Байқауды ұйымдастыруға «Ғылыми медициналық қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр.
Байқау биыл 31 тамызда аяқталады. Бұрын республика деңгейінде өтікізіліп келген шығармашылық жарыс үстіміздегі жылдан бастап халықаралық деңгейге көтерілді. Биыл байқауға қатысуға басқа елдерден де балалар шақырылып, жарыстың аясы кеңіп келеді.
Бұл бастаманың мақсаты – дені сау балалардың түрлі дерттерге шалдыққан замандастарына деген түсіністігі мен шыдамдылығын шыңдау болып табылады. Өйткені, кеміс көзқарастар науқас балалардың әлеуметтік белсенділігі мен өмірге деген құштарлығына тұсау салатыны аян.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші – Жазушылар байқауына қатысушылар «Бір күні таңертең оянып, мен өзімді ерекше болғанымды сезіндім» деген сөйлемнен басталатын шағын шығарманы (ертегі, әңгіме, новелла, өсиет әңгіме) кез келген жанрда жазып шығуы тиіс. Биыл байқауға шетелдік балалар да қатысатындықтан, олар ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде қалам тербейтін болады.
Қатысушыларға шығармаларын ана тілінде де жазуға ерік берілген. Бірақ байқаудың үш тілінің бірінде аудармасы қоса берілуі тиіс.
Екінші кезең – Суреттер байқауында бірінші кезеңде қазылар алқасы іріктеген Жазушылар байқауының үздік шығармаларына сурет салуға тапсырма беріледі. Екінші кезеңнің де барлық туындыларын кәсіби қазылар алқасы сараптайды.
Байқау қорытындысы бойынша ең үздік шығармалар мен суреттер кітап болып шығады. Кітапты сатудан түскен қаражат онкологиялық және басқа да ауыр сырқаттармен шалдыққан балаларға табысталады.
Сондай-ақ үздік деп танылған шығармалардың біріне спектакль қойылады. Бұл спектакльдегі рөльдерді мүмкіндігі шектеулі балалар ойнайды.
Байқау барысында танымал балалар жазушылары мен суретшілері шақырылып, олар Алматы қаласындағы балалар орталықтарында, ауруханаларда емделіп жатқан балаларға арт-терапия ретінде, сондай-ақ вебинар түрінде онлайн-режимінде жазу және бейнелеу өнері бойынша шеберлік дәрістерін өткізеді.
Ал 2018 жылы байқауға Sanofi, Қазақстан-Ресей медицина университеті, «Дружные ребята» газеті, «Unity» отбасылық фестивалі мен Алматы қалалық кітапханалар жүйесі демеушілік танытып, қолдау көрсеткен болатын. Ал 2019 жылы Алматы қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми-зерттеу институтының емделушілері қатысатын байқауға «Алматыкітап баспасы» демеуші болып отыр.
Алматы