27 Наурыз, 2019

Бастамалардың уақытында орындалуы маңызды

4615 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жасалып, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Сонымен қатар Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына толықтырулар енгізілді. 

Бастамалардың уақытында орындалуы маңызды

Экономикалық өсім қамтамасыз етіледі

Отырыста Ұлттық банк төрағасы Ер­болат Досаев Үкімет пен Ұлттық банк ара­сындағы 2019 жылға арналған макро­экономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жобасын таныстырды.

−Тиімді ақша-несие саясат жүргізуге қатысты міндеттер мен инфляцияны бақылау шараларын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк төменгі инфляцияны ұстап тұру, сондай-ақ елдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейін тұрақты ұстау басымдығымен инфляциялық таргеттеу режімін сақтап қалады, – деді ол. Е.Досаевтың айтуынша, 2021 жылға дейін инфляция дәлізін 4-6 пайыз деңгейінде сақтап, 2020 жылдан бастап, оны 3-5 пайызға дейін төмендету көзделген.

− Ұлттық банк нақты көріністі 3-3,5 пайыз шегіндегі негізгі мөлшерлеме дең­гейінде ұстап тұруға барынша талпынады. Инфляцияның белгіленген мақсатты дәліз шегінен асып кету қаупі күшейген жағдайда, ақша-несие саясаты қатаңдатылуы мүмкін, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Ол валюталық нарық тұрақтылығын қам­тамасыз етуге қатысты міндеттерге де тоқталды.

− Ұлттық банк теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр. Валюталық сауда-саттыққа аралас­пау саясатын сақтай отырып, Ұлттық банк икемді өктемділік жасау құқығын өзіне қалдырды. Шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша жоспарланған операциялар туралы ақпараттың жүйелілігі мен айқындылығы валюта нарығына тұрақтылық береді. Институционалдық инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға, банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығындағы нарықтық индекстер мен көрсеткіштерді қалыптастыруға ерекше назар аударылмақ. Баға белгілеудің тиімділігін арттыру үшін банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығында нарықтық индекстер мен индикаторларды қалыптастыру қамтамасыз етіледі, – деді Е.Досаев. 

Тақырыпты толықтырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов теңгерімді фискалдық саясат шеңберіндегі жұмыс кірістердің өсуін және салық салу базасын кеңейтуді ынталандыруға бағытталатынын атап өтті. – Үкімет пен Ұлттық банктің тиімді ақша-несие саясаты және инфляция деңгейін бақылау жөніндегі бірлескен шаралары экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тарифтік саясатты жетілдіру және тұтыну тауарларын өндіруге бағытталған шараларды әзірлеу жоспарлануда, – деді Р.Дәленов.

Негізгі баяндамашылардан кейін сөз алған Премьер-Министр А.Мамин алғаш рет Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы өзара іс-қимыл келісім түрінде ресімделгенін атап өтті. – Келісімнің іске асуы арқылы экономиканың сапалы өсуі және халықтың тұрмыс сапасының артуы қамтамасыз етіледі, – деді Үкімет басшысы.

Өнеркәсіп өсімі − 4,1 пайыз

Үкімет отырысында қаралған екін­ші мәселе − 2015–2019 жылдарға арнал­ған индустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасының іске асы­рылу барысы. Тақырыпқа қатысты алғашқы баяндаманы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Ск­ляр жасап, жоба іске асырылған 4 жылда (2015-2018 жылдар) жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылғанын айтты.

− Есепті кезеңде ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1 пайыздан 11,6 пайызға дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6 пайыздан 6,9 пайызға дейін өсті. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп 4,1 пайызға өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4 пайызға қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр, – деді министр. Оның айтуынша, өсім көрсеткен салалардың қатарында машина жасау −14,1, химиялық өнеркәсіп − 8,1, мұнай өңдеу – 8,8, жеңіл өнеркәсіп – 4,4 және металлургия – 2,2 пайызға жоғарылаған. Былтыр индус­трияландыру картасының аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 102 жоба іске қосылып, 13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды. Р.Склярдың айтуынша, жыл соңына дейін Қарағанды облысында ферросилиция өндіретін зауыт, Алматы қаласында болат спиралді құбыр өндіретін зауыт іске қосылады. Автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру жоспарланған.

− Өнеркәсіптік кооперация аясында Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өн­­ді­ретін зауыт құрылысы басталады, «КамАЗ» АҚ-мен бірлескен өнеркәсіп құры­лады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техни­касының бөлшектерін өндіретін технологияларды беретін «Кировец» зауытымен ынтымақтастық орнатылған, – деді министр.

Бұған қоса, «қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд теңгенің 400 млрд теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталатыны да белгілі болды. – Бұл күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн теңгеге дейін өсіру, «қарапайым заттар экономикасы» өнімін импорттау үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін төмендету мүмкін болады. Биыл экспортты ілгерілетуге бөлінген 500 млрд теңге игеріле бастады. Қаражат жеңілдікпен қаржыландыруға, сақтандыру көлемін ұлғайтуға және экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеуге, көрмелер, маркетинг, сату нарықтарына кешенді талдау және сертификаттау шығындарын өтеу үшін кең қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге ба­ғыт­талатын болады, – деді министр. Р.Скляр­дың хабарлауынша, Қарашығанақ, Қашаған жә­не Теңіз сияқты ірі жобаларды іске асыру арқылы мұнай-газ жабдықтарына деген сұраныс артып отыр. Соның салдарынан бүгінде машина жасау секторының үлесі 5%-ды құрайды.

Ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын дамыту туралы Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Сапархан Омаров баян­дады. Оның айтуынша, отандық ауыл ша­руашылығы техникасын дамытудың әлеуеті зор. Отандық машина жасаушыларды қолдау мақсатында бүгінгі таңда отандық техниканы сатып алушыларға тауар сомасының 25 пайыз көлемінде мемлекеттен инвестициялық субсидиялар берілуде. Жергілікті әкімдіктердің де жергілікті бюджеттерден 10 пайыз инвестициялық субсидиялар беруге мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда инвестициялық субсидиялар көлемі 35 пайыз болады. 

Атқарылатын жұмыстар анықталды

Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына арналған толықтыруларды таныс­тыр­ған Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Дәурен Абаев құжатқа сәйкес жас­тар­ды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұр­ғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге, жас отбасыларды қолдауға бағытталған бір­қатар нақты шаралар көзделгенін жеткізді. 

− Бүгінгі таңда жол картасының жобасы 89 тармақтан, 5 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Бұл баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, отбасындағы бала саны, көп отбасылар, мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар ескерілетін болады, – деді Д.Абаев. Оның айтуынша, екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарымызға арнайы 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік грант бөлінеді. 

− Үшінші бағытта білім беру мен еріктілер ұйымдарын дамыту жоспар­ланған. Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Осы бағ­дарлама арқылы сұранысқа ие 100 индус­триялық және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны мен 180 колледж базасында жүзеге асырылады. Үш жыл ішінде елі­міздің барлық аймақтарында 200 мың жас азаматты оқытуды көздеп отырмыз, – деді министр. Сонымен қатар ол төртінші бағытта жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту көзделетінін айтты. «Бұл бағытты «Жасыл ел» қозғалысының «Жасыл қала», «Жасыл ауыл» ортақ ұлт­тық жобасының аясында жүзеге асыру қа­рас­тырылып отыр. Құрылыс компания­ларында студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық бағдарлама және тағы да басқа бағдарламалар әзірленеді. Бесіншіден, жас отбасыларды денсаулық пен әлеуметтік инклюзивті қолдау туралы бағыт бар, – деді министр. 

Тақырыпты қорытындылау барысында А.Мамин бірқатар мәселеге назар аудару қажеттігін атап өтті. 

− Ұсынылған Жол картасында жас­тарды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуге, жас отбасыларды қолдауға бағытталған бірқатар нақты шара көзделген. Бұл – өте маңызды қадам. Біріншіден, әкімдіктер тиісті министрліктермен бірге жастарға жыл сайын кемінде бір мың жалдамалы пәтер беру құралын айқындау жөніндегі жұмысты жеделдетуі керек. Екіншіден, жастарды жұмыс­пен қамту мәселесін бақылауда ұстау – аса маңызды. Жастар арасындағы кәсіпкер­лікті дамыту қажет, – деді Үкімет басшысы. 

Осыған байланысты Премьер-Министр А.Мамин Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірге осы жобаға қатысатын оқу орындары мен кәсіптер тізімін айқындауды жедел­детуді тапсырды. Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігіне тиісті мем­лекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге Жол картасын сапалы іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»