Президент • 02 Сәуір, 2019

Шенеуніктерге қарапайымдылық жетіспейді – Президент

1216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір шенеуніктерге қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар жетпейтінін айтты.

Шенеуніктерге қарапайымдылық жетіспейді – Президент

«Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», деді Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ әкімдерді жинаған кеңесте мұны ескерткенін, халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу қажеттігін тапсырғанын атап өтті.

«Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте  байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс» деді Қ.Тоқаев.

Бұдан кейін жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білудің маңызы туралы айтып берді.

«Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет», деді Президент.