27 Наурыз, 2019

Табиғи монополиялар субъектілерін реттеу мәселелері талқыланды

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» халыққа Жолдауының аясында табиғи монополиялар субъектілерін реттеу, баға белгілеу және инвестициялық міндеттемелерді мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің басшылығымен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Табиғи монополиялар субъектілерін реттеу мәселелері талқыланды

Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев шараны аша келіп, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коммуналдық қызметтер бағасының жоғары екенін атап өткенін, сондай-ақ өткен жылғы Жолдауда айтылған электр мен жылу энергиясының қазіргі тарифтерін қалыптастыру және монополистердің инвестициялық міндеттемелерін бақылау жөніндегі өзекті мәселелерге назар аударды.

Сенатор С.Еңсегенов Парламент табиғи монополиялар субъектілерінің қызметінің ашықтығын арттыруға және тарифтік есеп-қисаптар мен инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды бақылауды күшейтуге бағытталған «Табиғи монополиялар туралы» заң қабылдағанын атап өтті. Одан басқа, Парламент депутаттары бизнес-ортаны және сауда қызметін дамыту туралы заң аясында табиғи монополиялар субъектілері мен әлеуметтік маңызы бар нарықтар қызметтеріне бағалардың өсуін шектеуге бағытталған ережелерді ұсынған болатын.

Министрдің орынбасары С.Жұманғарин өз баяндамасында табиғи монополиялар субъектілері қызметінің негізгі көрсеткіштері мен баға белгілеуді және инвестициялық міндеттемелерді мемлекеттік бақылауды жетілдіру жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған шаралар туралы хабардар етті. Осы жұмыстардың нәтижесінде жылумен жабдықтау, су жеткізу, кәріз, электр және газбен қамтамасыз етуге арналған коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілгені айтылды.

Шараға қатысушылар табиғи монополиялар субъектілерінің басқа да мәселелерін, көрсетілетін қызметтердің бағасын белгілеу тәртібін, инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруды талқылады.

Кездесудің қорытындысы бойынша Комитет қатысушылардың ескертулерін ескере отырып, табиғи монополиялар субъектілерін реттеуді жетілдіруге, баға белгілеуге және инвестициялық міндеттемелерді мемлекеттік бақылауға бағытталған ұсыныстар әзірлейтін болады.