Аймақтар • 30 Наурыз, 2019

Орал қаласында, Тасқала және Бәйтерек аудандарында су басу қаупі жоғары

1147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Орал қаласы соңғы 30 жыл болмаған қарлы қысты бастан өткерді. Қалалық коммуналдық қызмет өкілдері 4 ай бойы қар тазалаумен болды. Осы қыста 1,5 млн текшеметр қар шығарылған екен. Бұл жылдағыдан бірнеше есе көп. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев «Жайық таза қала» компаниясының қызметіне оң баға беретінін айтады.

Орал қаласында, Тасқала және Бәйтерек аудандарында су басу қаупі жоғары

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, облыстың 70 пайыздан астам бөлігі қар жамылғысынан арылды. Қазір көктемгі су тасқынының жоғары қаупі Тасқала, Бәйтерек, Қазталов аудандары және Орал қаласы аумағында сақталған.

Биылғы қыс шынымен де ерекше қарлы болды. Қардың қалың түсуіне байланысты елді мекендерге мал азығын жеткізу, сондай-ақ көлік қатынасы мәселесінде қиындық болды. Тіпті Қазталов, Жәнібек және Бөкейордасы аудандарының әкімдері жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Қыс бойы автокөлік жолдары 129 мәрте жабылып, 270-тей адам мен 900-ден аса техника қар құрсауынан құтқарылды. Облыс бойынша 30-ға жуық ғимараттың шатыры қар салмағын көтере алмай опырылып түскен. Осынша қар көктем кезінде күрт еріп, халықтың үй-жайы суға кетпей ме деген қауіп болғаны рас. Абырой болғанда, әзірге бір де бір үй қар суынан зардап шекпеген.

- Мұның бәрі күзгі-қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін үш кезеңге бөліп, нақты жоспар бекітіп, сол бойынша жүйелі жұмыс істеген арнайы қызметтердің еңбегі, - дейді Жасұлан Жұмашев.

Жоғарыда аталған Қазталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде, департаменттің шұғыл шығындарға арналған резервінен жанар-жағармай сатып алуға қаражат бөлінген. Сөйтіп, Ресей Федерациясының шекаралас аудандарынан және облыс орталығынан мұқтаж шаруашылықтарға мал азығы жеткізілді. Дереу қабылданған шаралардың арқасында мал шығынына жол берілген жоқ.

Дәл қазір облыс аумағында еріген қар суының елдімекендерді басу қаупі сейілді. Дегенмен, өңірдегі өзендердің 80%-на су жоғарыдан, Ресей Федерациясы аумағынан келеді. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ресейлік әріптестерімен тиісті ақпарат алмасып отырғанын айтады. Қараөзен мен Сарыөзен бастауындағы Ресейдің Саратов облысында орналасқан Варфоломеев су қоймасы 58%, ал Жайық өзенінің жоғарғы ағысындағы Орынбордың Ириклинский су қоймасы 78% ғана суға толы екен. Көршілер әдетте осы қоймаларын суға толтырып, артылған суды ғана төменге жібереді. Дегенмен Батыс Қазақстан облысының 20 елдімекені әлі де ықтимал су тасқыны аумағында екенін ескеріп, тиісті орындар қауіпсіздік шараларын сақтап отыр.

- Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарынан трансшекаралық өзендердің жағдайымен сол өзендердегі су қоймаларының су жіберуі бойынша күнделікті ақпарат алып отырмыз. Жайық өзенінде күтілетін ең жоғары су деңгейі Орал қаласы мен Көшім ауылы тұсында – 400-500 см (қауіпті деңгей – 850 см), Тайпақ ауылы маңында – 350-450 см (қауіпті деңгей – 850 см.) болады. Қазір Жайықта Қарауылтөбе ауылынан төменгі мұз кетті. Өзеннің мұзы бұзылып, жаппай сең жүруі сәуірдің 4-і мен 10-ы аралығына сәйкес келеді деп күтіп отырмыз, - деді ТЖ департаменті бастығы.

Жалпы, облыс аумағында 58 гидротехникалық құрылыс бар, оның 24-і – республикалық меншікте, 31-і – облыстың коммуналдық меншігіне жатады, 3 гидротехникалық құрылыс жалға берілген.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев облыс орталығын қардан тазарту ісіне қыс бойы коммуналдық мекемелерден бөлек, құрылыс компаниялары, жол жөндеу мекемелері аянбай атсалысқанын айтып, олардың бәріне алғыс айтты.

Сонымен, Батыс Қазақстан облысы енді жоғарыдан келетін өзен суларын күтіп отыр. Әрине, табиғаттың тылсым мінезін де ескермеуге болмайды. Алда жергілікті халық тосын мінезінен қауіптенетін «бесқонақ» уақыты келе жатыр. Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі су тасқыны кезінде 2443 адамдық жеке құрамы мен 707 бірлік техникасын, 51 жүзу құралын, 266 мотопомпаны сайлап отыр. 156 тонна жанар-жағармай қоры, 125 мың дана қапшық, 18 мың тонна инертті материалдар дайындалған. Қажет жағдайда аэровизуалды шолу жүргізу үшін тікұшақ қызметін пайдалануға облыс бюджетінен 14,6 млн.теңге, ғарыш мониторингін алу үшін 6,5 млн. теңге қаражат қарастырылып, келісім шарттар жасалды. Жаман айтпай жақсы жоқ, су тасқынынан халық зардап шеккен жағдайда облыс бойынша 50 эвакуациялық пункт дайын тұр. Оның 28-і Орал қаласында.

«Көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері Батыс Қазақстан облыстық су тасқынына қарсы штабтың ерекше бақылауында» дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

 

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

 

Батыс Қазақстан