Темір торда да қылмысын жалғастырды
Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:05
Түн ортасында немесе таң алдында шырылдаған телефонның дауысы кімді болмасын, әсіресе, балалары жұмыс бабымен шалғайда жүрген ата-аналардың бойына бірден үрей туғызатыны айдай ақиқат. Өйткені, сондайда, бірден: «Балам аман ба екен?» деген ой келеді. Ал, беймезгіл уақытта соғылған телефон тұтқасындағы жігіт: «Мама, мама», деп жалынышты үнмен жалбарына тіл қатса ше?! Есінен айырылатындай күй кешкен шеше болса ұлының дауысын анықтауға да шамасы келмей, абдырап қалатындығы сөзсіз. Дәл сол сәтте бауыр еті – баласы үшін қажет болса жанын беруге де дайындардың көптігіне көз жеткізген алаяқтар сондай жандардың бірқатарын өз «тұзақтарына» түсіріп те үлгереді.

Алматы қалалық ІІД криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Сарымсақовтың айтуынша, алматылықтардың кейбірін әуре-сарсаңға салған бұл оқиға қазан айында болған.
«Жақын туысыңыз немесе ұлыңыз қазір қамауда отыр. Егер тез арада оны құтқарғыңыз келсе, шұғыл түрде мен мекен-жайын айтқан жерге екі жүз мың теңге әкеліңіз. Мен полиция капитанымын, сізге көмектесемін», деген сөзге бірден құлай сенетіндер қазір аз емес. Және де шырт ұйқыдан шошып оянған адамның бірден дұрыс, салмақты шешім қабылдай алмауы да мүмкін. Атап айтарлығы, телефон қоңырауы арқылы алаяқтық қылмысты ұйымдастырушы – темір тордың ар жағында отырған жазасын өтеуші. Оның 23 және 24 жастағы екі сыбайласы арқылы қылмыстық әрекетті жүзеге асырғаны анықталды», – дейді полиция полковнигі Қанат Сарымсақов өз ойын ортаға салып.
Алаяқтық қылмыспен айналысқан топ мүшелерінен зардап шеккендер қатары тек оңтүстік астана тұрғындарымен ғана шектелмейді. Республиканың өзге өңірлерінде де жүздеген адамның осындай қолайсыз жағдайға тап болғаны анықталған. Сала басшылары «Алматыда жарты айға жетер-жетпес уақытта осындай сипаттағы жеті қылмыс жасалғандығын және оның сомасы әр жағдайда өзгеріп, 200-ден 300, 400 мың теңгеге дейін көтерілгендігін» тілге тиек етеді. Темір тордың ар жағында отырса да қылмысын жалғастырған топ жетекшісі алдын ала алынған нақты ақпарат бойынша әрекет еткен. Тәртіп сақшылары әрбір азаматтың алаяқтар құрығына түсіп қалмауын да ескертеді. Жасыратыны жоқ, қырағылық ауадай қажет жағдайда қанға біткен аңғалдық пен аңқаулық аясында қалып қою үлкен өкінішке ұрындыруда.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.