28 Наурыз, 2019

Алты балалы отбасы баспаналы болды

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесі қарсаңында Көкпекті ауылының тұрғыны, 11 жылдан бері пәтер жалдап жүрген Боранбаевтар әулеті бақытқа кенелді. Зухра мен оның алты баласын қуантқан, отағасы Аманғажыны жігерлендірген көкпектілік жомарт кәсіпкер мен ауылдың атқамінер жігіттері. Қазір Зухра Боранбаеваның жетінші балаға аяғы ауыр екен. 

Алты балалы отбасы баспаналы болды

Айы-күні таяп отырған ана, жаңа баспанасымен құттықтап келген бізбен ақжарма тілегін былайша бөлісті: «Ауылда туып-өстім. Тұрмысқа шыққан соң ата-анамыздан бөлек шығайық деп пәтер жалдадық. Мен Құдайдың берген балаларын бағып үйде отырдым. Отағасы Аманғажы жалғыз бас көтерер, оның табысы киім-кешек, тамақтан аспады. Ауылда тұрғын үй салынбағандықтан үй кезегі де жетпеді. Биыл да аяғым ауырлады. Жұма күні шелпек пісіріп, ас қамдап отыр едім, үйге бұрын Көкпекті ауылында әкім болған Руслан Бектасов ағай келіп: «Сізді «Елім-ай – Көкпекті» басшысы кеңсеге келсін деп жатыр» деді. Барсақ, Болат Бекбердинов аға: «Мен сіздерге үй алып бердім. Мынау кілті, мерекеңізбен құттықтаймын», деді. Менің оларға деген алғысым – аман-есен босанып, осы балаларымды нағыз азамат етіп тәрбиелеуден басталар. Қыздарымды апайдай, ұлдарымды ағайдай етіп тәрбиелеп, ел қатарына қосқым келеді».

Төрт бөлмелі үйін тап-таза етіп жинап қойыпты. Ұлдарда – Әділ, Ұлан, Әлинұр үшін бөлек бөлме, қыздар – Гүлім, Толғанай, Тоғжанға да жылы, жарық жай бар екен. Қонақ бөлмесі мен асүйі ат шаптырым. Жылы, жарық, терезеге гүл еккен ана мен баланың қуанышында шек жоқ. Сыртқы жай бөлек шаруашылық – монша, гараж, жазғы ас үй, мал қора, отын шошаласы сақадай сай. «Қайтсем отбасымды асыраймын, балаларымды жеткіземін, жарымды бақытты етем» деген Аманғажының жігеріне жігер, қайратына қайрат қосылды. Балалы үйін базар еткен ағаларына дән риза. 

Қайрат БЕСБАЙЫС,

журналист

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы