26 Наурыз, 2019

А. Мамин: жаңа индустрияландыру қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысы барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Склярдың, Энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың ҚР Индустриалдық-инновациялық дамуының 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндамаларын, сондай-ақ, өндіріс көлемін ұлғайту әлеуеті бар бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамаларын тыңдау қорытындысы бойынша Премьер-Министр А. Мамин бірқатар нақты тапсырма берді.

А. Мамин: жаңа индустрияландыру қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары болып, 4,1%-ды құрады. 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды», — деген Асқар Мамин бірқатар мәселеге көңіл аудару қажеттігін айтты.

Бірінші. Машина жасау индустрияландыру драйверлерінің бірі болуы тиіс.

«Көлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға баса назар аудару қажет, мұнда өндірістік кооперацияның арқасында елеулі өсім күтіледі», — деп тапсырды А. Мамин.

Мұнай-газ машинасын жасау саласы экономиканың өсуіне жаңадан серпін бере алатын салалардың бірі екені аталып өтті. Осы ретте, Премьер-Министрдің айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларының ұлғаюының ескеріп, бұл сектордың одан әрі өсуіне үлкен әлеуеті бар екенін атап өткен жөн.

«Мұнай-газ машинасын жасау саласы Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет», — деді Премьер-Министр.

Екінші. Металлургия өнеркәсібінде, әсіресе қара металлургия сегментінде 4,7% деңгейінде тұрақты өсімді қамтамасыз ету қажет. А. Мамин Арселор Миттал Теміртаудың өсу қарқынының оң болғаны маңызды екенін атап өтті.

Үшінші. Асқар Мамин шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.

«Осының арқасында кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін жоғарылатып қана қоймай, жалпы экономикалық өсімге қомақты үлес қосылады», — деді Премьер-Министр.

Төртінші. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Бұл мақсатқа ҚР Президентінің тапсырмасымен 600 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған.

«Өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан да нақты нәтижелерге жету керек. Бұл импортты алмастыруға, халықты өнімді жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді. Осы бағыттарды дамыту мақсатында қарқынды жұмыс ұйымдастырылады», — деген Премьер-Министр жаңа индустрияландыру – қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек екенін айтты.