Экономика • 29 Наурыз, 2019

Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы нығая береді

1599 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Италия осыдан 10 жыл бұрын орнатылған шынайы стратегиялық әріптестік рухындағы сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі шараларды қабылдайтын болады. Ү.ж. 27-28 наурызда Римде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Италия Парламентінің,Италия Сыртқы істер және экономикалық даму министрліктерінің басшылықтарымен өткен кездесулерінің лейтмотиві осындай болды.

Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы нығая береді

Италия экономикалық даму министрінің орынбасары Андреа Чиоффимен өткен келіссөздер шеңберінде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Р. Василенко дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап 27 жыл ішінде Қазақстан мен Италия екіжақты ынтымақтастықты дамытуда әсерлі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Италия еліміздің екінші сауда серіктесі, нәтижесінде тауар айналымы 13 млрд АҚШ долларын, 2006 жылдан бері тікелей итальяндық инвестициялардың көлемі 6 млрд АҚШ құрайды. Кездесу барысында Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетіне және Жібек жолының жаңа тұжырымдамасын іске асырудағы еліміздің негізгі рөліне ерекше назар аударылды. Тараптар іске кіріскен біріккен қазақстан-итальяндық кәсіпорындарды қолдау (қазіргі уақытта ҚР-да Италияның қатысуымен 164 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді), сондай-ақ цифрлық технологиялар, инфраструктуралық даму және агрокәсіптік кешен саласындағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу арқылы ынтымқастықты нығайтуға ұмтылысын атап өтті.

Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің Ресей Федерациясы, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азиямен ынтымақтастық департаментінің директоры Ф. Ди Микелемен әңгімелесу барысында дипломаттар ағымдағы жылы ынтымақтастықты нығайту жоспарларын, оның ішінде келе жатқан экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық жұмыс тобының 9-шы отырысын және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды талқылады. Италиялық әріптес Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының экономикалық үдерісінің күшейту жұмыстарының басталғаны жөнінде хабардар болды. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Р. Василенко сапарының екінші күні Италия Парламенті Депутаттар палатасының вице-президенті Этторе Розатомен және Депутаттар палатасының квесторы (жауапты хатшы), Қазақстан-Италия достық тобының төрағасы Эдмондо Чиреллимен кездесті. Екіжақты және көпжақты сипаттағы өзекті мәселелер бойынша тыңғылықты пікірлер алмасылды. Атап айтқанда, тараптар парламентаралық байланыстарды, соның ішінде ынтымақтастық топтарының белсенді өзара іс-қимылы және заңнамалық қызметтегі тәжірибе алмасуы арқылы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда, Министрдің орынбасары итальян заң шығарушы орган басшыларының а.ж. 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері Парламенттері Спикерлерінің 4-ші кеңесіне қатысуларына үмітін білдірді.

Өз кезегінде, италиялық заң шығарушылар Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға бере отырып, парламентаралық қатынастардың әріптестікті дамытудағы маңызды құрал болып саналатынын атап өтті. Сонымен бірге, олар италия тарапының жақын арада Қазақстан мен Еуроодақ және мүше-мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау ниетін білдірді. Кездесудің қорытындысы бойынша белсенді парламентаралық байланыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өз сапарын аяқтай келе, Р.Василенко Халықаралық ұйымдардағы итальяндық қоғамында (SIOI) «Орталық Азия және аймақтық тұрақтылық: Қазақстанның стратегиялық рөлі» тақырыбымен болашақ дипломаттар алдында лекция оқыды. Министрдің Орынбасары итальяндық студенттерді Нұр-Сұлтанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтудағы дәйекті бағытымен таныстырды, сонымен қатар еліміздің саяси өміріндегі жаңа өзгерістер аясында осы курстың жалғасып келе жатқанын атап өтті.

Іс-сапардың қорытындысы бойынша қазақстандық дипломат бірқатар итальяндық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, оның барысында екіжақты Қазақстан-Италия ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне жауап беріп, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын атап өтті. Ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасындағы жемісті саяси диалог орнатылғаны, нық шарттық-құқықтық база құрылғаны, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық дамығандығы атап өтілді.