Қауіпсіздік шаралары қамтылуда
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:13
Бүгінде елордадағы қылмыстық жағдай тұрақты қалпында тұр. Алдын-ала қолға алынған шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр, соның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық сияқты қылмыстар азайды. Жалпы, осы қылмыстардың 65 пайызын ұрлық алып отыр. Дегенмен, ол ұрлықтардың материалдық шығыны аз мөлшерді құрайды. Қазіргі уақытта астаналық полиция қызметкерлері осы қылмыстарды болдырмау мақсатында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы кеше қалалық мәслихаттың бесінші шақырылымының кезекті он бірінші сессиясында айтылды. Онда Астана қаласы ішкі істер департаментінің қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және елордамыздағы қылмысты болдырмауға қатысты профилактикалық жұмысты күшейту мәселесі қаралды.

Қалалық мәслихат сессиясының жұмысында Астана қаласында қылмыстың алдын алу және профилактикалық жұмыстардың жүргізілуін күшейту мен нығайту туралы елордалық ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров есеп берді. Оның сөзіне қарағанда, орын алған қылмыстарды жаппай тіркеуге байланысты арыздардың көптігіне қарамастан жағдай тұрақты қалыпта. Қылмыспен күрес пен оны болдырмаудың алдын-алу мақсатында жүргізілетін профилактикалық жұмыстармен қоса полиция қызметкерлерінің назарынан басқа да салалар тыс қалмауда. Сонымен қатар қалаға келуші мигранттардың саны күрт өсуіне байланысты олардың заң бұзушыларына қатысты тиісті шаралар қолданылуда.
Ішкі істер департаменті жұмысында басым бағыт қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің еншісінде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордамызда тазалық пен тыныштықты сақтау барысында көп жұмыс атқарылды. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қоғамдық қауіпсіздікке қарсы 44 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, анықталған. Ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орындарда қоқыс тастау құқық бұзушылығы бойынша 106 адам әкімшілік қамауға алынды. Тиесілі аймақта уақытында тазалау жұмыстарын жүргізбегені үшін 110 ПИК әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолға қоқыс тастағаны үшін 17,5 мыңнан астам жүргізушіге айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлерінің қабілеттілігі мен әскери дайындықтарын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысының Жарлығына сай Ішкі істер департаментінің барлық жеке құрамы кезектен тыс аттестаттаудан өткізілді. Оның қорытындысы бойынша өңірлік аттестаттау комиссиясының шешімімен 502 қызметкер атқарып отырған қызметіне сай емес деп танылды, 115 қызметкер ішкі істер қызметінен босатылды.
Өткізілген кезектен тыс аттестаттау бізге өз мамандығына адал қызмет ететін қызметкерлерді таңдап алуға жол ашты әрі қатарымызды беделімізді түсіретін қызметкерлерден тазартуға мүмкіндік берді, дейді Ішкі істер департаментінің бастығы.
Бұдан әрі ол Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеге тоқталды. Өйткені, Халықаралық EXPO – 2017 көрмесі біздің елімізде өтетін ең маңызды іс-шаралардың бірі, оған дайындық сақадай сай болуы керек. Іс-шарада Астана қаласы ІІД полиция қызметкерлерінің атқаратын жұмыстары көп, көші-қон бақылауы, келген қонақтардың және белгіленген нысандарда тиісті қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметкерлерінің міндеті.
Баяндаманы мұқият тыңдаған қатысушылар оны талқыға салып, өз ойларын білдірді. Елордалық полиция бастығы мәслихат депутаттары мен қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Олардың сұрақтарының басым көпшілігі полиция жұмысы мен қылмыстың алдын алуға қатысты болды. Өйткені, алдында ғана депутаттар ішкі істер департаменті мен басқармаларын аралап, олармен бірге түнгі рейдтерге шыққан еді. Халық қалаулылары полиция қызметкерлерінің қандай жағдайда жұмыс атқаратындығымен, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік саласында құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланылатын жаңа технологиялармен де танысты.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».