Аймақтар • 02 Сәуір, 2019

Ерлан Қошанов Садовое ауылындағы жағдайды бақылап қайтты

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынының қарқын алу кезеңі басталды. Кешегі күннен бастап Самарқанд су қоймасынан су жіберу көлемі секундына 610 текше метрге дейін арттырылды. Осы себепті ағынды су үш өзеннің ортасында орналасқан Садовое кентіне келіп жетті. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерлан Қошанов Садовое ауылындағы жағдайды бақылап қайтты

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Қазіргі таңда басты міндет - үйлерді су басудан сақтап, тұрғындарды қорғау үшін барлық шараларды қолдану болып табылады. 

2017 жылы Бұқар Жырау ауданында Чкалово және Садовое кенттерінің айналасында ұзындығы 2-3,5 шақырымды құрайтын қорғаныс дуалдары салынды.

- Біз бұл шаралардың оң нәтиже бергенін көріп отырмыз. Судың көп келуіне қарамастан, жағдай бақылауда ұсталып отыр. Үйлерді су басқан жоқ. Әзірге тұрғындарды көшіруге еш негіз жоқ, - деді Ерлан Қошанов. - Бүгін су тасқынының қарқынды кезеңі енді ғана басталды. Алдағы бір-екі күнде бұдан да көбірек су келуі мүмкін. Біз Самарқанд су қоймасы бойынша дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Қажет болған жағдайда су ағызу ұлғайтылады, ол үшін резерв бар. 

Садовое ауылында үздіксіз су сорғылау жұмыстары мен қорғаныс үйінділерін нығайту жалғастырылуда. Оқиға орнында облыстық су тасқынына қарсы штабтың жылжымалы пункті орналасқан. Елді мекенге азаматтық қорғаныс және жергілікті атқарушы биліктің барлық күштері жұмылдырылған.

Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев баяндағандай, Садовое ауылында алдын алу шараларын қамтамасыз етуге жеке құрамның 140 адамы, 35 бірлік арнайы техника: жүк тиегіштер, самосвалдар, жол талғамайтын көліктер, вахтовкалар, мотопомпалар және т. б. жұмылдырылған.

Кентте 40-тан астам үй бар, онда 350-ге жуық адам тұрады. Облыс аумақтарының басым бөлігінде қар еріп болды. Дегенмен Самарқанд, Шерубай-Нұра және Ынтымақ су қоймаларынан су ағызу жұмыстары ерекше бақылауда ұсталып отыр. 

ТЖД ақпараты бойынша, Осакаров, Нұра және Бұқар Жырау аудандарының өзендерінде 8 мұз жару шаралары өткізілген. Еріген қар суын бұру және елді мекендерді қорғау үшін 3700 метр қорғау үйінділері тұрғызылды және нығайтылды, 3100 метр айналма арналар құрылды, 24820 дана қаптар төселді, 57 мың текше метрден астам су сорылды, 950 тонна инертті материал пайдаланылды.