27 Наурыз, 2019

Елдің Елбасына құрметі ерекше

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Тараз қаласында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдарының облыстық форумы болып өтті. Аталған жиынға 100-ден аса бастауыш партия ұйымының жетекшілері, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Елдің Елбасына құрметі ерекше

Қазіргі кезде облыс бойынша 350-ге жуық бастауыш партия ұйымы болса, онда 70 мыңға жуық партия мүшесі бар. Форумда сөз алған бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері жасап жатқан жұмыстары жайлы кеңінен тоқталып, егемендік жылдары еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан Елбасы есімінің Елордаға берілгенін үлкен қуанышпен қабылдағандарын жеткізді.

«Біздің ел болып, еңсе тіктеуімізге өзге тұрмақ, өз ішімізде де сенбеушілер әуел баста көп болды. Шын мәнінде, сол бір кез көпшіліктің болашаққа күмәнмен қараған кезеңі еді. Сондай қиын кезеңнен алып шығып, бүгінгідей мамыражай заманға жеткізген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз», – деді «Шолақтау» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бағлан Сұлтанбек. Ал «Қаратөбе» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Мөлдір Қырықбаева өз сөзінде «Елбасының есімін астанамызға беру арқылы біз ешқандай жаңалық ашып отырғанымыз жоқ. Өйткені мемлекеттің негізін қалаушы тұлғалардың есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырған мұндай оқиғалар әлемдік тарихта жиі кездеседі. Сондықтан еліміздің бас қаласына тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап қана қоймай, елімізді ырыс пен ынтымақтың алтын бесігіне айналдырған Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыздың есімін беру өте орынды шешім әрі заңды құбылыс», – деді.

Сонымен қатар, «Дегерес» бастауыш партия ұйымының төрағасы Рауан Сағындықов Елордамыздың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі тәуелсіз Қазақстан өміріндегі тарихи оқиға екенін, мұны жамбылдық бастауыш партия ұйымдары тарихи әділеттіліктің орнауы ретінде бағалауда екенін, ширек ғасырдан астам уақытта елімізді әлемге танытқан тұлғаның кемеңгерлігі мен даналығына мұндай құрмет көрсетілуі заңдылық деп қабылдайтынын жеткізді.

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы