– Елбасының «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен тең» деген сөзін нақты іс жүзінде қолдана отырып, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы қыздар ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу, өзара тәжірибе алмасу басқосудың басты міндеті. Бүгінгі қыз – ертеңгі ибалы жар, сыпайы келін, қамқор ана. Жалпы, қыз баласы – ұрпақ тәрбиесі мен сабақтастығының мызғымас ұйытқысы. Осынау жолда «Қыз Жібек» клубының атқаратын өзіндік үлесі өте зор. «Қыз Жібек» клубы – аяулы аруларымыздың тәрбиелі, парасатты, жан-жақты болып өсуіне ықпалын тигізіп жүрген бірден-бір клуб десем артық айтқаным емес. Алдағы уақытта да аталмыш клуб көптеген игілікті істерге ұйытқы болады, – дейді Қыздар университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова.
Форум барысында қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында әңгіме өрбітті. Ал Жалпы педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева қазақ қызының жаңа ғасырдағы бейнесі туралы баяндап, университеттің оқу үрдісіне енгізілген «Қазақ аруы» пәні туралы баяндады. Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова «Қызым саған айтам...» тақырыбындағы бейнедәрістер сериясын таныстырды. Сондай-ақ жиында Қыздар университетінің PHD докторанты, «Қыз Жібек» клубының бұрынғы төрайымы Маржан Ақтаева ұйымның тарихына шолу жасаса, клубтың белсенді мүшесі Салтанат Серікқызы оның басты бес бағытын атап өтті.
Форумда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қыздар клубтарының мүшелері онлайн байланысқа шығып, ұлттық салт-дәстүр, қыздар тәрбиесі төңірегінде атқарып жатқан жұмыстарымен, қолға алған жобаларымен таныстырды.
Айнаш ЕСАЛИ,
АЛМАТЫ