асырудың үш жолы болса, олар мыналар: ядролық мате­риал­дардың қорын қысқарту, қол­дағы бар қорлардың қорға­ны­сын нығайту, сондай-ақ лаңкес­тер мен басқа да қылмыс­кер­лер­дің қолына қатерлі қарулардың түспеуі бойынша және қара ба­зарға шықпауы бойынша шаралар қа­былдау», деп мәлімдеді 16 қа­зан­да Алматыдағы (Қазақстан) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері алдында сөйлеген сөзін­де мем­лекеттік хатшының көмек­ші­сі­нің орынбасары Саймон Лимаж.
Лимаж Президент Обама бастамашылық жасаған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстанның белсенділігін жо­ға­ры бағалады. Бұл басқосудың мақсаты ядролық материалдар мен қарулардың әлемдік қорын экстремистерден қорғау бойын­ша проблемаларды шешу болған еді. Қазақстанды қоса алғанда 40-тан астам ел 2010 жылы Вашинг­тон­дағы алғашқы саммитте кездесіп, 2012 жылдың наурызында Сеулде қайта жиналған-тын. Лимаж АҚШ мемлекеттік департаменті бюросындағы мемлекеттік хатшы көмекшісінің халықара­лық қауіпсіздік және таратпау ісі бойынша орынбасары болып табылады.
«Обама наурыз айындағы Яд­ролық қауіпсіздік жөніндегі Сеул саммитінде Президент Нұрсұл­тан Назарбаевпен кездесуі бары­сын­да Қазақстанға өзінің риза­шылығын жеткізді. Саммиттің басты нәтижелерінің бірі Семей полигонындағы ядролық мате­риал­дардың қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету бойынша үш жақты Қа­зақстан-Америка-Ресей ынты­мақ­тас­тығы және олардың кон­тра­бандашылар мен терроршы­лар­дың қолына түспеуінің алдын алу болды», деді Лимаж. Қазақ­стан­ның солтүстік-шығыс бөлі­гін­дегі полигонды Кеңес Одағы «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде ядролық қаруларды сынау үшін пайдаланған еді.
«Қырғи-қабақ соғыс» аяқта­лып, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстанға 1410 ядролық оқ­тұм­сықтан тұратын аса ірі ядро­лық қару инфрақұрылымы «мұ­ра­ға» қалған болатын. «Президент Назарбаев барлық ядролық қаруды ел аумағынан шығару туралы батыл да монументалды шешім қабылдады. Қазақстан бұл бағытта Нанн-Лугар бағдар­ла­масы шеңберінде АҚШ-пен және қатерді бірлесіп азайту бойынша Ресеймен, Атом энергиясы жө­нін­дегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ), басқа да халық­ара­лық әріптестерімен тығыз ын­ты­мақтастық жасады», деді Лимаж.
«Біз жақында Астанада өткен Ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі қазақстандық халық­ара­лық форумды қуаттаймыз және Қазақстанның өз аумағында Иранмен «Р5+1» (құрамына АҚШ, Фран­ция, Ұлыбритания, Ре­сей, Қытай және Германия кіретін) ке­ліс­сөзінің келесі раун­дын өткізу жө­ніндегі ұсынысын жоғары баға­лай­мыз», деді ол. Ли­маж мәлімдеп отырғанындай, Құрама Штаттар мен Қазақстан Ядролық терроризм актілеріне қарсы күрес бойынша жа­һандық бастама аясында ядро­лық және радиоактивті материал­дар­дың заң­сыз айналымымен кү­ресте басқа да әріптестерімен бірлесе іс-қимыл танытуда.
«Құрама Штаттар «лас бомба» жасауда пайдаланылуы мүм­кін радиоактивті көздерді қор­ғау­ды қам­тамасыз етуде және пай­да­ланыл­ған көздерді сақтайтын жерге жеткізуде сіздердің үкімет­те­ріңізбен тығыз ынтымақтасып отыр», деді ол қазақстандық студенттерге. Лимаж сондай-ақ Құ­рама Штат­тар­дың Қазақстанмен ғалымдарды Халықаралық ғы­лы­ми-техникалық орталыққа (ХҒТО) тарту аясын­да­ғы ұзақ мерзімді ын­тымақ­тас­ты­ғын жоғары ба­ға­лайтынын атап өтті. Оның ай­туын­ша, сапарының басты мақ­са­ты – Қазақстан үкі­ме­тімен техно­ло­гиялық орталық жұмысын жал­ғастыруды және оның штаб-пәтерін Қазақстанға ауыстыруды қамтамасыз ету бойынша келісім жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау.
«Қазақстанның таратпау мә­се­лелері бойынша өңірлік көш­бас­шылығы оны ұйымның жаңа штаб-пәтері орналасатын тамаша орын жасайды», деді Лимаж. ХҒТО басқарушыларының кеңесі қазірдің өзінде ХҒТО-ның фи­лиа­лын Орталықтың Алматыда­ғы штаб-пәтері ретінде жаң­ғыр­туды мақұлдап отыр. «Біз жақын арада Қазақстан Республикасы Үкіме­ті­нен ХҒТО-ның штаб-пә­те­рін Ресейден Қазақстанға ауыс­тыру ту­ралы ұсыныс жазылған ресми хат алатынымызға үміт­те­не­міз», де­ді Лимаж. Ол сондай-ақ студенттерге ядролық қатерді қыс­қарту­дың маңызы зор екенін атап көрсетті.
«Құрама Штаттар ядролық қарусыздану жағына қарай шешімді қадамдар жасап отыр. Осы жылдың ақпанында Ресей мен АҚШ арасында Стратегиялық қа­ру-жарақты қысқарту (СҚҚ) жө­ніндегі жаңа шарт күшіне енді», деді Лимаж. Оның айтуынша, Обаманың «Прага күн тәрті­бі­нің» бөлшегі болып табылатын бұл шарт әр елдің арсеналында тұрған ядролық оқтұмсықтар са­нын 1950-жылдардан кейінгі, яғ­ни «қырғи-қабақ соғыс» кезе­ңін­де арттырылғаннан соңғы ең тө­менгі деңгейге (85 пайыз) дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Құрама Штаттар ядролық қа­ру­дың жалпы санын азайту үде­рі­сін жалғастыруды қалайды. Бұл Ре­сеймен барлық ядролық қару-жа­рақ­ты – стратегиялық, стра­те­гия­лық емес, тағы басқа қару­лар­ды кең кө­лемде қысқарту бойын­ша болашақ келісімге ұм­тылыстан көрінеді, – деп сөз са­бақтады Лимаж. – 2009 жылдың 5 сәуірінде Прагада сөй­ле­ген сө­зін­де Обама ағымдағы жүйеге тән ядролық қа­ру­ды жаһандық таратумен байла­нысты тәуекел­дер бар екенін атап көрсетті. «Қыр­ғи-қабақ соғыс» кезеңі бая­ғыда аяқталғанына қара­мас­тан, ядролық қару жүйесі өткен бес онжылдық бедерінде өзінің өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Тарих­тың осы түсініксіздеу айналы­мын­да жаһандық ядролық соғыс қатері төмендегенімен, ядролық ша­буыл тәуекелі арта түсті».
Сөзінің қорытындысында, Лимаж студенттерге тәуекелдің өсіп отырған себебін түрлі ядролық қару-жараққа ие мемлекеттер са­нының артып отырғандығымен, яд­ро­лық қаруларды сынау мен сау­далаудың, қара базарда материалдар мен құпияларды сату­дың жалғасып жатқандығымен тү­сіндірді.
Кіші Мерл Дэвид КЕЛЛЕРХОЛС.