«Біздің міндет – мінсіз қызмет»
Жұма, 30 қараша 2012 6:55
Бүгінде Сарыағаш ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады. Халық тығыз орналасқандықтан бұл ауданның мемлекеттік мекемелерінің есігінде бір тыным болмайды. Әйтеуір өз шаруасымен шапқылап жүрген ел. Жұрт жиі-жиі бас сұғатын мекеменің бірі – әділет басқармасы. Ендеше бұл мекеме елге қалай қызмет көрсетіп жатыр, тыныс-тіршілігі қалай, қандай жаңалықтар болып жатыр? Біз мұны Сарыағаш аудандық әділет басқармасының бастығы Бегім ТАСҚҰЛОВТАН сұрадық.
Жұма, 30 қараша 2012 6:55
Бүгінде Сарыағаш ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады. Халық тығыз орналасқандықтан бұл ауданның мемлекеттік мекемелерінің есігінде бір тыным болмайды. Әйтеуір өз шаруасымен шапқылап жүрген ел. Жұрт жиі-жиі бас сұғатын мекеменің бірі – әділет басқармасы. Ендеше бұл мекеме елге қалай қызмет көрсетіп жатыр, тыныс-тіршілігі қалай, қандай жаңалықтар болып жатыр? Біз мұны Сарыағаш аудандық әділет басқармасының бастығы Бегім ТАСҚҰЛОВТАН сұрадық.
– Бегім Ибрагимұлы, әділет органдарының қалыптасуы күреске толы кеңестік дәуірде, сонау 1917 жылдан бастау алғанымен біздің тәуелсіз еліміздің әділет органдарының құрылымы басқашалау. Жалпы қазіргі әділет органының құзыреті қандай? Өз құзыретін толық пайдаланып отыр ма?
– Елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін құқықтық реформаның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қайта құру үдерісі жүргізіліп, 2002 жылдың 18 наурызында «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, әділет органдарының құзыреті мен міндеттері айқындалды.
Әділет органдары – жалпы мемлекеттік даму стратегиясын әзірлеу мен іске асыруға, заң жобасын әзірлеу, заңдарды талдау, жетілдіру, жүйелеу, нормативтік құқықтық актілерге заң сараптамасын жүргізу, заңды тұлғаларды, азаматтық хал актілерін, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, сот сараптамасы қызметін ұйымдастыру, зияткерлік меншік құқығын қорғау саласы бойынша құқықтық көмек көрсету және түсіндіруді қамтамасыз етеді, сот актілерін орындау қызметі де әділет органдарының құзыретіне берілді.
Сарыағаш ауданы әділет басқармасының тарихы 2004 жылдың қазан айынан басталады. Алғашқы жылдары азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, заңды тұлғаларды, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу және зияткерлік меншік құқығын қорғау салалары жұмыс жасады. 2005 жылдың қаңтар айынан бастап бұған азаматтарды құжаттандыру және тұрғындарды тіркеу, 2007 жылы жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді тіркеу мен діни бірлестіктермен байланыс салалары қосылды. 2011 жылы діни істермен байланыс қызметі атқарушы органдарға, ал құжаттандыру қызметі ішкі істер органдарына берілді.
Әділет басқармасында жұмыс атқарып жатқан мамандардың барлығы жоғары және арнаулы орта білімі бар заңгерлер. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, басқарма қызметкерлері аудан халқына сапалы қызмет көрсету жолында аянбай қызмет атқаруда. Аудан халқына қызмет көрсету сапасын әрдайым жақсартып, көрсеткіштері бойынша облыс аудандары арасында алдыңғы орындардан көрініп жүр. Жалпы, әділет басқармасының құзыреті сан-салалы және сол міндетін толық атқарып отыр деп ойлаймын.
– Қалай дегенмен де «әділет басқармасы» деген атаудың өзінде үлкен мән жатыр. Атқарып отырған жұмыстарыңыз аттарыңызға сай жүріп жатыр деп айта аласыз ба?
– Біздің мақсат – бар мәселені әділдікпен шешу. Айталық, биылғы жылдың он бір айында басқармаға азаматтардан 21 292 (2011 жылы 29 614) өтініш және сұраныс келіп түсті. Барлығы да әділ әрі шынайы заң аясында өз шешімін тапты.
2011 жылдың шілде айынан бастап «Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі» іске қосылып, бұл жүйеде басқарманың кіріс, шығыс құжаттары электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл жүйе азаматтардан түскен өтініштерді дер кезінде шешілуіне үлкен ықпалын тигізіп отыр.
Ағымдағы жылдың 11 айында аудандық әділет басқармасымен ауқымды іс-шаралар атқарылды. Атап айтсақ, құқықтық насихат жұмыстары бойынша халық арасында Елбасы Жолдауын насихаттау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау, зияткерлік меншік құқығын қорғау, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы, азаматтық хал актілерін тіркеу, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңдары бойынша, сонымен қатар, адам саудасына, нашақорлыққа қарсы, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мекемелерде, мектеп ұжымдарында дәрістер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, БАҚ-тарда сұхбаттар мен газеттерде мақалалар жариялау сияқты шаралар өткізілді. Аталған мерзімде 106 (2011 жылы 149) іс шара өткізіп, халықтың құқықтық деңгейі мен мәдениетін өсіруге өз үлесімізді қосып келеміз.
– Қазіргі кезде тұрғындар өтініштерін электронды түрде беруге мүмкіндігі бар. Бұл жүйе қаншалықты тиімді?
– Заманына қарай «Электронды үкімет» порталы арқылы қызмет көрсету қолға алынып, қазіргі кезде азаматтар некеге тұруға, заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу бойынша өтініштерін электронды түрде ұсынуға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта «Электронды үкімет» порталы арқылы 22 жұп электронды түрде өтініштерін білдіріп, некелері тіркелсе, 3 заңды тұлғадан электронды арыздар қабылданып тіркелді. Бұл қолжетімді тіркеу түрі арқылы 15 минутта тіркеу жүргізіліп, серіктестіктің бірінші жетекшілеріне мемлекеттік тіркеу туралы куәліктері табыс етіледі.
– Азаматтық хал актілерін тіркеу саласы бойынша жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Азаматтық хал актілерін тіркеу туралы айтсақ, 2012 жылдың он бір айында 7861 сәби дүниеге келіп әділет органдарына тіркелді. Сондай-ақ, осы мерзім ішінде 1297 азаматтың қайтыс болуы тіркелді, былтырғы жылмен салыстырғанда азаматтардың қайтыс болуы 149-ға азайған. Аталған кезеңде 2163 (2011 жылы 2208) неке қию тіркелді, былтырғы жылмен салыстырғанда 45-ке азайған. 263 (2011 жылы 237) некені бұзу тіркелді, былтырғы жылмен салыстырғанда 26 неке бұзу фактісіне көбейген. 26 (2011 жылы 55) тегін, атын, әкесінің атын өзгерту тіркелді, былтырғы жылмен салыстырғанда 29 азайған. 46 (2011 жылы 56) бала асырап алу жазбалары тіркелді. Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша жалпы сомасы 7292526,80 (2011 жылы 7241583,50) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 50943,30 теңгеге көбейді.
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласы бойынша тіркеуші органға жалған мәлімет бергені үшін, 2012 жылдың 11 айында ҚР ӘҚБК 376-бабына сәйкес 3 азаматқа қатысты әкімшілік істер қозғалып, сотта қаралып, сот қаулысымен бәріне ескерту берілді, былтырғы жылмен салыстырғанда 2011 жылы бұндай әкімшілік істер қозғалған жоқ.
– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ісі де ең ауқымды және күрделі сала болып есептеледі емес пе?…
– Иә, 2012 жылдың 9 айында азаматтардан 9037 өтініш қабылданып, қаралды. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін 10789000 теңге көлемінде мемлекеттік алым өндірілді.
2012 жылдың 11 айында жылжымайтын мүлік құқығын тіркеуде заң талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБК 354-3-бабына сәйкес 19 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 80 900 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
– Ал, соңғы жылдары ғана жұмысы өрістей бастаған авторлық құқықты қорғау, қарақшылық өнімдерді сатуға тосқауыл қоюда қандай шаралар атқарылуда?
– «Авторлық құқық және сабақтас құқықтары туралы» Заң шеңберінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің, Қаржы полициясының өзара бірлескен іс-қимылы жөнінде бұйрыққа сәйкес, елді алдап, «қарақшылық» өнім сатушыларды тізгіндеу бойынша 2012 жылдың 11 айында ҚР ӘҚБК 129-бабына сәйкес 11 азаматқа қатысты әкімшілік істер қозғалып (2011 жылы 5), сотта қаралып мемлекет пайдасына 179220 теңге мөлшерде айып-пұл өндірілді. Бұл нәтижеге аталған органдардың жұмыла жасаған іс-әрекеттерінің арқасында қол жеткіздік деуге болады.
Жоғарыда айтып кеткендей, заңды тұлғаларды тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу бойынша 2012 жылдың 11 айында 287 өтініш келіп түсті, оның ішінде 93 заңды тұлғадан мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу 100, өзгерістер мен толықтырулар тіркеу туралы 82 және таратылуына 12 өтініштер келіп түсті. Осы сала бойынша 1073947 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілді.
Бұл салада да заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Кодексінің 357-4 бабының талаптарын бұзылуы жөнінде 3 әкімшілік іс қозғалып әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалпы сомасы 90700 теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы сот қаулысы шықты.
– Бұқара халықпен байланыстарыңыз қалай? Елдің құқықтық сауатын көтере алсақ, дау да, түсінбестік жағдайлар да аз болады емес пе?
– Әділет органдарының қызметінің негізгі бағыттарының бірі бұқара арасында құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізу болып табылады. Бұл іске тек біздің қызметкерлер ғана емес, әділет басқармасы жанынан құрылған мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіру кеңесінің мүшелері де өз үлестерін қосуда.
Басқарманың «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалымен бірлесіп, осы жылы 2 рет «Әділет органдары кеңес береді» атты іс-шара өткізуі, нотариустар мен адвокаттардың қатысуымен қабылдаулар ұйымдастыруы, ауылдық округтерде, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында кездесулер өткізіп халыққа құқықтық көмектер көрсетіп, заңнамалық кеңестер беруі қызметкерлердің ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалмайтыны деп есептеймін.
Әділет органдарының алдына қойылған міндеттерді нәтижелі үйлестіруді жүзеге асыру үшін Сарыағаш ауданының ділет басқармасы жанынан үйлестіру кеңесі құрылған. Үйлестіру кеңесінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органдарының, құрылымдық бөлімшелерінің және ведомствоға қарасты ұйымдарының, олардың функционалды және өндірістік-шаруашылық қызметіне араласпай, құқықтық реформаны тәжірибелік жүзеге асыру бойынша бірлесіп іс-қимыл жасауын жақсарту мен қызмет нәтижелігін арттыру болып табылады. Сөзімнің соңында «Біздің міндет – мінсіз қызмет» деген ұстаныммен қызмет көрсете береміз дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сарыағаш ауданы.