– 2003 жылы Ауыл жылында жасаған дүнием. Тура 16 жыл болыпты. Әсіресе, сырттан келген қонақтар қызыға қарап өтіп жатады, – дейді Ержан «аюын» аялай сипап қойып. Тура Ресейдің «Маша мен аю» атты балаларға арналған мультфильміндегі денелі қоңыр аюдың өзі. Екі қолын алдына қусыра ұстап, тау жаққа қөз салып тұр.
Рас, ағаштан түрлі аңдардың мүсінін жасауға екінің бірі бара бермейді. Қиынның қиыны. Ержанның кейбір әсіресе, қара ағаштан жасайтын мүсіндеріне айлап уақыт кетіп қалады екен. Көбіне жұмысына діңі жуан көк теректі таңдайды. Ержандай шебер қолды мүсінші жігіт дәл осынау іске жаратылғандай жан секілді. Алматы қаласындағы республикалық көркемсурет колледжін мүсін өнері бойынша, одан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет, графика факультетін бітіріп шыққан.
– Кішкентай кезімнен-ақ бейнелеу өнеріне ынтық болып өстім. Әлі есімде, 5 сыныпта оқып жүрген кезімде «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздық. Сонда болашақта мүсінші болам деп жазған едім. Жүрегім қалаған түрлі жан-жануарлардың мүсінін жасай беремін, – дейді Ержан күлімдей тіл қатып.
Ағаштан жасап шығатын аңдары тура өзінен айнымай көз тартып тұратыны қуанарлық. Оны қалаған түспен сырлап қойса, ұзақ жылдарға шыдас береді екен. Ержанға арнайы тапсырыс беріп жататын жандар да көп. Әсіресе, екі қабатты үйлері бар, есіктерінің алды алуан гүлмен, тал-терек, жеміс ағаштарымен көмкерілген сәнді аулаларда түрлі аңдардың әсіресе, еліктің мүсіндері тұрғаны ғажап-ақ. Ержаннан естігеніміздей бірсыпыра мүсіндері қоғам қайраткерлерінің есіктерінің алдында тұрған көрінеді. Рас, ағаштан айлап, апталап маңдай терлете жасап шығатын мүсіндердің бағасы да өзін-өзі ақтайтын дәрежеде болады екен. Өйткені бұл ерінбей еткен еңбектің жемісінен құралады.
– Менің жасаған аттарым Астана қаласында өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінен орын алды. Ағаштан жолбарыс, аю, үкі, мысық, бүркіт пен тасбақаны да жасадым. Бір жылқының басын қара ағаштан жасаған едім. Бір ай еңбектенуге тура келді. Жалпы, қазақша 12 айдағы жан-жануарларды түгелдей сомдап шықтым, – дейді Ержан өзінің жұмыстарынан хабардар етіп.
Біз сөз етіп отырған ерінбейтін еңбеккер, майталман мүсінші, сырлы суреткер Ержан Қожахметұлы қазір қамал алар қырықтың мол ішінде. Ауылда да, қалада да жүрек қалаған ісін істей береді. Алматы қаласындағы, республика көлеміндегі бірсыпыра ғимараттардың, балалар бақшаларының алдында қолынан шыққан мүсіндері тұр. Өзі секілді шебер қолды азаматтармен Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы әйгілі даңғылды безендіруге қатысыпты. Өткен жылы Қарабұлақ ауылында салынған Алланың үйіне де атсалысқан. Мешіт ғимаратында көздің жауын алар қолтаңбалары тұр.
Жеке шеберханамды ашсам деген үлкен мақсатым бар. Ынта-ықыласы бар жастар болса, шәкірттер тәрбиелеу жағы да ойымда. Қажетті құрал-саймандарымды да толықтап алғым келеді, – дейді Ержан алдағы жоспары туралы әңгімелеп.
Қанат БІРЖАНСАЛ,
журналист
Алматы облысы