Қоғам • 02 Сәуір, 2019

Ағза алмасқанда қан тобы да алмасады

529 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аиданы көргенде еліміз­де­гі трансплантоло­гия саласын дамытуға үлес қосып жүрген маман деп ойлау қиын. Бірақ бұл шындық. Ол басқаратын Ашеля зертханасының жұмысы болмаса, отан­дық медицинадағы бір саланың өрістеуі мүмкін болмас еді.

Ағза алмасқанда  қан тобы да алмасады
Астанадағы Трансфу­зио­ло­гия ғылыми-өндіріс­тік орта­лығының Тін­дер­ді иммуно­ло­гия­лық типтеу (Ашеля) зерт­ха­на­сының меңгеру­ші­­сі Аида Тұрғам­бе­ко­ва­мен әңгімелессең, уа­қыт­тың қалай зырлағанын аңда­май да қала­сың. Себебі маман­­­дығын сүйе­тін, өз ісіне бар зейі­ні­мен, ықылас-ынтасымен беріл­­ген жан­ның әлемі қашанда тартым­ды. 


– Біздің зертхананы қысқаша - HLA зертханасы деп атайды. Ағылшын тілінен аударғанда адамның лейкоцитарлық анти­ген­дерін (Human Leucocyte Antigens) зерттеу деген мағы­на­ны білдіреді. Ең басты міндеті­міздің бірі – донор мен реципиент­­тің иммунологиялық сәй­кес­­­­тігін анықтау. Бұл паци­ент­­­тің трансплантталған орган­­­ды қабылдауына әрі қарай­ғы сапалы өмір сүруіне мүм­­кін­дік береді. Сонымен қатар қан құюды мейлінше көп қажет ететін онкоаурулар үшін біздің зерт­теулердің өмірлік мәні бар. Өйткені оларға көп қан құйыл­уы қажет, ал құйыл­ған сайын оны иммундық тұр­ғы­­да қабылдай алмайтын күйге жетеді. Сондықтан зертха­на­ның тромбоциттердің ген­дік жағынан сәйкестігін табу­да маңызы орасан зор, себебі сәйкес­тіктің анықталуы паци­ент­­­ке қан құюға жол ашады. Әрине бұл үшін зертхана­да барлық қан тапсырушы донор­лар­дың иммунологиялық лей­ко­­­цитарлық антигендерін анық­тап, арнайы базаға жинақ­та­дық, – дейді Аида. Ол әу бас­та әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің молеку­ляр­лық биология факультетін тәмамдаған екен. Бірақ арманы медицинаға жетелеп алып келіп, қан әлемін зерттеудің білімді де ізденімпаз, майталман маманына айналдырған.


Зертхана меңгерушісінің әңгі­месіне ден қойғанда назар­да­ғы маңызды қызметінің бірі – орган алмастыруды қажет ететін пациенттердің тізімін, регистрін жүргізу екенін білдік. Егер туысқандары арасынан донор табылмаған күнде мұқтаж кісілер өзінің иммунологиялық лейкоцитарлық антигендерін және қан плазмасындағы анти­дене­лерді анықтау үшін қан тапсырып, бұл мәліметтер тиесілі базаға енгізіліп, кез келген уақытта ақпараты дайын тұруы тиіс. Ал мәйіттік донор табыла қалса, күн демей, түн демей, мереке, иә басқа демей зертханадан арнайы бригада жұмысқа шығады. Мәйіттік донордың гені тағы да нақты анықталып, қай науқастың геніне сәйкестігі сарапталады. Содан соң, пациентке донор табылды деген шақырту жіберіліп, реципиент пен донордың қанының үйлесімділігін анықтайтын тест жасалады. Микроскоп арқылы қарағанда екеуінің қандары үйлесіп, жасушалар тірі қалып жатса, онда үйлесімділіктің барлығы, органға мұқтаж адамның ертеңгі күнге үмітінің оянуы деген сөз. Егер реакция нәтижесінде жасушалар өліп қалып жатса, трансплантация жасауға болмайды деген тұжырым жасалады. Бұл – органдар алмастырудағы аса маңызды тест екен.


Аиданың бізді еліктіре отырып айтқаны Санжар Асфен­дия­ров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универ­­ситетімен бірлесе атқа­рып жүрген ғылыми жобасы болды. Ол – еліміздегі барлық науқастар арасында ең жиі таралатын антигенді анықтау жұмысы. Осы арқылы диагностикалық реагент дайындалып, науқастарға диагноз қоюда қандай да бір қиын­дық туған жағдайда реагенттер арқылы анықтап беру мүм­­кін­­­дігі туады. Мәселен, пациент­те қандай ауруға алып келе­тін гендердің барлығы нақты­ла­нып, қандай дерттің түріне шал­ды­ғу ықтималдығы турасында картина жасалады. Ал мұның диагностикадағы маңызы өте зор, дейді Аида. 


Зертхана трансплантациядан кейін ағзаға органның кірігіп кетуіне, қабылдануына да мониторинг жүргізеді. Ол әсіресе жалпы жұртшылық ұғымында «аққан» аталатын лейкоз, қан обы­рын­да қолданылады. Сүйек кемігі алмастырылған соң гене­ти­калық сараптама жасалады, сол кезде пациенттің қанында донордың гені көбірек болса және бірте-бірте 100 пайыз донор қанына алмасса – сүйін­ші, аурудың жазылғаны. Бұл жерде­гі қызғылықты жайт – егер орган ауыстыруда ең бірінші қан тобының сәйкестігі маңызды болса, сүйек кемігін, дің жасушаларын алмастыруда донор мен реципиенттің қан топтары әртүрлі болса да, лейкоцитарлық гендердің үйлесімі 100 пайыз бірдей шығуы тиіс. Ең қызығы, жоғары­дағыдай донорлық дің жасушала­рының трансплантациясында ағза сүйек кемігі майын қабылдаса, пациент қаны­ның тобы түгелдей өзгеріп, донордың қанының тобын алады екен. Шынында да адам таңғаларлық құбылыс емес пе, бұрын I қан тобындағы адам трансплантациядан кейін қан тобының II иә III, IV тобын иеленіп кете барады. Дің жасушаларының трансплантациясынан соң қан тобы өзгеріп жатса, ағзаның айыққаны, пациент­тің үлкен қуанышы екен. 


Қазіргі уақытта жылына елі­міз бойынша 300-дей трансплантация жүргізілсе, соның 120-ға жуығы онко­ге­мотологиялық науқас­­тарға жасалады. Бұлар­дың барлы­ғының иммуноло­гия­лық сәйкестігі біздің зертханада атқары­ла­ды, деген Аида Ашеля зертханасында тек қазаққа тән гендердің де анықтал­ғанын айтқан, олардың саны бүгінде төртеу, екеуінің сертификаты алынып, соңғы екеуінің құжат­та­ры Еуропалық орта­лық­қа бекі­тіл­уге жіберіліпті.


Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»