Міне, осыған орай ендігі арада біздің түгендейтін, ұлттық құндылықтарымыздың бірі ретінде ие болып бағалайтын қазынамыздың бірі де бірегейі қазақтың төбеті мен тазысы деп санаймыз.
Қазақы төбет пен қазақы жүйрік тазы құстың қанатын талдырған, аттың тұяғын алдырған кең-байтақ сақараны емін-еркін жайлаған ата-бабамыздың малын да, қотанын да күзеткен есті серіктерінің бірі болған еді. Сол қазақы төбет пен тазының керемет қасиеттерін өз көзімен көріп, тамсанып, сүйсінген ортағасырлық италиялық жиһанкез Марко Поло ХІІІ ғасырдағы көшпенділер туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында: «Тайыншадай биік денелі иттер тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік», деп жазып кеткен болатын. Зерттеуші мамандар қазақ тазысының шығу кезеңі Мысыр пирамидаларымен сәйкесетіндігін алға тартады. Ал ел аузында бір тазы аштық жылдары бір ауылды асыраған деген де әңгіме бар.
ҰҒА корреспондент-мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Аркадий Александрович Слудский 1930-жылдардың соңын ала қазақ даласында шамамен төрт мыңнан астам тазы ит болғанын жазып, қалдырған. Алайда, қазіргі уақытта қазақтың төл иттері – таза қанды төбет пен тазының азайып, бекзат тұқымы азып бара жатқаны алаңдатады. Біздегі төбет пен тазының жанашыр азаматтары Қазақстанның барлық өңіріне арнайы экспедиция шығарып, «осы төбет болар-ау» деген 600-ге жуық итті тексеріп негіздегенде, сол 600 иттің 60-сы ғана таза қанды төбет болып шыққан көрінеді.
Асыл тұқымды иттердің таза тұқымын сұрыптап, генетикалық тұрғыдан топтастырудың ғылыми-зерттеу жұмыстары да қолға алынуы керек болып тұр. Осы арада тағы да айта кетейік, 1958 жылы академик А.Слудский қырықтан астам тазыға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таза қазақы тазының нақ өзі екендігін ғылыми түрде дәлелдеп, оның стандартын белгілеп, бекітіп бергендігін ескеру қажет деп білеміз. Қазіргі күні де осы стандарт бойынша жұмыс істеуіміз керек екендігін атап өткен жөн. Солай бола тұра, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен қазақы төбеттің болмыс-бітімін екшеп, танып, анықтайтын арнайы стандарт енгізілсе де, бұл іс аяқсыз қалып бара жатыр.
Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі боларлық қазақы төбет пен тазыны стандартқа сай сұрыптап, оларды «қазақтікі» деп иемденуге селқос қарап, мән бермей отырғанымызды пайдаланып, бүгінде олардың түп иесі қазақ екендігіне күмән келтіріле бастағаны да жасырын емес. Қазақтың төбеті мен тазысын кім көрінгеннің иемденіп, оны заңдастырып алу әрекеттері, өкінішке қарай, әр елде жүріп те жатыр.
Мысалы, қазіргі уақытта Еуропа елдері мен Ресейдегі асыл тұқымды иттердің барлығы осы қазақы тазыдан таралғанына дәлелдер бар бола тұра, оны ата көршіміз – Ресей «Орта Азияның тазысы» деп құжаттандыруға әрекет жасап бағуда екен. Кешегі Кеңес өкіметі орнар тұстағы «ағы» келіп бір шапқан, «қызылы» келіп бір алған үркіншілік заманда халқымыз қара басына төнген қауіптен жан сауғалап, қолындағы малымен де, жанымен де шекара асып үдере көшті емес пе? Міне, сол тұста төбет пен тазы да мал-жанмен ілесіп, жат жұртқа бірге кеткен болатын. Көшке ере алмағандары көшкен жұртта иесіз қалды. Төбет пен тазы тұқымдары құруының және өзге елдерге, әсіресе Ресей мен Кіндік Азия елдеріне таралуының себебін де осы тұстан бағамдау керек.
Биылғы жылдың маусым айында Дүниежүзілік кинологтер ұйымы Қытайдың Шанхай қаласында иттердің бүкіләлемдік көрмесін өткізбекші екен. Егер осы көрмеге дейін тазының иесі қазақ екендігі жөнінде Қазақстан Республикасының арнайы бір құжаты болмаса, халқымыз өзінің қасиетті тазысынан айырылып қалуы әбден мүмкін деп отыр қазақы тазы мен төбет жанашырлары.
Бізге жанашыр өзге елдің кинологтері қазір Ресей асыл тұқымды иттерін сақтап, қорғау үшін арнайы заң бекітуді қолға алғанын айтып, алаңдап отыр. Ресейдің ұлттық құндылықтарының ішінде қазақ тазысы да есепте жүрген көрінеді. Егер ол заң жүзінде бекітілсе, қазақтың сан ғасырлар мақтанышы болып келген қасиетті тазысы өзге елдің асыл қазынасына айналып кетпек. Түркия мемлекеті де таяуда орталық Анадолыдағы Кангал деген жерден шыққан «Кангал» атты ит тұқымын Түркияның ұлттық мәдени құндылығы деп таныды. Осы ел үкіметі иттің аталған түрін сақтап, қорғаудың шараларын да жасады. Енді түрік итінің осы тұқымын арнайы рұқсатсыз басқа елге алып шығу тіпті де мүмкін болмайды. Ал мұндай рұқсатты тек Түркияның әскери ведомствосы ғана бере алады екен.
Осы орайда қазақы төбет пен жүйрік тазыны халқымыздың шынайы мақтанышы мен ұлттық құндылығына айналдыру үшін арнайы бағдарлама да жасалып, тазы мен төбеттің гендік қорын қалыптастыруды қолға алу кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Міне, осы дабыл қағарлық жайды ескере отырып, тез арада арнайы заң, одан кейін арнайы бағдарлама қабылдап, тазы мен төбеттің гендік қорын қалыптастыруды қолға алу қажет деп санаймыз.
Үкімет ең әуелі төбет пен тазыны қазақтың ұлттық құндылығы ретінде Халықаралық кинологтер федерациясында ресми түрде тіркелуіне ықпал етуі керек. Қазіргі уақытта тазы мен төбеттің шыққан жері Қазақстан екендігін заңдастыру үшін арнайы патент керек. Халықаралық кинологтер федерациясынан осы патентті алу үшін кем дегенде бір мың тазы мен төбеттің құжаттарын ұсыну қажет. Әзірге елімізде небәрі 300-дей ғана тазы мен төбет құжатталған екен. Сондықтан Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі қолда бар тазы мен төбетті құжаттандыру үшін арнайы жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл – кезек күттірмейтін әрі аса маңызды мәселе. Мұның еліміз үшін экономикалық және саяси мәні бар деп те санаймыз. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана Халықаралық қаржы орталығын құру және Қазақстанды халықаралық туризмге айналдыру бағытында жүргізіліп жатқан сан-салалы жұмыстардың ішінде аэропорттарда, темір жол мен автовокзалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің зор маңызы бар. Ол үшін кинолог бөлімшелерінің жұмыстарын жақсарту қажет.
2017 жылы Қаржы министрлігінің бағынысында құрылған Алматыдағы кинолог орталығы бұл саладағы мамандарды жеткілікті дайындамауда. Тіпті, дайындап шығарып жатқан кинологтердің кәсіби деңгейлері тым төмен. Өйткені бұл орталықта кинологиядан еш хабары жоқ, ішкі істер органдарының бұрынғы жедел-іздестіру қызметкерлері мен тергеушілері қызмет етеді. Кинологиялық қызметке қазақтың төбеті мен тазыларын дайындаудың орнына, қазір шетелдерден қыруар қаржы жұмсап, иісшіл иттер сатып алу кең етек алып отыр. Кейде қыруар қаржыға сатып алынған сол иттердің көпшілігі талапқа сай келе бермейтінін біз пікірлескен кинолог мамандар айтып та отыр. Ал иісшілдігі жағынан ешбір иттің тұқымынан кем түспейтін қазақтың төбеті мен тазысын пайдалануға әбден болар еді.
Бүгінде еліміздегі тазы мен төбет жанашырларының ойлары мен пікірлерін және алаңдаушылықтарын ескере отырып, ұлттық құндылықтарымыздың бірі ретінде иемденіп қалатын қазынамыздың бірі де бірегейі – қазақтың төбеті мен тазысының жайы мен жағдайына Үкімет тарапынан көңіл бөлінуі қажеттігін және бұл орайдағы барлық мәселені заң жүзінде шешу үшін тез арада «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары – тазы мен төбетті мемлекеттік қорғау және олардың генефонын таза ұстау мен жақсарту» туралы заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынуы қажеттігі жайлы депутаттық сауал жасадық.
Қазір алдымызда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту міндеті тұрған шақта, біз көтеріп отырған мәселенің де айрықша өзектілігін ескеру қажет. Әлеуметтік жағдайды ойлаумен бірге, халқымыздың ұлттық құндылықтарын түгендей отырудың да маңызы зор деп санаймыз.
Сенат депутаты