Дүбірге толы дүние
Жұма, 2 қараша 2012 7:07
Парламенттік сайлау революцияға ұласпайды
Украинада парламенттік сайлау өтті. Саяси күштер қайта екшелді. Билеуші Өңірлер партиясы өз орнын сақтап қалды. Демек, ел өмірінде үлкен өзгеріс бола қоймас, дейді сарапшылар. Сөйтсе де, өзгерістерді де аңғармау мүмкін емес.
Жұма, 2 қараша 2012 7:07
Парламенттік сайлау революцияға ұласпайды
Украинада парламенттік сайлау өтті. Саяси күштер қайта екшелді. Билеуші Өңірлер партиясы өз орнын сақтап қалды. Демек, ел өмірінде үлкен өзгеріс бола қоймас, дейді сарапшылар. Сөйтсе де, өзгерістерді де аңғармау мүмкін емес.
Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, парламентке 5 пайыздық кедергіден өткен бес партия кірді. Олар дауысты былай бөлісті: Өңірлер партиясы – 31,60 пайыз, Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы – 24,43 пайыз, Украина компартиясы – 13,80 пайыз, «Соққы» саяси партиясы – 13,50 пайыз және «Азаттық» саяси партиясы – 9,66 пайыз.
Ең алдымен парламентте әсіре ұлтшыл «Азаттық» партиясының фракциясы пайда болды. Оның орны көп болмағанымен, парламенттің мінберін пайдалану құқын ие болғанының өзі не тұрады! Ол енді өзінің басқалар келісе бермейтін ойларын парламент арқылы білдіре алады.
Жалпы, бұл ел парламентінің атағы жер жарады. Әдетте сайлауларының аяғы «қызыл-сары» революцияға ұласып, парламент мәжілістері дауға айналады. Мұнда жұрт өз пікірін жай білдіріп қана қоймай, сол пікірлері үшін төбелесіп жататыны да бар. Мінберге басқаларды жібермей, баррикада орнатады. Содан да жұрттың жаңа сайланған парламент қалай болар екен деп қадағалайтыны да заңды. Ал парламенттің жаңа құрамына қарай отырып, ол бұрынғыдан да белсендірек болады деп тұжырым жасаудың жөні бардай. Оған парламентке кірген партия басшыларының алғашқы мәлімдемелері де негіз болғандай.
Бұл жерде әсіре ұлтшылдардың жалпы партиялық сипатының өзі сондай екені белгілі болса, атақты боксшы Виталий Кличконың «Соққы» партиясы саяси өмірге рингтік әрекеттердің элементтерін енгізуі мүмкін. Бұл партияның сайлау штабының жетекшісі В.Ковальчук жаңа парламент жұмысқа кіріскенде алғашқы қолға алар ісі қазіргі президент Виктор Януковичке сенімсіздік мәселесін көтермек ойлары барын мәлімдеді. Ал бұрынғыдай пікір алмасудың аяғы төбелеске айналар болса, оның нәтижесі қиынға соғары да анық. Әлемнің ауыр салмақтағы чемпионы В.Кличконың жұдырығына басқа депутаттардың төтеп беруі екіталай.
Сайлау нәтижесіне қарай, партиялар парламенттегі өз орындарын иеленіп, шын күрес кейін заңдар талқыланар кезде басталады. Бұл елдің конституциясы бойынша парламент сайлауынан кейін үкіметтің, оның басшысының ауысуы міндетті емес. Бірақ ел басшысы басқа саяси күштердің көңіл-күйін ескеріп, үкімет басшысын ауыстыруы әбден мүмкін. Соған орай әзірге басты әңгіме премьер-министрдің кім болатындығы жайында. Қазіргі премьер Николай Азаровты кім алмастыруы мүмкін? Сарапшылардың аузында әртүрлі әңгіме жүр.
Көп ойдың қиылысатын жері – Ұлттық банктің басшысы Сергей Арбузов. Белгілі, белді қайраткер. Оның басты көзірі – президент Януковичтің баласымен дос көрінеді дейді біраз нәрсені білетін жұрт. Сірә, тегін айтпаса керек. Бұл адам басқалардың қарсылығын тудырар болса, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Клюев пен бірінші вице-премьер Валерий Хорошковскийдің кандидатуралары талқылануы мүмкін. Ал оппозиция мен ұлтшылдар өз адамдарын өткізе алмайтыны белгілі.
Украинадағы парламенттік сайлау туралы әртүрлі пікір айтылып жатыр. Батыстағы демократиялық құрылымдар, АҚШ бастаған біраз ел сайлау барысында айтарлықтай кемшіліктерге жол берілгенін айтса, ТМД елдерінен барған байқаушылар, РФ өкілі оны жоғары бағалайды. Әрине, қожанасыршылап, екеуінікі де дұрыс деуге болмас, бірақ сайлаудың өткені, оның нәтижелері барлық тараптан мойындалғаны, парламенттің сайланғаны анық. Ең бастысы – оның қорытындысы бұрынғы кездегідей революциялық әрекеттерге жалғаспайтын болып отыр.
Табиғаттың тосындығы мықтыларға да сын
Жұрт назары АҚШ-қа ауды. Президенттік сайлауға емес, жойқын дауылына. Табиғат әлемдегі ең құдіретті мемлекетті де бір сынап көргісі келгендей, қара дауыл жолына кезіккеннің бәрінің астан-кестеңін шығарды. Бұдан адам да құрбан болып жатты.
Сол алай-дүлейді, қара түнек, ақ түтін бұрқасынды америкалықтар бастан кешіп жатса, оны бүгінгідей ақпараттың шексіздігі заманында бүкіл әлем көріп, апаттың жойқын күшіне де, оған қарсы күрескен адамның қайсарлығына да куә болды. Тілсіз жаулар – алапат өрт, жойқын дауыл, топан судың қабаттаса келгені бастан кешкендерге ғана емес-ау, көргендерге де үрейлі еді.
Аяушылық сезімі бар әр адамның жүрегі сондай апатқа душар болғандардың қасіретіне ортақтасып сыздағаны да күмәнсіз. Сірә, америкалықтар біздің саяси қарсыласымыз ғой, өздеріне сол керек деп табалағандар болмаған шығар-ау. Дәл осындай жағдай басқаның да басына түсуі мүмкін. Ешкім де тосын қасіретті сұрап алмайды. Ешкім мұндайға душар болмай-ақ қойсын.
Иә, «Сэнди» деп аталатын дүлей дауылды америкалықтар да, канадалықтар да, одан сәл бұрын Кариб бассейніндегі елдер де сұрап алған жоқ. Әсіресе, бұл апат АҚШ-тың шығыс аймағында шарықтау шегіне жетті. Әлемдегі алып қалалардың бірегейі саналатын Нью-Йорк алапат дауылдың өтінде қалды. Онда кей жерлерде тасқын су төрт метрге дейін көтерілді. Тіпті ғасырдан аса тарихы бар метроны да алғаш рет су басыпты. Қоғамдық көлік толық тоқтаған.
Нью-Йорк қаласын ғана емес, жойқын дауыл елдің он штатын қамтыпты. 6,5 миллиондай халық электр қуатынсыз қалған. Темір жол қатынасы, 15 мыңдай авиарейс тоқтатылған. Дауылдың ені 835 шақырым болып, желдің жылдамдығы сағатына 140 шақырымға жетіпті. Сол бір тәулік ішінде бір жерлерде 70 сантиметрден 1 метрге дейін қар жауған.
Бұл тым қатал сын еді. Одан америкалықтар ойдағыдай өтті деу де қиындау. Өйткені, қаншама зардап-шығын өз алдына, адам өлімі де орын алды. Ақпаратқа қарағанда, бұл елде 42 адам қаза тауыпты. Осыдан 7 жыл бұрын өткен «Катрина» дауылы кезінде 1836 адам қаза тапқанын еске алғанда, шүкіршілік деуге де болғандай екен.
Әрине АҚШ – алып ел. Үлкен қиындыққа қарсы тұруға мүмкіндігі мол. Сөйтсе де елдің бұл табиғи апатқа қапысыз дайындалып, оны ұйымшылдықпен өткізгені – басқаларға сабақ. Мынадай жағдай кезіккенде, америкалықтар басқа нәрсені жиып қойып, адамдарды құтқаруды ойлапты. Президент Барак Обаманың халыққа үндеуі, сірә, жұрттың есінде қалар. Ол: «Сайлауды қоя тұралық, оған әлі бір апта бар. Қазіргі біздің басты міндетіміз – адамдарды құтқару. Адамның тамағы, суы болсын. Көш десе, көшіңдер. Сұрақ қоймаңдар. Бұл аса ауыр шторм болмақ. Оған біз дайынбыз. Жеңеміз», – депті.
Оның сөзі жүзеге асты. Алапат дауыл қарсаңында, ол болған кезде, оның зардаптарын жою кезінде сайлау науқаны тоқтапты. Бірақ алапат апатпен күрес, сірә, әсіресе, президент Барак Обама үшін пәрменді насихат болған шығар дейсің. Халық сөзден гөрі, істі бағалайды.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».