27 Наурыз, 2019

Құпиясы ашылмаған қобыз

1125 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Құпиясы ашылмаған қобыз

Қостанай қаласының тұрғыны, темір жол саласында еңбек ететін Асқар Той­ғановтың үйінде ұлы атасы Тойған деген кісіден   ұрпақтан-ұрпаққа мұра бо­лып жалғасып келе жатқан қобыз сан­дықтың түбінен  жарыққа шықты.  Той­ғановтар әулеті жасы үш ғасырға жуық­таған бұйым деп білетін көне қо­быз­ды жақын жылдары қолөнер шебері Мұхамедқали Рахалиев қайта жөндеп, аспаптың бет терісін қайта қаптап, маң­дайына «Нұрпейіс (Тойған) атадан қалған қобыз. Мұрагерлерге аманат. ХVІІІ ғ.» деген жазу жапсырып беріп­ті. Асқар қобызды Е.Өмірзақов атын­да­ғы облыстық филармонияның тек өңір­ге ғана емес, республикаға танымал қо­бызшысы Батырбек Байназаровқа көрсеткен екен. 

– Қайта өңделген қобызды ойнап көр­дім, кәдімгідей   қоңыр үні шығып тұр. Ұлтымызға тән көне затты ұстағанда,  ба­балармен  сырласқандай болады екен­сің. Менің де қобызды қолыма ұстап, тозған ысқыны ішекке сала бергенімде жү­регім дір еткендей болды. Қобыз қа­рағайдан тұтас шабылған. Негізі қазақ­та қобыздың бірнеше түрі бар ғой. Мына қобыздың көлемі де, үні де нар­қобызға келеді. Әу баста түйенің терісі­мен қапталған деседі. Түсіп қалған сыл­дыр­мақтарының орнына қарағанда, бұл бақ­сының қобызы болуы керек, – дейді Батырбек. 

Ел арасында «Тойған емші» атанып кеткен Нұрпейіс өз заманында жұртын ауру-сырқаудан емдеген әрі кө­ріп­келдігімен де танымал болған көрі­неді. Қобызды сақтап отырған Асқар Той­ға­новтың айтуынша, бабасының адам емде­генде пайдаланған тек қобызы ғана емес, қамшысы мен қылышы да болыпты. 

– Қобыз біздің әулетімізде, қамшы жамағайын туыстарымызда тұр. Ал қылыштың қайда екенін білмейміз. Осы үш жәдігердің басын қосуды армандаймын, – дейді Асқар. Ел аузында Нұрпейіс бақсының Марал ишаннан бата алған, оған шәкірт болғаны туралы әңгімелер де айтылып қалады.

– Бабамыз Ордабай қонысы деген жерде өтетін жұма намазында Марал ишанмен қатар тұру үшін 130 шақырым жерден жаяу келеді екен. Оның бойында тылсым күштің, қасиеттің болғанынан шығар, – дейді Асқар. 

Тойған емшінің бейіті Таран ауданындағы Шилі деген ауылдың қасында жатыр. Ал қазір Асқардың 5-сыныпта оқитын ұлы Алан қобыздың, бабаларының тарихын зерттеуді әлден мақсат тұтып, әке-шешесі, әжесі айтқан әңгімелерді жинастырып жүр. 

– Бір жылдары ауылдың қойы белгісіз ауруға шалдығып, бауырын көтере алмай жата беріпті. Сонда қариялар «малды Тойған атаның басына түнетіңдер» депті. Ауыл жігіттері малды қорымға иіріп қойып, таңертең тұрса, қойлар жайылып жүр екен. Мұны Райхан деген әжем айтып отырады екен, – дейді кішкентай Алан. Зерек оқушы мұның барлығы зерттеуді қажет ететін дүние екенін жақсы түсінеді. Әзірге қобыз құпиясын түгел ашқан жоқ.     

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ