Еліміз аумағында Елбасы жарлықтарының, заңдардың және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл қолданылуын, заңдылықтың бұзылуын анықтау мен күшін жою жөнінде нақты шаралар қолдануда облыстық прокуратура қызметкерлері әрдайым талап тұрғысынан көрініп келеді. Осы мақсатта облыстық прокуратураның жауапты қызметкерлерінің қатысуымен “Заңсыз салынған құрылысты бұзу бойынша сот актілерін орындаудың проблемалары” тақырыбында баспасөз брифингі өткізіліп, оған құқық қорғау, құзырлы мекеме өкілдері қатыстырылды.
Өңірде заңсыз салынған 29 үй тіркелсе, сот орындаушыларының қатысуымен оның 11-інің ғана шешімі табылған. Осы мәселелер бойынша облыстық прокуратураның басқарма бастығының міндетін атқарушы Р.Бақтаев, облыс прокурорының көмекшісі С.Өксікбаев, тағы басқа сала қызметкерлері сот шешімін дер кезінде орындаудағы кейбір заңнамадағы солқылдақ тұстарды атап айтып, жеке адамдардың заңды құрметтеуі, білуі қажеттігін алға тартты.
Баспасөз брифингінде олар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарға да жауап берді.
Алматы облысы
Күмісжан БАЙЖАН.