08 Желтоқсан, 2012

Козлов жалған айтып, мұнайшыларды арандатты

325 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Козлов жалған айтып, мұнайшыларды арандатты

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:07

Көпшілікке қазақстандық биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастыру үшін В.Козловтың істемегені жоқ көрінеді. Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне қарағанда, ол өкіметті күштеп басып алу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, елдің конституциялық құрылысын күштеп өзгерту секілді саяси ойын жүзеге асыру мақсатында «Алға» халықтық партиясы және «Халық майданы» қоғамдық қозғалысы ұйымдарының атын бүркемелеген экстремистік пиғыл­дағы ұйымдасқан қылмыстық топқа да басшылық етіпті. Сөйтіп, осы топ­тың мүшелері арқылы 2011 жылдың соңына дейін елдің конституциялық құ­рылысының әлеуметтік-саяси негіздеріне нұқсан келтіруге бағытталған қылмыстық іс-әрекеттерді жүргізе бастайды. Бұл аса қауіпті қадам еді.

 

Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:07

Көпшілікке қазақстандық биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастыру үшін В.Козловтың істемегені жоқ көрінеді. Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне қарағанда, ол өкіметті күштеп басып алу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, елдің конституциялық құрылысын күштеп өзгерту секілді саяси ойын жүзеге асыру мақсатында «Алға» халықтық партиясы және «Халық майданы» қоғамдық қозғалысы ұйымдарының атын бүркемелеген экстремистік пиғыл­дағы ұйымдасқан қылмыстық топқа да басшылық етіпті. Сөйтіп, осы топ­тың мүшелері арқылы 2011 жылдың соңына дейін елдің конституциялық құ­рылысының әлеуметтік-саяси негіздеріне нұқсан келтіруге бағытталған қылмыстық іс-әрекеттерді жүргізе бастайды. Бұл аса қауіпті қадам еді.

Аса қауіпті қадам болатын себебі, ел тыныштығын бұзып, мемлекетте төнкеріс жасау деген, Құдай басқа бермесін, есі бар адамның есіне алмайтын іс екені белгілі. Ал осыны көксеген Козловтың түпкі мақсаты қандай екені айтпаса да түсінікті. Демек, биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастыру мақсатында Козлов «Алға» халықтық партиясын және оның қамқорлығымен құрылған «Халық майданы» саяси құрылымның атын пайдаланып, әлеуметтік араздықты және алауыздықты қоздыруға күш салған. Ол бұл ойын жүзеге асыру мақсатында заңсыз акцияға қатысушыларды билікке қарсы пікірлер айтуға айдап салмақ ниетпен «Ардақты ағайын! Қасиетті Маңғыстау елінің күрескерлері!», «Көтер басыңды!» деген тақырыптағы үнпарақтарын пай­даланған. Бұған қоса «К+» телеарнасы, «Республика», «Взгляд», «Дат» логотиптерін пайдаланып жасалған баспа басылымдарының нұсқаларын, сондай-ақ радикалды мазмұндағы басқа да басылымдарды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері арқылы Жаңаөзен қа­ласына жеткізуді және таратуды ұйымдастырған. Бірақ бұлардың бәрін ешкім де тегін істемейтінін біліп, оларды толықтай қаржылай қамтамасыз етіп отырған. Ал оған жұмсалып жатқан қыруар қаржының қайдан келіп жатқаны белгілі еді.

Демек, В.Козловтың экстремистік пи­ғылдағы ұйымдасқан қылмыстық топ­қа басшылық еткені, жоғарыдағы дә­йектермен толық дәлелденіп отыр. Бұ­ған тағы нақты мысал, ол осы аталған ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық ете жүріп, 2011 жылдың соңына дей­ін мемлекеттің конституциялық құ­рылысының әлеуметтік-саяси негіздерін бұзу және оған нұқсан келтіруге, еңбек дауына байланысты ереуілге шыққан мұнайшыларды алдау, арбау жолымен айдап салу арқылы жағдайды одан әрі асқындыра түскен. Сонымен қатар, ол өкіметті күштеп басып алуға, үндеп шақыруға бағытталған кең көлемді насихат жұмыстарын белсенді жүргізген.

Бұдан кейін В.Козлов еңбек дауынан туындаған заңсыз наразылық ак­цияларын саясиландыруды көз­дей­ді. Бұл жағдайды ол Қазақстан Рес­публикасының конституциялық құ­ры­лысын күштеп өзгерту үшін басқа да факторлар қатарында пайдаланғысы ке­леді. Ол үшін шетелде қашып жүрген басшыларының нұсқауларын орындау мақсатында экстремистік ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері, яғни радикалды көзқарастағы адамдарды қаржылай қолдап, олардың Жаңаөзен қаласына баруын да қамтамасыз еткен. Ал радикалды көзқарастағы адамдар болса өз кезегінде В.Козловтың нұсқауымен жұмысшылар арасында қалыптасқан наразылық көзқарастарды ел басшылығының және мемлекеттік билік органдарының қызметіне жа­ғым­сыз баға беру, саяси жайға ауыстыру мақсатына пайдаланған.

Тіпті, ол бара-бара еңбек дауынан туындаған наразылық акциясына қатысушыларды «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығып, «Халық майданы» қозғалысына өтуге ашық үгіт жүргізіпті. Наразылық акциясына қатысушыларды алаңда ұзағырақ тұрғызу, болғызу мақсатында көпшілік алдында сөз сөйлейді. Онда ашық түрде өкіметті күштеп басып алуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге және елдің конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге шақырады.

В.Козловтың мұндай қылмыстық әркеттерге барғанын куәлар да растап отыр. Мәселен, А.Амирова «Алға» партиясының қызметін В.Козлов тікелей басқарып, өзі жеке қадағалап отырғанын айтады. 2011 жылдың мамыр айында В.Козлов Амироваға «Грамотная организация массовых беспорядков» атты тақырыптағы баспа өнімінің элек­трон­ды нұсқасын жібереді. Ал бұдан кейін жоғарыда айтылған «Қасиетті Маң­ғыс­тау елінің күрескерлері», «Көтер басыңды, қазақ!» деген тақырыптағы үн­парақтарды Алматыдан жолдаған және бұларды Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан мұнайшыларға тараттырған. Сонымен қатар, оған айына, тіпті, апта сайын «Взгляд», «Голос Республики», «Правда Казахстана» газеттерін де жет­кізіп отырған. Бұл газеттер мен үн­парақтарды Амирова автокөліктер жалдап, Жаңаөзен қаласында таратқан.

Сол кезде әлгі үнпарақтар мазмұны­ның астарын түсінген кейбір қала тұр­ғын­дары оған қарсы шығып, мәселен, Ж.Сақтағанова Амироваға: «Мынау біз­ді соғысқа шақырып жатыр ғой, мұны тоқ­тату керек», деген. Басқа да көптеген жұ­мысшылар әлгі үнпарақтарды оқыған соң оларды ыза кернеп, Амированы тауып алып: «Мынауың бізді соғысқа ша­қырып жатыр ғой», деп ашуланған қар­сылықтарын білдіріп балағаттап кеткен. Мұндай бассыздықты дереу тоқтату қа­жеттігін айтқан. Алайда, Козлов бір амалы әл­сіреп бара жатса, дереу басқа іс-әрекетке кө­шіп отырған. Ол бұған ақшаны да аямады.

Ал қапшық толы көк қағаздардың Козловқа қайдан келіп жатқанын жо­ға­рыда айтқанбыз. Сондықтан ол осы ақша күшімен бәрін сатып алуға бо­лады деп ойлады. Оған солай деп бас­шылары сендірді. Ол өзі отырған кең­се­нің жұмысын одан әрі жандандыру үшін дереу 10 000 АҚШ долларын бергізеді. Одан басқа «К+» телеарнасы мен «Рес­пуб­лика» газетінің журналистері үнемі біржақты ғана материалдар жариялауы үшін және жалпы, Жаңаөзенде атқарылатын ұйымдастырушылық жұмыстар үшін 4 миллион теңге, 10 000 АҚШ долларын және 4 000 еуро береді. Мәселен, Амирова осы ақшалардың барлығы өзіне В.Козлов арқылы жеткізілгенін айтады.

Иә, В.Козловтың іс-әрекетінің қандай сипатта өрбігенін бүгінде көптеген адамдар ашық айтып отыр. Олардың сөздеріне сенесің. Өйткені, ол адамдардың бә­рі В.Козловтың арбауына түсіп қал­ған, содан оның қитұрқы сөздерін өз құлақтарымен естіген. Мәселен, со­ның бірі Н.Ажигалиева В.Козловтың 2011 жылы Жаңаөзенге келгенде өзін Әбіләзовтің өкілі деп таныстырғанын айтады. Сонда ол ереуілшілердің әре­кет­терін қолдайтынын, оларға барлық кө­мек түрін беруге уәде еткен. Сол сияқ­ты бұдан бұрын да бұқаралық ақ­па­рат құралдарында жазылғандай, Т.Сақтағанов өзінің де, мұнайшылардың да В.Козлов бастаған қылмыстық топтың айтқандарына алданып қалғанын жеткізеді.

Ол өзін В.Козловтың Варшава, Брюссель қалаларына ертіп барып, Еу­ропарламент депутаттарымен кез­дес­тіріп, Жаңаөзендегі ереуіл туралы баяндаманың мәтінін жазып беріп, соны өзіне оқыттырғанын айтады. Әм­беге аян, сол кезде В.Козловтың өзі де Қазақстандағы президенттік билікке, өкіметке қарсы сөз сөйлейді. Сөйтіп, алдау, арбауға түсіп ереуілге шыққан мұнайшыларды алаңда ұзақ ұстау үшін В. Козлов оларға жағдай туғызуды қолға алады. Сосын шатырлар, ұйықтайтын қапшықтар, киімдер, т.б. жеткізеді. Ал бұған қосылған «К+», «Стан ТВ» телеарналары біржақты ғана хабарлар көрсетумен айналысады. В.Козловтың жақтастары ереуілге шыққандар алдында сөз сөйлегенде оларға нақтылы мән-жайды түсіндіре алмады. Тек олар өздерінің әрекеттері дұрыс екенін, ал биліктегілердікі бұрыс екенін жалған айтумен ғана болды. Мұның бәрі талай адамның алданып, жазықсыздардың жапа шегуіне әкеп соқтырды. Бір сөзбен айтқанда, сұмырай Әбіләзов басқарған экстремистік ұйымдасқан қылмыстық топтың В.Козлов секілді суайттарының арандатуы жақсылыққа апармады. Бүгінде мұны жұрттың бәрі жақсы біледі. Сондықтан да тыныш жатқан ел ішінде әлеуметтік алауыздық араздықты қоздырғандарға қарсы лағынет айтады.

Демек, қорытындылай келгенде айтарымыз, В. Козлов пен оның жақтастары мұнайшыларды қолдаған болып бетперде жамылып, ал шын мәнінде өздерінің саяси мүдделерін көздегендігі нақты дәлелденді. Соған орай ол жеті жарым жылға сотталды. Ал үстіміздегі жылдың 19 қарашасында Маңғыстау облыстық соты В.Козлов пен оның қорғаушыларының Ақтау қалалық сотының үкіміне берген апелляциялық арызын қарады. Қылмыстық іс пен айыпталушылардың, олардың қорғаушыларының уәждерін толық қарап, танысып шыққан соң бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ал апелляциялық арызды қанағаттандырған жоқ. Осылайша В.Козловқа, С.Сапарғалиға және А.Аминовқа қатысты үкім нақты күшіне енді.