12 Желтоқсан, 2012

Банк тонау мен банкомат бұзу Таразда түк қиындығы жоқ тірлік болып барады

688 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Банк тонау мен банкомат бұзу Таразда түк қиындығы жоқ тірлік болып барады

Сәрсенбі, 12 желтоқсан 2012 7:29

Тәртіп сақшылары 18 миллион 500 мың теңгенің ұрлануына, ең алдымен, банк директорлары кінәлі деп отыр.

Тараз қаласы қарақшыларының аты бұрын бай-бағыландарды бопсалап, ақша табумен шықса, енді олар өз «шеберліктерін» басқа бағытта сынап көрмекке бел буған сыңайлы. Бүгінде олар үшін банк тонау, банк инкассаторларына шабуыл жасау және банкоматтарды бұзып, ондағы қыруар қаржыны бір сәтте үптеп кету түк те емес.

Қарақшылардың алғашқы шабуылы қайсыбір жылдары «Темірбанктің» Тараз қалалық филиалы инкассаторларын қорқытып-үркітіп, олардан қыруар қаржыны тартып алып кетуден басталған. Осындай қорқаулардың қолынан Меркі ауданының аумағында бірнеше инкассаторлардың жазықсыздан көз жұмғаны да белгілі. Ал биыл көктемде облыс орталығындағы ақша айырбас­тау пунктінің инкассаторының ізіне түсіп, оның келіп-кететін уақытын біліп алған қарақшылар қызметкерді басынан кеспелтек темірмен ұрып, талдырып түсірген де, қолындағы 100 мың АҚШ доллары мен 8 миллион теңге салынған сөмкесін тартып алып кеткен.
Жаман әдет те жұқпалы ауру сияқты, тез тарайды. Енді, міне, аттары дардай «Халық банкі», «Евразия банкі» және «АТФ Банк» деген қаржы мекемелерінің Тараз қалалық филиалдарының директорлары сандарын соғып отыр. Нақтырақ айтсақ, №8 шағын аудандағы №2 үйге орналасқан «Цептер» фирмасының залына қойылған банкоматтарды белгісіз біреулер түн ортасында талқандап, ондағы 18 миллион 500 мың теңгені ұрлап кеткен.
Облыстық ІІД қылмыстық  по­лиция­сы бас­қармасының бөлім бастығы Әбді­қадір Назаровтың айтуынша, бір емес, бақандай 4 банкомат қойылған залда не дабыл қаққыш, не бейне-бақылау жүйелері болмаған. Ең сорақысы, тіпті, бұл жерде екі айдан бері қару асынған қарауыл да төбе көрсетпепті. Сонда бұған кінәлі кім? Әрине, ең алдымен, белгілі банктердің Тараз филиалының директорлары. Әйтпесе, мұншама қаржыны далаға лақтыра салғандай, қарауылы жоқ, бақылау жүйесі орнатылмаған жерде тұрған банкоматтарға қалай көздері қиып салып қояды.
Халқымызда: «Шығасыға иесі басшы», деген сөз бар. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», дегендері де ақиқат. Сондықтан, бұл жерде үлкен соманың қолды болуына аталмыш банк филиалдары директорларының салдыр-салақтығы себеп болған демеске лаж жоқ.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Тараз.