27 Наурыз, 2019

Биыл Алматыда үш бірдей жол айырығы салынады

399 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алып мегаполис - Алматының аумағы жыл санап артып келеді. Осыған орай көлік саны да еселеп өсуде. Кептелектің алдын алып, бұл мәселені жүйелі реттеп отыру үшін қала жолдарын оңтайландырудың маңызы зор. Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін мегаполисте үш бірдей жол айырығы  салынбақ.

Биыл Алматыда үш бірдей жол айырығы салынады

Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың сөзінше, биыл желтоқсан айында Рысқұлов даңғылы мен Құлжа тас жолы, Сейфуллин мен Жансүгіров көшелері, Рысқұлов пен Емцов көшелерінің қиылысындағы жол айырықтарының құрылысы толықтай аяқталады. Бұл жол айырықтардың арқасында көліктерді өткізу ағыны 15 пайызға артады деген үміт бар.

Бұған қоса, қаладағы Үлкен Алматы айналма жолына екі көше жалғанбақ. Абай көшесі қаланың шеткі аудандарына дейін созылса, Сайын көшесінің Ақын Сара көшесі мен Рысқұлов көшесінің аралығы толық жөнделеді. Бұл Үлкен Алматы айналма жолына жалғанатын болады. Құрылыс жұмыстары келер жылдың қыркүйек айына дейін жоспарланған.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»