Маңғыстау ауданы аумағында орналасқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-қа қарасты аталмыш кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында кен орнының орталық бөлігіне тән техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқақ атқылай жанып, 10 метр биіктікке дейін жалын ата алаулағаны, өрт аумағының 900 шаршы метр жерді қамтығаны айтылуда. Апат туралы алдымен төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне хабарланған.
Қазіргі таңда оқиға орнында Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамының 53 адамы және өрт сөндіру техникасының 12 бірлігі жұмылдырылған. Өртті сөндіру барысында жанған жерді тасымалданатын лафеттік оқпандармен сөндіру үшін бірнеше рет талпыныстар жасалды, алайда өрт ошағына кірме жолдардың жоқтығына байланысты өртті ауыздықтау мүмкін болмады.
Оперативті өрт сөндіру штабын Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қ.Базарбаев басқаруда. Штаб құрамына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаев, ҚМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы С.Қазақбаев, КӘАҚҚ РОШ Маңғыстау филиалының (бұрқаққа қарсы қызмет), «СиБу» ЖШС өкілдері және басқалар бар.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ оқиғаға байланысты ақпарат таратты. Ақпаратта су-газ аралас бұрқақтың шығуы жайлы айтылып, 13-24 күндері мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізгендігі айтылған.
«2019 жылғы 25 наурызда сағат 05:46-да (Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша) 8232 ұңғыманың аумағында 16 наурызда жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастады. «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС жауынгерлік тобының шақырылған орынға келу уақыты 05 сағат 58 минут. Құрбан болған және зардап шеккендер жоқ. 2019 жылғы 25 наурызда сағат 14:30-ға қарай өртті ауыздықтау үшін қосымша Ақтау қаласының МӨҚҚ 6 өрт сөндіру тобы келіп жетті: 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіруші автомобиль» делінген ақпаратта.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысының аумақтық бөлімімен бірлесіп, кен орнындағы апатты оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Оқиға орнына Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі М.Досмұхамбетов келді. Бірінші вице-министр өртті тұмшалауға жұмылғандардың жұмысын қадағалуда. 26 наурызда қандай да нақты шешім қабылдануы тиіс болатын.
– Апат орын алған жерден күнделікті ауаның, топырақтың, судың сынамалары алынып, сараптама жасалынды. Апат толық ауыздықталған соң ғана қоршаған ортаға қандай зиян келтірілгені, оның көлемі туралы айтуға болады. Барлық жұмыстар ел заңнамаларына сәйкес жүргізілетін болады, – деді Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің Орталық коммуникациялар қызметімен бірлесе өткізген брифингінде Маңғыстау облысының экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Р.Тукенов.
Оқиғаның себеп-салдары толық анықталады деп ойлаймыз. Зардап шеккендердің болмауы көңіл қуантады. Алайда, төтенше жағдайды, орын алған оқыс оқиғаны ауыздықтаудағы кәсібиліктің, шеберліктің шынайылығына күмән пайда болды. Сандаған техника мен мамандар күшін жұмылдыра жүгіргенмен, айдың-күннің аманында ұңғымадан шыққан су аралас газды тұмшалай алмай әбігерге түскендердің әрекетіне қарап сонау 1961 жылдары мұнай бұрқағы атқылағанда қара күш пен құрыш білегіне сүйене жансебілдік танытқандардың ерлігін еске ала күрсінесіз...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы