Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Қызылордада жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталды

335 реткөрсетілді

Олимпиадаға Қазақстанның барлық аймақтарынан 9-11 сыныптың 663 оқушысы жиналған. Білім додасының қорытындысы 29 наурызда белгілі болады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев олимпиада қатысушыларымен кездесіп, «жастардың білімі, біліктілігі мен дағдылары – барша ұлттың ең маңызды әрі қымбат ресурсы» екенін атап өтті.

«Жоғары білікті мамандар даярлау мәселесінде білім беру сапасының деңгейін көтеруге тиіспіз. Облыстың сала қызметкерлері мектеп түлектерінің кем дегенде 50% ЖОО түсіруге қол жеткізуі тиіс. Біз жыл сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес өңірде сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты есебінен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға жібереміз. Биыл аталмыш грант саны 2 есеге – 100-ден 205-ке дейін артты. Осылайша, бүгінгі таңда мұндай грант иегерлерінің саны 900-ге жетті. Айта кету керек, ағымдағы жылдан бастап облыс әкімі гранттарының 70% IT-мамандықтарға бағытталады», деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар 2014 жылдан бастап аймақтың мектеп түлектері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық ЖОО білім алуда. Алғашқы түлектер өткен жылдан бастап өңірдегі кәсіпорындарда жұмыс істеп, кейбірі магистратурада оқуларын жалғастыруда. Айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан облыстағы мектеп түлектерінің 97% жоғары оқу орындары мен колледждерге түскен, олардың 58% мемлекеттік грантқа ие болды.

Сондай-ақ облыс басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар жоспарларымен бөлісті.

«Енді біздің міндетіміз - жастарды «Лига плюща» университеттерінде оқытуға қол жеткізу. Егер айқын мақсатты межелеп, нақты міндеттер қойылмаса, еш нәрсеге жету мүмкін емес! Технологияларды құру және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлік, коммуникация мен дизайн, сондай-ақ, мектеп бағдарламасына кірмейтін ғылым салаларындағы дарындарды қолдау мақсатында Ресейдің «Кванториумдар» мен «Сириустар» құру бойынша тәжірибесін зерделейміз. Олардың тәжірибесін зерделеп, жоғары білікті инженер мамандарды даярлауға, инновациялық технологиялар мен идеяларды әзірлеуге, тестілеуге және енгізуге бағытталған толыққанды технопарктер құрғымыз келеді», деп атап өтті облыс әкімі.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар