29 Наурыз, 2019

Торғайдағы музейлер кешеніне Алаш ардақтыларының энциклопедиясы табыс етілді

1250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Енді Торғай кентіндегі музейлер кешеніне келгендер Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов пен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың энциклопедияларын көріп, таныса алады. 

Торғайдағы музейлер кешеніне Алаш ардақтыларының энциклопедиясы табыс етілді

Бұл кітаптардың шыққанына бір-екі жыл болғанымен шалғайда жатқан Жангелдин ауданына әлі жетпеген болатын. Соның жақында сәті түсті. Облысқа іссапармен келген Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілеш, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов Торғай қаласына арнайы соғып, музейлер кешеніне осы энциклоппедиялар мен Алаш ардақтылары туралы басқа да кітаптарды тапсырды.

«Музей қазір жұрт тек жәдігерлерді көріп, қызықтайтын орын ғана емес, аудандағы, жалпы Торғай өңірі төңірегіндегі колледждер мен мектеп оқушылары және  Алаш  арыстары туралы материал іздеген өзге ғалымдар мен журналистер үшін қорға да айналып келе жатыр. Жастар Алаш ардақтылары туралы материал іздегенде осы кітаптар таптырмайтын  дүниенің бірі» дейді музей кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей.

Торғайға келген қонақтар Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөлге, ұлы адамның туған үйіне соғуды да жоспарлаған екен. Бірақ көктемгі қар еруіне байланысты жолдың нашарлығынан жарты жолдан қайтуына тура келіпті.

«Ахмет Байтұрсынов туған үйді ауылдастар, Ахаң ұрпақтары асарлатып көтеріп қойған еді. Бұл бір жағынан келушілер үшін танымдық маңызы күшті, туристер тартуға да, әсіресе, ішкі туризмді дамытуға сұранып тұрған нысан екенінде дау жоқ. Алайда ауылдастар қам кесектен соққан үй, оның үстіне қысымен от жағылмаған соң, оның тозуы да тез. Әрине, келген ғалымдарды Ахаң үйінің ғылыми-танымдық жағы қатты қызықтырғаны сөзсіз. Алдағы уақытта ол жаққа жол да түзеледі, Ахаң үйі де жөнделеді деп ойлаймыз» дейді Гүлбану Сәрсекей.

Торғайға келген ғалымдар жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Торғайдың кімді де рухани байытатын тағылымды сұлу тарихынан қызықты әңгімелер айтылды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай