Жалған келісім, негізсіз төленген қаржы
Бейсенбі, 2 ақпан 2012 7:25
“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомагистралі Қазақстан үшін орасан пайдасы бар ғасырлық жоба болғанымен, кейбір пысықайлардың екі жеп биге шығуына жарайтын майлы сүбе болып тұр. Талайлар жол шетіндегі итарқасын алтын кірпіштен салғандай бұлдап, битін бір төгіп қалды. Онысы жөн-ау, бірақ, жол шетінен қиыс жатса да ақшаның иісіне шыдай алмай жалған келісім-шарт түзіп, аяқ астынан олжалы болып жатқандар да бар. Облыс прокуратурасы автомагистральға қатысты жерлерді сатып алу мен бөлу заңдылығына тексеру жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде қисынға келмейтін келісімдер, қолды болған мемлекет қаржылары су бетіне қалқып шыға бастады.

Тексеру барысында «Мұнай Инвестмент групп» АҚ-тың меншігіндегі 0,10 га жер телімі автомобиль жол құрылысының үстіне түспейтін болса да негізсіз ҚР Автомобиль жолдары комитетінің ОҚО департаментімен келісім-шарт түзіліп, 12 622 000 теңге төленгені анықталған.
Сонымен қатар, тексеру барысында азамат О.Әуелбековке де «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің автомобиль жол құрылысының үстінен түспеген жер учаскесі үшін 1 172 000 теңге келісім-шарт түзіліп, өтемақы аударылып берілгені көрініп қалды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекет қаржысын қайтару мақсатында Түркістан қалалық соты мен ОҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап-арыздар берілген болатын. Түркістан қалалық сотының шешімімен қала прокуратурасының азамат О.Әуелбековтен мемлекет пайдасына 1 172 000 теңгені өндіру туралы талап-арызы толығымен қанағаттандырылды.
Ал ОҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен Түркістан қаласы прокурорының талап- арызы ішінара қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары комитетінің ОҚО департаменті мен «Мұнай Инвестмент групп» АҚ арасындағы 14.10.2009ж. №1 санды 0,10 га жер учаскесі мен жанар-жағармай құю ғимараты үшін өтемақы төлеу туралы түзілген келісім-шарт жарамсыз деп бұзылды. «Мұнай Инвестмент групп» АҚ-тан мемлекет пайдасына 12 622 000 теңге өндіріліп, талап-арыздың «Табыс-Оценка» ЖШС-нің «Мұнай Инвестмент групп» АҚ-тың меншігінде болған жанар-жағар- май құю бекетінің құнын бағалау туралы есебі жарамсыз деп танылды. Әрине, бармақ басты, көз қыстымен қыртысты сүбеден молырақ асаған “Мұнай Инвестмент групп” АҚ сот шешіміне наразы болып, апелляциялық шағым түсірген. Дегендері болмады. Облыстық соттың апелляциялық сот алқасы сот шешімін өзгеріссіз қалдырып, ол күшіне енді.
Осылайша, мемлекет қаржысын Қарынбайдың малындай көріп, оңайдан олжа таппақ болғандардың ойлағаны жүзеге аспай қалды.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.