Оңтүстік қақпаның жұмысы іркіліссіз
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:16
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаменті еліміздің кеден органдары жүйесіндегі ең ірі аумақтық бөлімдердің біріне жатады. Сонау 1989 жылы Кеңес одағы тұсында небәрі 3 адам ғана жұмыс істеген Шымкент кеден бекеті – бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде 800-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Департаментте 4 басқарма, 3 бөлім және 6 шекаралық, 5 ішкі кеден бекеті бар. Қызметкерлерге ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеден бекеттерінде барлық жағдай жасалған.
Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:16
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаменті еліміздің кеден органдары жүйесіндегі ең ірі аумақтық бөлімдердің біріне жатады. Сонау 1989 жылы Кеңес одағы тұсында небәрі 3 адам ғана жұмыс істеген Шымкент кеден бекеті – бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде 800-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Департаментте 4 басқарма, 3 бөлім және 6 шекаралық, 5 ішкі кеден бекеті бар. Қызметкерлерге ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кеден бекеттерінде барлық жағдай жасалған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру» бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кедендік рәсімдеу шараларында адами факторды азайту үшін «Электронды үкімет» тұжырымдамасы шеңберінде «Электронды кеден» жүйесі енгізілген. Кедендік ресімдерді жеңілдету, оны оңтайландыру мақсатында «Web-декларант» электрондық декларациялау кешені жұмыс жасауда. Шекаралық кеден бекеттерінде жұмыс уақыты 3 ауысымға ауыстырылып, тәулік бойы халыққа қызмет көрсетуге жағдай жасалды. Сыртқы экономикалық қатынасты жақсартып, кәсіпкерлерге тауарларын шекара арқылы мейлінше тез өткізу үшін басқару жүйесі, «күнбе-күн» кедендік ресімдеу, «бір терезе» және «бір аялдама», «қызыл» және «жасыл» дәліз» жұмыс қағидаттары енгізілген.
Департаменттің өткізу бекеттері оңтүстік бағыттағы стратегиялық маңызды деген жерлерге орналасқан. Оның бірден-бір себебі облысымызға тиесілі 958 шақырымы Кеден одағының сыртқы шекарасы болса, екіншісі – Еуропа, Ресей Федерациясы, Қырғызстан мен Өзбекстан және Қытай елдерімен байланыстырып отырған негізгі көлік магистральдарының облыс аумағында орналасуы. Оңтүстік өңірі арқылы халықаралық темір жол магистралы өтеді, сондай-ақ, «Әуежай-Шымкент» әуежайы жұмыс істеуде. Департаменттің қызмет ету аумағында, оның ішінде бір ғана Өзбекстан Республикасымен шекаралас аймақта 6 кеден бекеті орналасқан. «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Мақтаарал» («Атамекен» бақылау өткізу пункті, «Мақтаарал стансасы» бақылау өткізу пункті), «Сарыағаш стансасы», «Жібек жолы» кеден бекеті. Бұл бекеттердің барлығында кедендік рәсімдеудің оңтайландырылған тәртібі енгізілген.
Еліміздің Оңтүстіктегі қақпасы іспеттес «Жібек жолы» кеден бекетінің зәулім ғимараты салынып, оның ашылу салтанатына Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Бекетті аралап көріп, жаңа қондырғылармен танысып шыққан Елбасы оның жұмысын жоғары бағалады.
Оңтүстік аймақтарды күшейту мақсатында өңіріміздің өткізу пункттері соңғы үлгідегі заманауи бақылау-техникалық құралдармен жабдықталды. Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және әкетуге тыйым салынған заттарды анықтау үшін кеден бекетінде шекарадан өткізілетін барлық тауарлар мен көлік құралдары, қару-жарақ, есірткі заттар, жазу таспалары және жолаушылардың жол сөмкелері «РАПИСКАН» рентгенттелевизиялық құрылғысы және СКАН-жолаушы рентген аппараты арқылы тексеруден өткізіледі, сонымен қатар, кеден бекеттерінде шекарадан өтетін тұлғалардың радиациялық фонын анықтау үшін «Янтарь 2П» радиациялық бақылау жүйесі қолданылады. Кедендік бақылау барысында жолаушыларды қарауға арналған, темір іздегіш құрылғы мен иіс сезгіш қызметтік іздеу иттері қолданылады.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінің және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында республика азаматтарының әл-ауқатын көтеруді қамтамасыз етуді талап етуде қойылған тапсырмаларды орындау бойынша кеденшілер біздің еліміздің ғана емес Кеден одағы үш елінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан кеден ісі саласындағы қылмыстар және құқық бұзушылықпен күрес бойынша жұмысқа баса назар аударылады.
Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында кеден бекетінің қызметкерлері қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресті қарқынды жүзеге асыруда. 2012 жылдың өткен айында департаменттің қызметкерлері 33 қылмыстық іс қозғап, мемлекет қазынасына 55 591 678 теңге өндірілді. Тәркіленген тауарлардың жалпы соммасы 17 904 148 теңге. Департамент кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі бойынша алдыңғы орындарда. Соңғы 10 жылдағы көрсеткіштерді салыстырар болсақ, 2002 жылы бюджетке 5 млрд. 519 млн.теңге қаражат түссе, 2005 жылы 10 млрд. 475 млн.теңге түскен, ал 2012 жылдың тек қана 10 айында республика қазынасына 26 млрд. 801 млн. теңге қаражат құйылған.
Кедендік одақ оның құрамына кіретін мемлекеттер арасындағы бажсыз сауда-саттықты білдіреді. Яғни, үш мемлекет арасындағы сауда кедендік баж салығынсыз жүргізіледі, ал, басқа шетмемлекеттер үшін бірыңғай келісілген кедендік баж салығының мөлшерлемесі қолданылуда. Кеден одағына мүше елдер бір-бірімен сауда-саттық жасасқанда шекарадан кесіп өтер кезде төленетін кедендік алым-төлемдерден босатылып, қағазбастылық азаяды. Үш елдің бірыңғай рыногы бұдан да кеңейе түседі. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылығымызды арттырады деген сөз.
Ең бастысы, үш елдің арасында бәсекелестік орнайды, бұл сапаның артуына, тауар мен өнімнің қолжетімділігіне жол ашады. Ал кәсіпкерлер өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруда жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге ие болады.
Елбасының «Қазақстан Республикасының құқық қорғау орган қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялау туралы» Жарлығына Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау комитетінің номенклатурасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаменті құқық қорғау блогының 8 қызметкері кезектен тыс аттестациялаудан өтті. Департамент басшылығы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясында кезектен тыс аттестацияның кезеңін де жоғары дәрежеде тапсырды.
Кезектен тыс аттестациялау қорытындысы бойынша департаменттің 77 қызметкері атқаратын қызметіне сәйкес кадрлар резервіне енгізуге және жоғары лауазымды қызметке көтеруге лайықты деп танылды, 1 қызметкерді қызметінен төмендетуге, қызметіне лайық емес деп танылған 3 қызметкер жұмыстан босатуға және 1 қызметкерді басқа қызметке ауыстыру туралы ұсыныс жасалды. Жүктелген жауапкершілік пен қойылған міндеттерді нақты әрі дер кезінде орындауда кадрлық құрамның тәжірибесі мен кәсіби біліктілігіне баса назар аударылуда. Бүгінде білікті кадрлар дайындауда да қомақты жұмыстар атқарылды. Департамент қызметкерлеріне әлеуметтік-материалдық қамқорлық та назардан тыс қалмады.
Кеден ардагерлері Зебиниса Исманова, Анарбай Жиеновтер кеден саласының өсіп-өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Сондай-ақ 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Нұржан Теңлібаев, Махат Жарасов, Светлана Тайманова, Елена Калинина, Ольга Корнеева, Зоя Мокринская, Талғат Анарбаев, Баймұрат Әлиев, Мұрат Тұрғанбаев және Нақыпжан Беркімбаевтар кеденнің кемелді келешегі мен ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек етуде. Осы тұста айта кетсек, Нақыпжан Беркімбаевтың ұлы Тайыр Нақыпжанұлы әке жолын қуып, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында қызмет атқарған. Айбынды ұл 2009 жылдың 4 желтоқсан күні Алматы қаласында қылмыскерді ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Ерлігі үшін Елбасымыздың Жарлығымен Тайыр Шералиев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы бюджетінің кіріс бөлігін және ел экономикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқарып келе жатқан кеден органы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында тер төгуде. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің облыстың сыртқы экономикалық қарым-қатынасын жоғары деңгейге жеткізуде рөлі ерекше. Ширек ғасырға жуық уақытта қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктер – ол әрбір қызметкердің табанды еңбегінің жемісі.
Жасұлан АХМЕТОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы.