27 Наурыз, 2019

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының командирлерін жалғандық детекторымен тексерді

498 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мәдениетін жасақтау мақсатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерімен ерекше форматтағы кездесулер өткізілуде.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының командирлерін жалғандық детекторымен тексерді

Ағымдағы жылдың 25 наурызынан бастап Қорғаныс министрлігінің Бас әскери полиция Басқармасы мен тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілдері, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерін аралап, ерекше форматтағы семинарлар өткізуде.

Кездесу барысында олар командирлер мен материалдық жауапкершілігі бар әскери қызметшілерді, әскери заңгерлер мен қаржы мамандарын жинап, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жататын күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларды модельдеп, әскерилердің осы жағдайлардағы әрекеттері мен реакцияларына баға берді.

Сонымен қоса, кездесуге қатысқан әскери қызметшілер полиграфпен тексеріс өтті. Батылдық танытып, тексеріске бірінші болып бел буып шыққандардың қатарында 41433 әскери бөлімінің командирі подполковник Есболат Нурекешов болды. Тексеріс аппараттары жалғанған бойда командирге «Сыбайлас жемқорлық жасадыңыз ба? Нашақорлыққа бой алдырдыңыз ба? Азарттық ойындар ойнайсыз ба? Букмекерлік кеңселерге барасыз ба?» дегендей сұрақтар жаудырылды. Алайда, батыл командирдің жауаптарының барлығын полиграф растап шықты.

- Полиграф аппараты адам организмінің физиологиялық реакцияларын оқитын белгілі сезбектер арқылы жұмыс жасайды. Яғни, оны алдаған кезде реакция пайда болады. Тексерістен өтушілер әрдайым қобалжып тұрады, стресс кешеді. Бірақ бұл - қалыпты жағдай. Себебі аталған процесті жағымды деп айта алмаймын, - дейді Бас әскери полиция Басқармасының полиграфологикалық бөлімінің аға офицері, подполковник Жомарт Битабаров.

Бұл полиграфтарды Қорғаныс министрлігі 2018 жылдың қыркүйек айында Ресейден алдырған, олардың біреуі мобильдік, ал екіншісі стационарлық. Аппараттарды алдау мүмкін емес, олардың зерттеу дәлділігі - 97-98%. Бір адамды толық зерттеуге шамамен екі сағат уақыт кетеді. Адамға бекітілген сезгектер оның организміндегі барлық реакцияларды оқуға шамасы жетеді.

Әскери полиция Бас Басқармасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармасының аға офицері, подполковник Нұрбол Алтынбековтың айтуынша, тексеріске алғаш рет қызметке орналасып жатқан және жемқорлық ықтималдығы жоғары лауазымдарға тағайындалып жатқан азаматтар жіберіледі. Түсіндіру жұмыстары әрбір әскери қызметшіге өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру қажіттегін түсіндіруге бағытталған.

Кездесу сонында семинарға қатысқан әскери қызметшілермен сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық актілерді меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған тестілеу мен жасырын сауалнама жүргізілді, кейін сыбайлас жемқорлықты алдын алу мен болдырмауға бағытталған бейнероликтер мен фильм көрсетілді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы