27 Наурыз, 2019

СҚО тасқынға қарсы жоғары дайындық режіміне көшірілді

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық әкімдіктің отырысында  көктемгі тасқынға дайындық барысы жан-жақты талқыланып, нақты шаралар белгіленді.

СҚО тасқынға қарсы жоғары дайындық режіміне көшірілді

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп, барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшкенін атап өтті. Көктемгі су тасқынын еңсеруге  1400 адам, 730 техника мен 353 мотопомпа жұмылдырылатын болады. Былтыр су өткізгіш 20 құбыр салынса, биыл тағы 27-сі  іске қосылады. Елді-мекендерден 800 мың тоннаға жуық қар шығарылып, автожолдарда 2 мың құбыр тазартылды.

Құмар Іргебайұлы  ауылдардағы барлық үйлерді тексеруге тапсырма берді.

«Бірде-бір баспана назардан тыс қалмауы тиіс. Көше бойларындағы қарды сыртқа шығару жайы қанағаттандырмайды. Күн күрт жылыса,  қарғын судың қаупі еселене түсетінін ескеріңіздер. Сондықтан су басу қаупін сейілтудің барлық мүмкіндіктері  қарастырылуы қажет», деді ол.

Облыс орталығындағы шеткері ықшам аудандарда суды сору жұмыстарына бірқатар сын айтылды. Кәріздік жүйе тек орталық көшелерде ғана тазартылған. Жеке кәсіпорындармен келісім-шартқа отырып, оларды тарту  қажеттігі атап көрсетілді . Мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың аумақтарында да қар баршылық. Қар шығару жұмыстарына қосымша күштерді тартуды тапсырылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы