Осы орайда «Қазақстан дінтанушылары конгресі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде азаматтық ұстанымымды ортаға салып, жеке пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Әрине, Қазақстан Республикасын соңғы 30 жыл бойы басқарған Н.Назарбаевтың есімі қазақ тарихынан ойып тұрып орын алары даусыз. Кейбір сарапшылардың жіті байқағанындай, Қазақ хандығының тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» ортағасырлық дербес көшпелі мемлекеттің қалыптасуында қандай маңызды орын алса, заманауи егемен Қазақстанның тәуелсіз дамуындағы Елбасының жүргізген саясаты «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген атпен дәл сондай мән-мағынаға ие болуы әбден мүмкін.
Дінде, әсіресе, ислам дінінде «Патшаны Тәңірі тағайындайды», «Өздерің қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» деген сарындағы тәмсілдер бар. Отаршылдық пен тоталитаризмнің шырмауынан босап шыққан қазақ халқының маңдайына бұйырғаны Н.Назарбаев болды және ширек ғасырдан астам билік ету барысында ол әлем мойындаған алдыңғы қатарлы кәнігі саясаткердің біріне айналды. Ол – бітім-болмысы кесек, маңдайы жазық, жан-жақты білімді әрі өнерлі, өмір мен еңбектің тезінен шыңдалып өткен тәжірибелі, алыс-жақынды болжай білетін ұшқыр ойлы, тез шешім қабылдай білетін әрі қиыннан қиыстырып жол тауып кететін тапқыр, патшаға тән кең пейілі мен көңілі бар, өзін өзі ұстау әдебі мен бірнеше тілде мүдірмейтін, сөйлеу мәдениеті жоғары, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының бетке ұстарына лайықты, «атына заты сай» тұлға.
Н.Назарбаевтың жүргізген ішкі және сыртқы сарабдал саясаты мемлекет пен дін арасындағы және әрқилы конфессиялар арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты. Тарихи тағдырларға сай ұлттық, мәдени және діни әртектілік орын алған біздің еліміз тәуелсіздік алған тұста оның дербес даму болашағына күмәнданатын пікір мен пиғыл басым болды. Алайда, конфессияаралық келісім мен толерантты сана қалыптастыру негізінде біздің елімізде дінаралық қақтығыс орын алған жоқ. Әдетте бір-біріне қырын қарайтын әртүрлі дін өкілдері бір үстел басына отырғызылып, сұхбат жүргізіліп, әр үш жыл сайын Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылды. Мұның өзін әлемде ұқсасы жоқ, теңдессіз шара деп қарастыруға болады. Мемлекет пен діни ұйымдардың үйлесімді байланысына негізделген зайырлы елдің қазақстандық үлгісі жасалды және ол діннің қоғамдағы орнының құбылуына қарай үнемі жетілдірілу үстінде.
Міне, сан-салалы саясаттың осы бір қырының өзінде Елбасының сіңірген еңбегі мойындау мен мадақтауға тұрарлық. Қазіргі әсіре діншілдіктің өз аумағынан шығып, қоғамдық және мемлекеттік істерге араласу қаупі байқалған тұста, Н.Назарбаевтың дін саласына қатысты жүргізген салиқалы саясаты лайықты бағаланып, бұл істегі мемлекетшілдік рух пен дәстүр сабақтастығы сақталуы тиіс деген ойдамыз.
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Қазақстан Дінтанушылары конгресінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ