27 Наурыз, 2019

Қостанайда мұғалім кәсіпкер атанды

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұрынғы мұғалім «Бастау» курсының арқасында бизнес-леди атанды.

Қостанайда мұғалім кәсіпкер атанды

Алайда 22 жастағы Анастаия Трубникова кәсіпкер болса да, педагогиканы тастаған жоқ. Енді оның алдындағы партада оқушылар емес, 2 жастан асқан бүлдіршіндер отырады. Осыдан екі ай бұрын ғана Қостанай ауданының орталығы Затобол кентінде балалар орталығын ашқан жас қыз өзінің әу баста ойлап жүрген бастамасын жүзеге асыра білді. Ол балаларды шығармашылық көмегімен оқытуды бастады.

Анастасия өзінің бизнесіне тиянақты дайындықпен келді. Ол алдымен мұғалімдіктен оқушыға айналып, яғни «Бастау» жобасына қатысып, басқалармен бірге партаға отырды.

«Мен балаларды жақсы көремін, өз мамандығым ұнайды. Бірақ балаларға қажетті білім беруді білсем де, кәсіпкерлік туралы хабарым жоқ еді. «Бастау» курсы маған бухгалтерлікті, маркетинг мен кәсіпкерліктің басқа да кілтипандарын үйретті» дейді Анастасия. Ол балалар орталығын тақыр жерден бастады. Ол үшін 4 миллион теңге несие алды. Бұл қаржы орталыққа мебель, жабдықтар алуға және тағы екі педагогке жалақы төлеуге жетті.

«Біз жарнамадан қаржымызды үнемдедік, көшеге шығып, парақшалар тараттық. Балалар тақырыбына кештер өткіздік. Бүгінде он бес бала жиналды, олармен жұмыс істеп, нәтижесін көретін боламыз» дейді Анастасия.

Балалар орталығының ерекшелігі, оларға арт-терапия, пескография, театр өнері сабақтары ойын түрінде өткізіледі. Бұл кішкенатй бүлдіршіндерге өте ұнайды, сабақтан жалықпайды. Анастасия алдағы уақытта балаларды сауықтыру сабақтарын қосатын болады. Кәсіпкер орталықтың жеке ғимараты, сауықтыру бөлмелерінің болуына жұмыс істейтін жоспарларымен де бөлісті.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай