Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Түмендік туристердің таңдауы - Балқаш көлі

1204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш курорттық аймағы еліміздегі туристік картаның таңдаулы ТОП-10 нысанының қатарына енеді. Жыл сайын аталған көлге келіп шомылушылар қатары артып, ол тіпті көрші Ресей мемлекетінің саяхатшыларының да қатты қызығушылығын тудырып отыр.

Түмендік туристердің таңдауы - Балқаш көлі

Қазақстан мен Ресей арасындағы XV аймақаралық ынтымақтастық  форум аясында Қарағанды және ресейлік туроператорлар ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасты.  Бұл құжат бойынша биылдан бастап Ресейдің Түмен облысының туристері Балқаш көліне келіп демалатын болады. Олар үшін әзірленген тур бағдарламасында Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының  көрікті жерлеріне экскурсия жасау және Балқаш көліне трансфер қарастырылған. Бағдарлама үйлестірушілері ресейліктерді жаңа туристік маршрутта көзделген жаймашуақ күн мен жайлы жағажай ғана емес, сонымен қатар тартымды бағалар да қызықтырады деген сенімде. Түмендіктер түсетін негізгі нысан ретінде Шұбартүбек және Тораңғылық демалыс аймақтары белгіленген.

Сондай-ақ, аталған форумда туризмді дамытудағы жаңа тәсілдер мен үрдістерді де талқыланды.  

Бүгінгі күнде туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша Балқаш көлі маңында жаңа нысандар салу, жағажайларды абаттандыру, коммуникацияларды жүргізу сынды кешенді жұмыстар қолға алынған. Биыл  ұзындығы 360 шақырымды құрайтын төрт жолақты «Қарағанды-Балқаш» автобанының құрылысын бастау да жоспарда бар.


Қайрат ӘБІЛДА,


«Egemen Qazaqstan»


Қарағанды облысы