28 Наурыз, 2019

Көмірден жасалған әшекей бұйымдар Мәскеу байқауында көрсетіледі

1279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында «Үздік дизайнер» атты байқау өтіп, онда Ресей,  Өзбекстан және Қазақстаннан келген дизайнерлер өздері тіккен киім-кешектері мен қолдан жасаған әшекей заттарын қазылар алқасының талқысына ұсынды.

Көмірден жасалған әшекей бұйымдар Мәскеу байқауында көрсетіледі

– Қарағандыда Fashion индустриясын дамыту көптен бері ойымда жүрген идея еді. Бүгінде бұл саланың маңызды әрі қажет екеніне жұрттың да көзі жете бастады. Пікірлестерім мен қолдаушыларымның барлығына қуаныштымын. Ал аталған байқаудың жаңа дейгейге шыққаны – біз таңдаған жолдың дұрыстығын көрсетеді, – дейді жоба авторларының бірі Ирина Нечаева.

Байқаудағы әшекейшілер сайысында қарағандылық Ольга Целлерге тең келер ешкім болмады. Қолөнер шеберінің кеншілер қаласының ерекшелігін паш ететін топтамасында тас көмір мен табиғи гүлдер үйлесім тауып, көздің жауын алатын алуан түрлі әшекей бұйымдарына айналған. Бас жүлдеге ие болған жеңімпаз енді Мәскеу қаласында өтетін халықаралық байқауда бақ сынайтын болады.

Ольганың негізгі мамандығы экономист. Безендіру дизайнымен төрт жылдан бері айналысып келеді.

– Барлығы хоббиден басталды. Мен өзіме және құрбыларыма арналған аксессуарлар жасадым. Содан кейін шайыр үстіне табиғи гүлдерден әшекей жасау технологиясын меңгердім. Хоббиім келе-келе кәсібіме айналды. Қазір коллекциялармен жұмыс істеймін және өзімнің бірегей стилімді жасауға тырысып келемін, – дейді Ольга Целлер.

Ал «Үздік дизайнер» аталымы бойынша бас жүлде елордалық шебер Камиля Сүлейменоваға бұйырды. Жеңімпаздың киіз өңдеу ісіне заманауи леп беріп, оны жаңа қырынан таныта білген шеберлігі қазылар алқасынан жоғары баға алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысы бойынша «Шаңырақ елге ортақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырғанын және оған Nur Otan  партиясының қалалық филиалы, Еуразиялық әйелдер қауымдастығы, Қарағанды облысының жеңіл өнеркәсіп комитетінің қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ